ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Калев
Таллинн
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
25.11.2019, 23:00 Дс
Арена: Kalev Sports Hall (Таллин)
84:76
Негізгі уақыт
15:19 25:17 31:17 13:23
Ойын нөмірі: RS-48
Көрермен: 750
Астана
Астана

«Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі аялдамасы – Таллинн

22.11.2019, 08:00    Просмотров: 641
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
 «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында екінші рет қатарынан түзде ойнайды. Елорда командасының бұл жолғы қарсыласы – Эстонияның «Калев» клубы. «Астана» осы ойында да түздегі алғашқы жеңісіне қол жеткізуге тырысатын болады.

«Калев» – Эстонияның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Таллинн қаласынан. 1944 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • КСРО чемпионы − 1991.
  • Эстония чемпионы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016-2019
  • Эстония чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония кубогының жеңімпазы − 2005-2008, 2016-2017

Маусым аралығында Эстония командасы бас бапкерін ауыстырып, Литва маманы Дональдас Кайристің орнына латыш Робертс Штельмахерсті тағайындады. Штельмахерс баскетболдағы мансабын ойыншы ретінде сонау 1990 жылы бастаған. Әрі өз карьерасында ЕуроКубок жеңімпазы атанып, екі рет Балтық лигасы және үш мәрте Латвия чемпионы болған. Сондай-ақ Польша, Словения және Литва чемпиондары болып, Польша СуперКубогының, Түркия Президенті кубогының, Словения кубогының және екі рет Словения СуперКубогының жеңімпазы атанған. Робертс бапкерлік мансабын 2009 жылы Литваның «Перлас» командасынан бастаған. Одан кейін «Литувос Ритас» клубы мен Латвия құрамасында бас жаттықтырушының көмекшісі болды. Содан бері Литваның «Пено Жвайгждес», Латвияның «Валмиера» және Польшаның «Чарни Слупск» клубтарында бас бапкер болып үлгерді. Бірақ Штельмахерс бәрінен де ұзақ уақыт, яғни 5 маусым бойы, Латвияның «Вентспилс» клубын жаттықтырды. Осы ұжыммен Балтық лигасының чемпионы болып, екі рет Латвия чемпионатында топ жарды. Ал былтырғы маусымда Латвия-Эстония баскетбол лигасын жеңіп алды. «Калев» клубымен бөлек, қазір ол – Латвия құрамасының да бас бапкері.



Маусым аралығында командадан барлық шетелдік легионерлері кетіп қалды. Олардың арасында команда көшбасшылары америкалықтар да бар – Арнетт Моултри, биылғы маусымда «Парма» клубында ойнайды; Чавон Льюис, «Нижний Новгород» клубына ауысты; сондай-ақ серб Бранко Миркович, биылғы маусмымда «Цмоки-Минск» ұжымына қайтып барды. Сонымен қатар, америкалықтар Реджи Линч пен Тони Ротен де кетті, ал белорус Максим Салаш «Цмоки-Минск» клубына ойысты. «Калев» сапында қазір жергілікті үш ойыншы да жоқ: Танел Сокк, Мадис Соодла, Эрик Кеедус – бірақ бұл үшеуі негізгі құрамда ойнамайтын. Осылайша, маусым аралығында таллиндіктер небәрі төрт ойыншысын ғана сақтап қалды, әрі бәрі де эстондар: Танел Курбас, Кристиан Кангур, Мартин Дорбек және Кристиан Китсинг. Айтқандай, бұлар негізгі құрам бестігінде ара-кідік ойнап жүргендер еді.

Сөйтіп, команда биылғы маусымда адам танымастай болып өзгерді. «Калев» сапына үш америкалық ойыншы келді. Әрі бәрі де – бұған дейін ВТБ Бірыңғай лигасында ойнамаған баскетболшылар. Қорғаушы Кайл Виналес осыған дейін Пуэрто-Рикода, Тунисте (2015 жылғы чемпион) және Кипрде өнер көрсеткен. Шабуылшы Кэлвин Годфри Ливанда, Украинада, Чехияда және Түркияда ойнаған. Шабуылшы Джонатан Холтон Ливан мен Аргентинада бақ сынаған. Сонымен қатар, командаға латыш қорғаушысы Айгарс Шкеле қосылды, ол 2014/2015 маусымында ВТБ Бірыңғай лигасында ойнап, ВЭФ клубының намысын қорғаған, сондай-ақ «Баронс», «Юрмала» және «Вентспилс» секілді Латвияның бірнеше командасында ойнаған. Соңғысымен Латвия чемпионы болған. «Калевке» Айгарс Францияның «Антиб Шаркс» деген командасынан келді. Таллиндіктер сапындағы тағы екі легионерді бөле-жара атап өтуге болады – америкалық Антино Джексон, бірақ онымен екеуара келісімшарт маусым басталмай жатып-ақ бұзылды және ағылшын Райан Ричардс, бұл жігіт екі ойын ойнап, командадан кетіп қалды. Эстондардан команда сапына Янари Йоэсаар қайтып келді, ол былтыр «Калев» сапында өнер көрсеткен, бірақ маусым аяғына дейін ойнаған жоқ болатын. Стен Сокк та Таллин клубына оралды, ол бір жыл Грекияның «Ираклис» клубында бақ сынаған еді. «Астананың» алдағы қарсыласының ростерінде тағы екі жас, жаңа ойыншы бар – Сандер Райесте және Мартин Паасойа.



Команда көшбасшылары: жеті ойын өткізген «Калев» сапында қазір америкалық қорғаушы Кайл Виналестің шоғы биік, ол алаңда бәрінен көп уақыт ойнайды, бәрінен көп ұпай жинайды және бәрінен де көп пас береді. Сондай-ақ латыш Айгарс Шкеле қазір команда құрамындағы ең тиімді ойыншы болып есептеледі. Эстон шабуылшылары Кристиан Кангур мен Кристиан Китсинг барлық ойында да негізгі құрамда алаңға шығып, 20 минуттан артық уақыт ойнап жүр. Сонымен қатар, эстон қорғаушылары Стэн Сокк пен Мартин Дорбек және шабуылшысы Янари Йоэсаар де әр ойында 20 минуттай ойнап келеді. Америкалықтар Джонатан Холтон мен Кэлвин Годфри әзірше жарқырап көзге түсе қойған жоқ – Джонатан соңғы екі ойында алаңға шықты, ал Кэлвин тек соңғы ойынға қатысты.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» өз алаңындағы өте күрделі, бірақ жеңісті үш ойыннан кейін түзде «Автодорға» есе жіберіп алды. Қазір жеңісі мен жеңілісі – 50%. Эмиль Райковичтің командасы турнир кестесінде 8-орынды иеленіп тұр. «Калев» жеті ойын өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті. Бұл жерде эстондардың «Нижний Новгород» клубын түзде жеңіп кеткендерін бөле-жара атап өту керек. Әрі өз алаңында УНИКС және «Зенит» клубтарын тізе бүктірді. Бірақ «Калев» түзде өткізген соңғы үш ойында ұтылып қалды. Енді өз жанкүйерлері алдында сол сәтсіздіктерінің есесін қайтарғысы келеді. Дәл қазір Эстония командасы «Астанадан» бір саты ғана төмен тұр.
 
Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Калев» өзара 14 рет кездескен және бәрі де ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткен. Бірінші ойын 2011/2012 жылдар маусымында өтіп, онда «Астана» екі рет жеңіске жеткен болатын. Бұдан кейінгі 4 маусымда екі команда 6 рет қана кездесті. Өйткені, 2013/2014 жылдар маусымында олар екі бөлек топта болып, жолдары түйіспеді. Осы 6 ойынның бәрінде де біздің жігіттер басымдық танытты. 2016/2017 жылдар маусымында «Калев» екі рет «Астанадан» басым түсті. Ал соңғы екі маусымда әр команда өз алаңында жеңіске жетті. Сөйтіп, «Астана» 14 ойында 10 рет жеңіп, 4 мәрте ұтылып қалды.​

Қызықты деректер:
  • Былтырғы маусымда «Астана» «Калевті» өз алаңында 27 ұпай айырмасымен ойсырата жеңді, бірақ Эстонияда 28 ұпай айырмасымен есе жіберіп алды.
  • Соңғы үш маусымда «Астана» бұл қарсыласын түзде ұта алмай келеді.
 

Матч дүйсенбі күні, яғни 25 қарашада Таллиндегі «Kalev Sports Hall» аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 23:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1920 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Эстония Арена: Kalev Sports Hall
Қала: Таллинн Сайт: www.bckalev.ee

Сипаттамасы

«Калев» – Эстонияның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Таллинн қаласынан, 1920 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Эстония Чемпионатында бақ сынайды.
    
Жетістіктері:
  • КСРО чемпионы − 1991
  • Эстония Чемпионатының жеңімпазы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016-2019, 2021
  • Эстония Чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония Кубогының жеңімпазы − 2005-2008, 2016, 2017, 2020

Команданың жалпы суреті

Калев