ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Астана
Нұр-Сұлтан
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
07.12.2019, 15:00 Сн
Арена: Велотрек «Сары-Арқа» (Нұр-Сұлтан)
79:84
Негізгі уақыт
24:19 17:25 23:28 15:12
Ойын нөмірі: RS-57
Көрермен: 0
Нижний Новгород
Нижний Новгород

«Астананың» ВТБ лигасындағы биылғы жылғы соңғы қонағы – «Нижний Новгород»

02.12.2019, 13:00    Просмотров: 25
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
7 желтоқсан күні «Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасындағы, 2019 жылғы соңғы ойынын өткізеді. Елорда командасы бұл матчта Ресейдің «Нижний Новгород» клубын қабылдайды.
 

«Нижний Новгород» — Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан, 2000 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек FIBA Чемпиондар лигасында және Ресей кубогы додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионындағы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011, 2018, 2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/14
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/14

Ресей клубын үшінші маусым қатарынан Зоран Лукич жаттықтырып жүр. Бірақ серб маманының Нижний Новгород командасымен бұрыннан байланысы бар. Зоранның ойыншы ретіндегі карьерасы сондай көрнекті бола қоймай, ол оны тым ерте аяқтап, бапкерлікке ден қояды. Небәрі 23 жасында Сербияның «Беопетроль» командасын жаттықтырады. Одан кейін «Атлас» командасында тәжірибе жинайды. Осымен өз еліндегі бапркерлік қызметін тәмамдап, Сербиядан тыс жерлерде еңбек жолын жатғастырады. Лукич әуелі Үндістанға жол тартады. Онда осы елдің Ұлттық құрамасының жаттықтырушылары құрамына кіреді. 2006 жылы алғаш рет Ресейге келіп, U-16 құрамасының жаттықтырушысы болады. Әрі ЦСКА құрылымында жастар командасын қоса баптайды. 2008 жылы Нижний Новгород қаласына ойысып, жергілікті клубтың тізгінін қолына алады. Әрі 6 маусым қатарынан осы команданы басқарады. Осы уақыт аралығында аталмыш команданы Ресей чемпионатының Жоғарғы дивизионына шығарып, “Б” Суперлигасында топ жарады. Сонымен қатар, Ресей кубогының, ВТБ Бірыңғай лигасының және Ресей чемпионатының күміс жүлдегерлері атанады. 2013/2014 маусымынан кейін – «Нижний Новгородтың» ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең табысты маусымынан соң, ол команданы тастап кетіп, Түркияға барып, «Банвит» командасын жаттықтыруды қолға алады. Алайда Түркияда жолы бола қоймай, бір маусымды соңына да жеткізбей, командадан кетіп қалады. 2017 жылдың наурыз айында Зоран Лукич Нижний Новгородқа қайтып келеді. Бірақ спорт директоры ретінде, ал келесі маусымнан бастап жаттықтырушылар штабын басқарады. Әрі күні бүгінге дейін осы лауазымды қызметті атқарып келеді.



«НН» командасында ойнайтын шетелдік ойыншылардың бәрі былтырғы дода аяқталған соң, маусым аралығында командадан кетіп қалған. Олардың арасында негізгі көшбасшылары, яғни америкалық Кендрик Перри мен црнагоралық Владимир Драгичевич те бар болатын. Сондай-ақ команда құрамынан Иэн Хаммер, Родерик Одом және швед Кристофер Черапович те кеткен. Ұжымнан кеткен Ресей ойыншыларының ішіндегі орны толмасы Дмитрий Узинский еді. Ол УНИКС командасына ауысты. Жалпы, нижнийлықтар сапынан кеткен өзге ресейлік ойыншылар: тәжірибелі Максим Григорьев – ПАРМА клубына ойысты, өрімдей жас Тимофей Герасимов – қазір «Локомотив-Кубань» сапында ойнайды және Сергей Торопов – биылғы маусымда «Спартак-Приморье» командасының намысын қорғап жүр. Әйтсе де, Зоран Лукич өткен маусымдағы құрамнан бес ресейлік ойыншыны алып қалды, әрі бәрі де бастапқы бестікте және негізгі құрамда жиі ойнаған жігіттер – қорғаушылар Артем Комолов, Георгий Жбанов, Иван Стребков және Евгений Бабурин, сондай-ақ шабуылшы Антон Астапкович.

Нижний Новгород командасының құрамына биылғы маусымда 4 америкалық ойыншы қосылды. Чавон Льюис – бұған дейін ВТБ Бірыңғай лигасында ойнаған баскетболшы, былтырғы маусымда «Калев» клубының көшбасшысы болған. Рас, Чавон Нижний Новгородта ұзақ болған жоқ, бес ойыннан кейін Красноярскінің «Енисей» клубына ауысып кетті. Қазіргі Зоран Лукичтің жаттықтырушылар штабы сенім артатын үш легионердің бәрі де – ВТБ Бірыңғай лигасына биыл ғана қосылғандар. Тәжірибелі қорғаушы Брэндон Браун өзінің кәсіби мансабын Австралияда бастаған, содан кейін Бразилияға ойысқан. Еуропа командасына 2015 жылы ауысып, Кипр және Польша командалары сапында ойнап үлгерген, ал былтырғы маусымда «Балкан» командасымен Болгария чемпионы болған. Орталық шептегі Алек Браун карьерасын сәтсіз бастап, «Финикс Санз» командасы сапында маусым аралығындағы бірінші ойында ауыр жарақат алып қалады. Әйтсе де, ота да, ем-домы да сәтімен өтіп, «Бейкерсфилд Джем» командасы сапында, яғни «Санз» клубының фарм-командасы құрамында ойнай бастайды. Әрі ҰБҚ Жетілу лигасында өнер көрсетеді. Келесі маусымда Испанияға кетіп қалады, бірақ бір жылдан кейін ҰБҚ Жетілу лигасына оралып, Чикагоның фарм-командасы «Уинди Сити Буллз» сапында бақ сынайды. Сол жылы ол FIBAАмерика чемпионатының жеңімпазы атанады. Содан кейін қайтадан Испанияға кетіп, соңғы екі маусымды сонда өткізеді. Жас шабуылшы Даррал Уиллис бұған дейін бір маусым ғана кәсіби деңгейде ойнаған. Дәлірек айтқанда, былиырғы маусымда Кипрдің «Керавнос» командасы сапында чемпион болып, Кипр кубогының жеңімпазы атанған.

Команда сапына қосылған ресейлік ойыншылар ішіндегі ең тәжірибелілері – шабуылшы Павел Антипов және орталық шептегі Александр Винник. Павел өз карьерасын Самарада бастаған, әрі «Спартак» (Санкт-Петербур), УНИКС, «Зенит» және «Локомотив-Кубань» клубтары сапында ойнап үлгерген, сонымен қатар, 2010/2011 маусымын «НН» құрамында өткізген. Антипов өз карьерасында екі мәрте ВТБ Бірыңғай лигасының және Ресей чемпионатының күміс жүлдегері атанған, Ресей кубогында екі рет екінші орынға ие болған және екі мәрте бас бәйгеге қол жеткізген. Сондай-ақ, оның екі рет ЕуроКубок финалына шыққанын да айта кетуіміз керек. Александр Винник бұған дейінгі 7 маусымды «Парма» сапында өткізген. Екі рет Ресей кубогының жеңімпазы атанған. Жас шабуылшы Александр Ганькевич өз карьерасының бәрін ЦСКА құрылымында өткізген. Рас, бірнеше маусымда ол «Урал», «Спартак-Приморье» және «Темп-СУМЗ-УГМК» командаларына жалға берілген. Ганькевич – ВТБ Бірыңғай жастар лигасының екі дүркін чемпионы. Сонымен қатар, команда сапына 18 жастағы екі ойыншы қосылды: шабуылшылар Александр Чадов пен Илья Сорокин.

Нижний Новгород

Команда көшбасшылары: шакбуылшы Даррал Уиллис – нижнийлықтар сапындағы ең тиімді және нәтижелі ойыншы. Сондай-ақ, Чавон Льюисті де бөле-жара атап өтуге болады, ол командадан кетіп қалғанша, «НН» клубы көшбасшыларының бірі болған. Брэндон Браун негізгі ойын үйлестіруші міндетін атқарады. Ал шабуылшы Антон Астапкович сегіз ойынның бәрінде де бастапқы бестікте ойнады. Орталық шептегі Алек Браун да бастапқы бестікте 100 пайыз ойнап жүрген үздіктерінің бірі, бірақ соңғы екі ойында алаңға мүлде шықан жоқ. Сонымен қатар, бастапқы бестікке аракідік Евгений Бабурин, Иван Стребков сынды қорғаушылар мен шабуылшы Александр Ганькевич те ілігіп жүр.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» дәл қазір үйдегі үш жеңісімен және түздегі төрт жеңілісімен турнир кестесінің 8-сатысында тұр. Эмиль Райковичтің командасы түзде әлі жеңіске жетіп көрген жоқ, бірақ өз алаңында әлі ұтылған емес. «Нижний Новгород» маусымды өз алаңында «Парманы» әзер ұтып бастаған және өз жанкүйерлері алдында «Калев» клубына есе жіберіп алған болатын. Бұдан кейін «НН» Петерборда «Зенитті» ұтып кетіп, көпшілікті таң қалдырды. Өз алаңында «Цмоки-Минск» командасын тізе бүктірді. Содан соң төрт рет ұтылды. Түзде УНИКС және өз алаңында «Стелмет Зелена Гура» командаларымен тайталасып, тек матч соңында есе жіберіп алса, түзде ЦСКА және өз жерінде «Химки» клубтарынан ойсырай ұтылып қалды. Сөйтіп, «Нижний Новгород» үш жеңісімен және бес жеңілісімен 10-шы орында тұр.

Кездесулер тарихы: «Астана» өз тарихында нижнийлық командамен 15 рет кездесті. Бірінші матч 2011/2012 маусымында өтіп, Нижний Новгородтағы матчта «Астана» жеңіске жетті. Дәл сол жылы астана төрінде біздің алдағы қарсыласымыз есе қайтарып кетті. Бұдан кейін екі команда бір жылдан астам уақыттан кейін ғана кездесті. Нақтырақ айтқанда, 2013 жылғы Нестеров кубогында жолықты. Бұл – әзірше ВТБ Бірыңғай лигасынан тыс жалқы ойын. Онда әрі біздің жігіттер басым түскен болатын. Сол маусымдағы ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі маусымында екі команданың жолдары түйіспеген-ді, алайда 1/8 финалында дәл осы «НН» «Астананы» сан соқтырып кеткен. Содан бергі бес маусымда екі ұжым 10 рет додаға түсті. Өкінішке қарай, «Астана» соның біреуінде ғана, яғни 2017/2018 маусымындағы бір ойында жеңіске жетті. Жалпы, екеуара 15 кездесудің 12 матчында «Нижний Новгород» жеңіске жетіп, тек 3 ойында «Астана» басым түсті.

Қызықты деректер:
  • Дәл осы «Нижний Новгород» клубымен өткен матчта, «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасында түздегі алғашқы жеңісіне қол жеткізген.
  • «Нижний Новгород» сапында бесінші маусым ойнап жүрген Иван Стребков деген ойыншы – Қазақстанның көпшіліке танымал жаттықтырушысы Виталий Стребковтың ұлы. Үлкен Стребков атақ-даңқы жағынан Қазақстандағы әйгілі бапкер, ол «Астана Жолбарыстары» («Тигры Астаны») командасын құрылған кезінен бастап жаттықтырып, 6 рет ел чемпионы болған. Одан кейін бес жыл біздің командада еңбек етіп, сол жылдары Қазақстан құрамасын қоса жаттықтырған. Ал соңғы бірнеше маусымда әйелдер арасындағы «Астана Тайгерс» командасымен Қазақстан чемпионатында үстемдік құрып келеді.
 

Матч сенбі күні, яғни 7 желтоқсанда күндері Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сондай-ақ QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

«Нижний Новгород» клубына қарсы өтетін матчта сүйікті командамызға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі плакаттар бәйгесіне қатысу және біздің бойтұмарымыз Сэмми мен клуб серіктесі – «Easy Bounce» баскетбол дүкені жүлделерін ұтып алу мүмкіндігін қалт жібермеңіздер. Бәйгеге қатысу шарттары Instagram желісіндегі біздің парақшамызда жарияланған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 2000 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Ресей Арена: СС «Нагорный»
Қала: Нижний Новгород Сайт: www.nn-basket.ru

Сипаттамасы

«Нижний Новгород» – ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан, 2000 жылы құрылған.

Жетістіктер:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011, 2018, 2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/2014
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014

Команданың жалпы суреті

Нижний Новгород