ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
Астана
Нұр-Сұлтан
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
17.04.2021, 19:00 Сн
Арена: Велотрек «Сары-Арқа» (Нұр-Сұлтан)
74:87
Негізгі уақыт
19:15 17:28 19:20 19:24
Ойын нөмірі: RS-150
Көрермен: 0
УНИКС
Казань

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасында УНИКСті өз алаңында қабылдайды

16.04.2021, 18:00    Просмотров: 21
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының көмбесі көріне бастағанда, Қазанның УНИКС командасын өз алаңында қабылдайтын болды. Матч сенбі күні, 17 сәуірде болады. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де.

УНИКС 
– Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан. 1991 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек Еурокубок додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009-2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014 
  • FIBA Еуролига чемпионы − 2003/2004 
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/2014 
  • NEBL чемпионы − 2002/2003. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/2010, 2011/2012, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/2011, 2018/2019

УНИКС баскетбол клубы 2020/2021
 

УНИКСпен біздің команда маусым басында, дәлірек айтқанда, 3 қазан күні кездескен. Онда қазандықтар өз алаңында айқын басымдықпен жеңіске жектен. Содан бері УНИКС 19 ойын өткізді, оның 8-і Жаңа жылға дейін өтті. Маусымның бірінші жартысында бұл команда ала-құла өнер көрсетіп, өз ойындарының тең жартысында жеңіске жетті. Қазан клмандасы өз алаңында “Енисей”, “Химки”, “Калев” және “Цмоки-Минск” ұжымдарын ұтты. Бірақ ЦСКА баскетболшыларынан ұтылып қалды. Ал түзде ойындары мүлде үйлеспей қойды. Олар сырт алаңдағы үш матчта да жеңіліске ұшырады – “Локомотив-Кубань”, “Зелена Гура” және “Зенит” командаларынан. Жаңа жылдан кейін УНИКС қарқынын үдетіп, қатарынан 10 ойында жеңіске жетті. Бәрі де “Автодорды” күйрете жеңумен және “Зелена Гурамен” өткен өте тартысты ойында есе қайтарумен басталды. Содан кейін түзде, биыл бірінші рет жеңіске жетіп, «Парманы» тізе бүктірді. Бұдан соң түздегі жеңістерін одан әрі сабақтай түсіп, “Химки”, “Нижний Новгород”, “Цмоки-Минск” және “Автодор” командаларынан басым түсті. Өз алаңында қазандықтар биылғы доданың көшбасшысынан, яғни «Зениттен» есе қайтарып, маңызды жеңіске қол жеткізді. Әрі “Нижний Новгородқа” ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Ал түзде “Калевті” қиналмай ұтты. Тек бұған дейінгі соңғы ойында ғана ЦСКА жігіттері ғана УНИКСтің жеңісті шеруін үзді.

Турнир кестесіндегі жағдай:

УНИКС жиырма ойынның он бесінде жеіске жетіп, турнир кестемсінің екінші сатысына орналасқан. Яғни олар үшін плей-оффқа шығу мәселесі әлдеқашан шешіліп қойған. Әрі биылғы маусымның негізгі додасында бірінші орынға көтерілу мүмкіндігі әлі де бар. Бірақ ол үшін қазандықтарға қалған ойындарының бәрінде жеңіске жету керек. Алайда мұның өзі жеткіліксіз болып қалуы да мүмкін. Алдағы ойын олардың турнир кестесіндегі орнына ешқандай өзгеріс енгізбейді. Бірақ екінші сатыдғағы мәртебелерін нығайта түседі. Ал “Астана” үшін биылғы маусымда плей-офф додасы сағымдай бұлдырап кеткен. Алдағы ойынның нәтижесі біздің команданың да турнир кестесіндегі жағдайына ешқандай әсер етпейді. Қазір біздің жігіттер 12-орында тұр. Әрі қандай жағдай болмасын, олар енді бұдан төмен түспейді. Ал бір немесе екі саты жоғары көтерілетін мүмкіндіктері бар. Алайда ол үшін қалған ойындардың бәрінде тек жеңіске жету керек.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Грек Константинос Каймакоглу биылғы маусымда УНИКС сапында бір ғана ойын өткізіп, Жаңа жыл қарсаңында команда құрамынан кетіп қалған. Ресей ойыншысы Егор Кулешов УНИКС құрамына желтоқсан айында қосылды. Бірақ ол да бір рет қана алаңғы шығып, наурыз айында кетіп қалды. Қарашада Қазан ұжымының құрамына қайтадан Джордан Теодор келіп қосылды. Бұл – Македония азаматтығын алған америкалық қорғаушы, былтырғы маусымды УНИКС сапында өткізген. Жалпы, ол өзінің кәсіби карьерасын Түркияныңң “Анталье” командасы сапында бастаған. Содан кейін Пуэрто-Риконың “Метс де Гуайнабо” және “Хуриканес дел Атлантико” командаларында ойнаған. Бұдан соң Түркияның “Мерсин” және Францияның “Бурк” командаларының намысын қорғаған. Ал келесі маусымда Джодан Теодор немістің “Скайлайнерс Франкфурт” командасымен FIBA Europe Cup жеңімпазы атанады. Осыдан кейін “Банвит” клубымен Түркия кубогын, ал “Олимпия Милан” клубымен Италия чемпионатында топ жарған. Ал Грекияның “АЕК” командасымен FIBA Құрлықаралық кубогын жеңіп алған. Әрі осы турнирде MVP атанады. Сондай-ақ қазандықтар өз құрамдарына жас ойыншы Кирилл Аношинді де тіркеген. Бірақ ол әлі алаңға шыққан емес.

Команда көшбасшылары:

Команданың теңдессіз көшбасшылары – америкалықтар Айзея Кэнэн мен Джамар Смит. Сондай-ақ Джон Браун мен Джордан Теодор да биыл ерекше көзге түсіп жүр. Нэйт Уолтерс болса, адам қызығарлықтай статистикалық көрсеткіштерімен ерекшеленеді, бірақ оның ВТБ Бірыңғай лигасы аясында алаңға шықпағанына бір айдан асып кетті. Сонымен қатар, Окаро Уайт, Джордан Морган және Джон Холлан сынды америкалықтар да өз міндеттерін мүлтіксіз орындап жүр. Ресейлік ойыншылардан жаттықтырушылар құрамы үнемі Евгений Колесниковқа, Дмитрий Узинскийге және Георгий Жбановқа сенім артып келеді.
 


Матч сенбі күні, 17 сәуірде Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі, сонымен қатар QazSport телеарнасында 23:00-де қайталанып  көрсетіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» өз алаңында УНИКС ұландарынан ұтылып қалды

17.04.2021, 21:20    Просмотров: 14
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

Елорда «Астанасының» өз алаңында Қазанның УНИКС командасымен өткізген матчтына команданың белді мүшелерінің біразы қатыса алмады. Олардың арасында жаттықтырушылары да, ойыншылары да бар. Бәрі де денсаулықтарына байланысты бүгінгі ойыннан тыс қалды. Осындай қиын-қыстау жағдайға қарамастан, біздің команда ВТБ Бірыңғай лигасындағы көшбасшының бірімен тайталасып, намысты қолдан бермеуге тырысты.

Ойын басында, ортада лақтырылған допты Қазаннан келген қонақтар іліп әкетіп, олар бірінші шабуылдарында-ақ үш ұпайлық соққымен есеп ашты. «Астана» да қарап қалмады, бұл ағаттығымызды Эрик Бакнер түзеп, әуелі шығыршықты орта қашықтықтан дәл көздеп, іле-шала біздің команданы алға да шығарды. Бұдан кейін екі команда алма-кезек алға шығып, доп додасы қыза түсті. Біздің команда сапынан нәтижелі әрекеттерімен Джеремайя Хилл, Эрик Бакнер, Руслан Айтқали және Антон Пономарев көзге түсті. Бірінші кезеңнің аяқталуына 4 минут қалғанда Хилл екі ұпайлық соққысын дөп түсіріп, біздің команданы алға шығарды. Осыдан кейін екі команда сапында да іркіліс болып, ұпай алу мүмкін болмады. Кезеңнің аяқталуына отыз секундтан артық уақыт қалғанда Джеремайя ғана бұл іркілісті үзіп, осы онминуттықтағы соңғы ұпайларды еншіледі – 19:15. Екінші кезеңнің басында Николай Бажин қонақтардан допты тартып алып, Оярс Силиньш доға сыртынан осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. УНИКС таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ астана командасы оларға ерік бере қоймады. Ойын тізгінінен айырылып қалмауға Максим Марчук нәтижелі әрекетерімен көп үлес қосты. Алайда бұл да жеткіліксіз болып шықты, екінші кезеңнің бел ортасына қарай қонақтар суырылып алға шықты. Енді біздің команда қарсыласын қуып жетуге тырысты. Өкінішке қарай, Бакнер, Хилл және Пономарев салған доптар да таразы басын өзімізге қарай аударуға жетпеді. Матчтың бірінші жартысын қонақтар нәтижелі екі шабуылмен тәмамдап, командалар үзіліске шыққандағы есеп көңілге қонымды болмады – 36:43.

Руслан Айткали

Матчтың екінші жартысында алғашқы ұпайларды қазандықтар еншіледі. Бірақ оларға жауап ретінде Антон Пономарев үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дәл түсірді. Ол бүгін алаңға команда капитаны ретінде шыққан болатын. Бұдан кейін қонақтар көсіле сілтеді, тіпті Оярс Силиньштің үш ұпайлық дәл соққысы да оларды тежей алмады. Ал есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Николай Бажин жағдайды түзеуге өз үлесін қосып, шығыршық түбінен екі рет доп салып, есеп айырмасын алты ұпайға дейін қысқартты. Алайда қонақтар тез арада екі таңбалы есеп айырмасына қайта қол жеткізді. Келесі минуттарда Джеремайя Хилл мен Максим Марчук ерекше көзге түсті. Әуелі екеуі әдемі аллей-уп орындап, Максим Марчук өзіне берген Хиллдің пасын сәтті аяқтады. Бұл осы ойынның ең әдемі һәм әсерлі сәті болып шықты. Тіпті Лиганың осы аптадағы үздік ойын сәттері топтамасына іліксе де, таң қалмаймыз. Іле-шала Максим орта қашықтықтан да доп салды, ал Джеремайя үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді.  Сөйтіп, «–12» есеп айырмасы «–5» ұпайға дейін қысқарды. Ал қазандық жаттықтырушылар дереу тайм-аут алды. Кезең соңына дейін Хилл мен Марчук тағы бір аллей-уп ұйымдастырды. Бұл сондай тамаша болып шықпағанымен, ең бастысы, өте тиімді болды. Осылай, “Астана” соңғы кезең алдында еңсе тіктей түскендей болды – 55:63. Төртінші кезеңнің басы «Астана» үшін аса сәтті болмады. Ал Қазан командасының басымдығы қайтадан 10 ұпайдан асып түсті. Әйтсе де, біздің жігіттер тайталасып бақты.  Команда қоржынына Хилл мен Майдекин ұпай қосты, ал есеп айырмасы қайтадан 8 ұпайға дейін қысқарды. Бірақ шешуші сәтте біздің команда қонақтардың серпілісіне төтеп бере алмай, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда 15 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Соңғы кезеңнің бел ортасынан кейін Оярс Силиньш пен Джеремайя Хилл қпай қорымызды белсенді түрде молайтып отырды. Алайда бұл есеп айырмасына көп өзгеріс енгізе алмады. Сөйтіп, бұл матч «Астана» үшін көңіл көншірліктей есеппен аяқталмады – 74:87.

Салдары: УНИКС Лиганың негізгі додасындағы турнир кестесінде екінші орынға мейілінше жайғасты, ал “Астана” 12-орында қалды.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Джеремайя Хиллдің бүгін аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізерліктей уақыты болды, өйткені ол ешкіммен ауыспай, 40 минутты бастан-аяқ ойнап шықты, әрі осы матчтағы ең нәтижелі ойыншы болды да – 21 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 6 пас және 2 рет допты тартып әкетті. Максим Марчук екі рет Хиллдің пастарынан кейін аллей-уп орындап, 11 ұпай жинады және 2 рет допты тартып әкетті. Антон Пономарев бүгін команда капитаны мәртебесінде өнер көрсетіп, 10 ұпай еншіледі және 4 рет доп қағып алды. Ал Эрик Бакнер бүгін алаңда он минуттан да аз ойнады, әйтсе де 8 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Оярс Силиньш те 8 ұпай жинады, әрі 7 рет доп қағып алып, 2 пас берді және 2 рет допты тартып әкетті. Ал Руслан Айтқали 9 ұпай олжалады.
  • УНИКС – қонақтар сапында үздік шыққандар: Окару Уайт (12 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 2 пас) және Павел Сергеев (14 ұпай, 3 пас, 2 рет допты тартып әкетті).
 


«Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы — Сашо Тодоровски:
– Өте азулы және қарымды командамен өткен ойында мүмкіндігіміз болды. Ал мен келесі ойынға дейін жаттықтырушылар құрамы толықтай қатарға қосылады деп үміттенемін. УНИКС командасын бүгінгі жеңісімен және Еурокубоктағы табысты өнерімен құттықтаймын.

УНИКСтің бас бапкері — Димитрис Прифтис:
– Бұл өте маңызды ойын болды, әсіресе Еурокубоктағы табысты ойын өрнегімізден кейін. Себебі, бізге өз эмоцияларымызды басып,сабамызға түсіп, бүгінгі ойынға құрметпен қарау керек еді. Оның үстіне «Астана» қиындыққа тап болып, бүгін жаттықтырушылар құрамы мен бірнеше ойыншысы болған жоқ. Жалпы, біз бүгін жаман ойнаған жоқпыз, бірінші кезеңді есепке алмағанда. Бірақ бірте-бірте ойын өрнегімізді түзеп, әсіресе шабуылда ширақ қимылдап, жеңіске жеттік. Бізге енді ВТБ лигасында үш ойын өткізу керек, әрі олардың бәрінде жеңіске жетуге тырысамыз.
 


Келесі матч: Енді астана командасына бұған дейін екі рет кейінге шегерілген, Польшаның «Зелена Гура» командасымен өз алаңындағы ойынын өткізу керек болады. Бүл матч енді 22 сәуірге жоспарланып отыр.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1991 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Казань Сайт: www.unics.ru

Сипаттамасы

УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан, 1991 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009−2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014
  • FIBA Евролига чемпионы − 2003/2004
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/14 
  • NEBL чемпионы − 2002/2003
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/10, 2011/12, 2015/16 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/11, 2018/2019

Команданың жалпы суреті

УНИКС