ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Астана
Нұр-Сұлтан
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
04.11.2019, 19:30 Дс
Арена: Велотрек «Сары-Арқа» (Нұр-Сұлтан)
109:108
Овер тайм
26:22 31:17 15:32 24:25 13:12
Ойын нөмірі: RS-31
Көрермен: 1410
Зенит (СПБ)
Санкт-Петербург

Қарашаның бірінші дүйсенбісінде «Астана» өз алаңында «Зенитті» қабылдайды

31.10.2019, 13:00    Просмотров: 51
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуінде Петербордың «Зенит» клубымен додаға түседі. Бұл ойын 4 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.  
 

«Зенит» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан. 2014 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018 
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Петерборлықтар бас бапкерін былтырғы маусымның ортасында ауыстырған. Ресейлік Василий Карасевті Испания маманы Жоан Плазаға алмастырған болатын. Ал ол өз карьерасында «Реал» Мадрид және «Жальгирис» клубтарының бас бапкері болған. Осы командаларымен екі рет Еурокубок жеңімпазы атанып, Испания және Литва чемпиондары атағына да қол жеткізген. Жоан Плаза «Зениттің» бапкерлері штабын биыл басқарады. Егер «Зениттің» 2018/2019 және 2019/2020 жылдар маусымдарындағы құрамдарын салыстырар болсақ, онда өзгеріс өте көп. Маусым аралығында тек 5 ойыншы ғана Санкт-Петербург командасымен келісімшартарын ұзартты. Ал олардың бәрінде де Ресей төлқұжаты бар. Үшеуі негізгі құрамда ойнап, алғашқы бестікке жиі іліккендер – Антон Пушков, Владислав Трушкин және Евгений Воронов. Қалған екеуі жастар – Сергей Балашов және Константин Шевчук. Петерборлықтар сапынан кеткендердің ішінен орны ойсырап қалған ойыншы ретінде былтырғы маусымда команда көшбасшыларының бірі болған, америкалық Джален Рейнольдсты атауға болады. Онымен бірге командадан барлық легионерлері кетіп қалды: америкалықтар Коди Миллер-Макинтайр, Джеррод Ютофф және Шон Арманд, израильдік Галь Мекель, серб Марко Симонович және канадалық Филип Скрабб. Ресейліктерден командамен келісімшарттарын ұзартпағандар Сергей Карасев, Андрей Десятников және Евгений Валиев болды.

Бірақ жылы орын бос тұрмайды ғой, қазір команда сапында бірнеше жаңа ойыншы бар. Солардың бірі – мексикалық тәжірибелі баскетболшы, орталық шеп ойыншысы Густаво Айон. Ол команда құрамына тез бейімделіп кетіп, ұжым көшбасшыларының біріне айналды. ҰБҚ-да үш маусым ойнап, «Хорнетс», «Мэджик», «Бакс» және «Хокс» командаларының намысын қорғаған. Ал соңғы 5 м аусымды «Реал» Мадрид командасы сапында өткізген. Густаво Еуролиганың екі дүркін чемпионы, Құрлықаралық кубок иегері және Испания мен Мексика чемпионаттарын екі реттен алтынмен апталған. Биылғы маусымда «Зенит» өз құрамына бес америкалық ойыншы тіркеді. Бірақ олардың ешқайсысы да ҰБҚ-да ойнамаған, тек жазғы лигаларда өнер көрсеткен. Негізінен, Еуропа чемпионаттарының көрігін қыздырған. Хорватия және Германия чемпионы, қорғаушы Алекс Ренфро бүкіл Еуропаны аралап шығып, Италияда, Хорватияда, Германияда, Түркияда және Испанияда ойнаған. Сондай-ақ ВТБ Бірыңғай лигасымен де жақсы таныс, 2009/2010 маусымында ВЭФ, ал 2013/2014 маусымында «Енисей» сапында ойқастаған. Шабуылшы Уилл Томас карьерасын Бельгияда бастаған, онда маусымның MVP ойыншысы да болған. Одан кейін тағдыр оған Грузия, Түркия және Италия елдерінен дәм татырды. Бірақ соңғы жылдары Испанияның «Валенсиясының» құрамында ойнап, осы командамен Еуропа кубогының жеңімпазы және финалдың MVP ойыншысы атанды. Сондай-ақ Испания чемпионы да болды. Шабуылшы Тим Абромайтис Франция мен Түркияда ойнады. Ал соңғы командасымен, яғни Испанияның «Тенерифе» клубымен Құрлықаралық кубок иегері және FIBA Чемпиондары лигасының жеңімпазы атанды. Онымен бірге «Тенерифеден» орталық шептегі Колтон Айверсон да келді. Ол бұған дейін Түркияда және Израилде шеберлігін шыңдаған. Қорғаушы Остин Холлинс – америкалықтардың ішіндегі ең жасы. Ол Франция, Финляндия және Германия чемпионаттарында тәжірибе жинақтаған. Петерборлықтардың еуропалық легионерлері контингенті екі ойыншыдан құралған: француз Эндрю Альбиси – Еуропа-2011 додасының күміс жүлдегері, 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері және Құрлықаралық кубок иегері, Бельгияның екі дүркін чемпионы; сондай-ақ Польша чемпионы – поляк Матеуш Понитка. Ол «Зенитке» «Локомотив» сапынан ауысып келді. Сондай-ақ петерборлықтардың сапына ресейлік, тәжірибелі үш ойыншы қосылды: УНИКС құрамынан Еуропа чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері – қорғаушы Антон Понкрашов, «Химкиден» Олимпиада ойындарының тағы бір қола жүлдегері – қорғаушы Дмитрий Хвостов және «Локо» сапынан – шабуылшы Андрей Зубков.
 
Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Зенит» өзара 10 рет кездескен, әрі бәрі де ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткен. Елорда командасы петерборлықтарды үш рет жеңді, сары-көкшіл жейделілер мұның соңғысына былтырғы маусымның басында қол жеткізген болатын. Ал соңғы, Санкт-Петербургте өткен екеуара матчта, «Зенит» тек овертаймда жеңіске жетті.
 

Турнир кестесіндегі жағдай: «Зенит» биылғы маусымды Польшаның «Зелена Гура» командасын ойсырата ұтып бастады, одан кейін ЦСКА баскетболшыларынан да басым түсті. Бірақ осыдан кейін 3 рет ұтылып қалды: «Нижний Новгород», «Калев» және «Локомотив» клубтарынан. «Зенит» қазір ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде сегізінші орынды иемденіп тұр. Ал «Астана» бір жеңіс, екі жеңілісімен бір саты төмен орналасқан.
 
Қызықты деректер:
  • Соңғы екі маусымда «Астана» Петербордың «Зенитін» өз алаңындағы екі ойында да тізе бүктірді.

Матч дүйсенбі күні, яғни 4 қарашада Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, Беларустің «Цмоки Минск» клубымен өз алаңында, өтетін келесі ойынына да билеттер сатыла бастады. Бұл матч сенбі күні, 9 қарашада өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астананың» ВТБ лигасындағы екінші жеңісі – Нұр-Сұлтанда «Зенитті» тізе бүктірді

05.11.2019, 10:00    Просмотров: 50
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында Петербордың «Зенитімен» өткен матч-триллерде жанкештілік танытып, дегбірді алған овертаймда жеңіске жетті.

Астана командасы өз жанкүйерлерін матч басталмай тұрып-ақ қуантты. Атап айтқанда, өз бойтұмары – аңызға айналған Самұрық құсын ресми түрде таныстырды. Достар және клуб жанкүйерлері үшін Сэм немесе Сэмми екенін де жариялады.

Талисман баскетбольного клуба Астана — птица Самрук

Матч допты қонақтарымыздың іліп әкетуімен басталды. Бірақ біздің жігіттер допты олардан тартып алып, матчтағы алғашқы ұпайлар «Астананың» еншісіне жазылды. Керемет серпіліс 7:0 – петерборлықтар мұндайды күткен жоқ, әрине. Десек те, ұмытпауымыз керек, «Зенит» – Еуролига деңгейіндегі команда, әрі Жоан Пласаның шәкірттері ойын тізгінін алаң иелеріне бергілері келген де жоқ. Оның үстіне соңғы үш ойында олардың жолдары болмаған еді. Бірінші кезеңнің аяғына дейін табан тірескен дүлей дода дамылдаған жоқ. Әйтсе де, «Астана» біршама тиімді әрекет етті. Рас, олар осылай алда тұрғанымен, бірде тіпті 8 ұпай айырмасымен ұзай түскенімен, бірінші 10 минуттықты +4 көрсеткішімен ғана тәмамдады. Екінші кезеңде де елорда баскетболшылары қарқындарын бәсеңдеткен жоқ, тіпті үдете түсті. Ресейдің солтүстік астанасынан келген команда шамасының жеткенінше, тойтарыс беруге тырысты. Бірақ біздің баскетболшылар шектен тыс қайсарлық танытып, өздерінің ойын өрнектерін жүзеге асырып, он бес минуттық үзіліске дейін 20 ұпайдай есеп айырмасымен қара үзіп кетті – 57:39.

Мұндай алшақтық бір жағынан көңілге сенімділік ұялатса, екінші жағынан «әрі қарай қалай болар екен» деген ой да мазалай бастады. Сөйтіп, «Зенит» секілді азулы командамен өтіп жатқан матчтың бірінші жартысында +18 ұпай айырмасымен алға озу осындай екі түрлі әсерде қалдырды. Өйткені, бәріне де түсінікті еді, олар бұған көндікпейді, әрі тығырықтан шығу үшін аянып қалмайды. Үшінші кезеңнің басында екі команда нәтижелі шабуылдарымен алмасты. Ал осыдан кейін «Зениттің» екінші тынысы ашылды. Енді қазақстандықтар қонақтарына тойтарыс беруге тырысып, осы есеп айырмасын сақтап қалуға тырысты. Алайда олардың барлық талпыныстарын петерборлықтардың айбынды шабуылдарының толқыны басып кетіп отырды. Үшінші кезеңнің қорытындысы біздің команда үшін көңіл толарлықтай болған жоқ: –17 бір кезеңде, біршама алға ұзап кеткен басымдықтан жұқана да қалмауға айналды. Осылай, ойын қайта қызып, соңғы кезеңде алаңның әрбір сантиметрінде және ойын уақытының әрбір секундында табан тірескен дүлей дода қайта жалғасын тапты. Қонақтарымыз бар күш-жігерлерін салып, қанша тырысса да, біздің команданы қуып жете алмады. Бірақ қол созым жерде айылдарын жимай, тайталасумен болды. Ақыры олар таразы басын теңестіріп те тынды. Ойын аяқталғанын білдіретін дабылмен қабаттаса орындалған, адам сенгізіз үш ұпайлық соққылары шығыршыққа дөп түсті. «Зенит» есепті теңестірді – 96:96. Ал бұл төртінші кезеңде ештеңе шешілген жоқ, командаларға ойын алаңында кем дегенде әлі 5 минут додаға түсу керек екендігін білдіреді.

Баскетбол ойнағандар және осы спорт түрінжақсы түсінетіндер біледі, матчтың басынан аяғына дейін алда тұрып, соңында қарсыласының есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп алса, қосымша уақытта психологиялық басымдық пен шабыт сол қарсыласына көшеді. Енді тек еңсе тіктеп, күш-жігерді дұрыс қолдану керек. Эмиль Райкович – осындай қиын-қыстау сәтте ойыншыларын жігерлендіре білетін, олардың намысын жана алатын ерекше бапкер. «Астана» ойыншылары овертаймға көздерінен от шашып шықты. Қосымша уақыт шектен тыс шиеленісті өтті, деудің өзі жеткіліксіз. Екі команда да жеңісті уыстарынан шығарып алмауға тырысты, әрі овертайм барысында екеуі алма-кезек алға шығып отырды. Бәрі де соңғы секундтарда шешілді. Айзея Уайтхед адам сенгісіз үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсіріп, «Астананы» бір ұпай айырмасымен алға шығарды. Қонақтардың шабуыл жасауларына 5 секунд уақыт қалған, әрі ойындағы кез-келген соққымен жеңісті өңгеріп кетуге болатын еді. «Зенит» кезекті тайм-ауттан соң тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Бірақ бәрі де біз үшін сәтті аяқталып, осы триллер-блокбастерде «Астана» жеңіске жетті – 109:108.

Бұл матчты баскетбол жанкүйерлері ұзақ уақыт еске алатын болады. Нұрсұлтандағы триллер адам сенгісіз сценарийде өтіп, шектен тыс шиеленісті додамен аяқталды. Қаншалықты тартысты болғанымен, бұл ойында «Астана» 2 ұпай еншіледі. Соның арқасында, елорда клубы турнир кестесінде екі саты жоғары өрлеп, 9-орыннан 7-орынға ойысты. Бүгінгі қарсыласымыз «Зенитпен» орын алмасып, УНИКС клубының да алдын орап кетті. 
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – Душан Ристич бүгін қайтқан допты қағып алатын орташа көрсеткішін төмендетіп алса да, ойын барысында 5 рет қана орындаса да, команда қоржынына ұпай салуда құйындай орап соғып, 30 ұпай еншіледі – 82% соққы ойын барысында, бәрі де алаңда өткізген 42 минут ішінде. Джеремайя Хилл бүгін алыстан доп лақтыруда көсіле сілтеді – 25 ұпай, 8 пасжәне 4 рет допты тартып әкетті. Айзея Уайтхед (20 ұпай + 4 пас) жәнеМалкольм Хилл (15 ұпай + 6 пас) екеуі де бүгін нәтижелі ойын өрнегін көрсетті.
  • «Зенит» – қонақтар сапында Густаво Айон ерекше көзге түсті: 17 ұпай, 13 рет доп қағып алды және 4 пас. Остин Холлинс бәрінен де көп ұпай жинады – 22, ал Дмитрий Хвостовтың үш ұпайлық соққылары аракідік біздің ойыншылар мен жанкүйерлердің жүйкелеріне тиді.

Рекордтар: «Астана» мен «Зенит» нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, биылғы маусымдағы рекордтарын жаңартты, екеуара 217 ұпай еншіледі. «Астананың» 109 ұпайы – команда тарихында ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы екінші көрсеткіші. Қазақстан командасының ең үздік нәтижесі – 118 ұпай, 2015/2016 жылдар маусымында Грузияның «Вита» командасымен болған матчта еншілеген.  

Үздік ойыншы: сөз жоқ, дастан боларлық мұндай жеңістің ерекше көзге түскен үздіктері болуы керек, мұндай атаққа Душан Ристич те, Джеремая Хилл де, тіпті бар күш-жігерлерін салған «Астананың» барлық ойыншылары да лайық. Десек те, бөле-жара атап өтуге лайығы – Айзея Уайтхед, ол бүгін жеңісті уысынан шығарып алған ойыншыдан, матч қаһарманына айнала білді. Дәл осы ойыншы негізгі уақыттың соңғы секундтарында екі айып соққысын мүлтіксіз орындағанда, матч жеңімпазы ертерек белгілі болар еді. Бірақ ол бір соққысын шығыршыққа түсіре алмай, мүлт кетті. Ал «Зенит» ойынның аяқталуына үш секунд қалғанда жылдам шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестірді. Ойын овертаймға ұласты. Бұл кімнің болмасын, сағын сындырар сәт еді, бірақ Айзеяның емес. Овертайм соңында ол алыстан доп лақтыруға бел байлап, егер мүлт кетсе, бәріне де өзі кінәлі болатындығын біле отыра, батыл шешім қабылдады. Бірақ ол оны сәтті орындап, «Астананы» алға шығарды. Ал соңғы секундта Айзея қонақтардың екі ұпайлық соққы орындауларына бөгет жасап, өз командасының жеңіске жетуіне тағы да баға жетпес үлес қосты. Әрине, «Астананың» жаңа қаһарманы – команда бойтұмары Сэмми де атап өтпек мүмкін емес. Оның пайда болуы және қолдау көрсетуі бүгінгі дастан боларлықтай жеңіске қол жеткізуге өз үлесін қосты.
 

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Екі команданы да осындай дүлей додамен құттықтаймын. «Зенит» ойынды баяулау қарқында бастады. Өйткені, бұл аптада Еуролигада бірнеше ойын өткізді. Біз осыны матчтың бірінші жартысында пайдаланып, екі таңбалы сан айырмасымен алға оздық. Үзілістен кейін «Зенит» қарқынын үдетті, әсіресе, қорғаныста сауатты ойнады. Әрі ойынды овертаймға созды. Біздің «+3» айырмасында өз жоспарымыз болған, ойын ережесін қасақана бұзуды көксегенбіз. Бірақ оны жүзеге асыра алмадық. Овертаймда біздің жігіттер жанкештілік танытып, өте маңызды жеңіске қол жеткіздік.

«Зенит» клубының бас бапкері Жоан Пласа:
— Жанкүйерлер айызы қанып көретіндей ойын болды. Екі команда да матчтың бірінші және екінші жартысында екі түрлі ойын өрнегін көрсетті. Бізге ойын өрнегімізді ұштай білу қажет… Ол рас, біз бір аптада үш ойын өткіздік. Бірақ біздің ойынымызда ауытқу көп. Біз матчтың бірінші жартысында «–20» ұпайға жуық есеп айырмасымен ұтылуға, екіншісінде таразы басын теңестіруге талпынуға тиісті емес едік. Біз бір-бірімізді, турнирді және оның деңгейі қаншалықты жоғары екендігін түсіну үстіндеміз. Бұл ойынымызға осындай азын-аулақ септіктерін тигізіп отыр. Бізге осының бәрінен арылуды үйрену керек. Бізде ойынға деген дайындық пен құлшыныс бар, жанкештілігіміз де – қалыпта. Тек осындай қысқа мерзім ішінде көп ойын өткізетін кезеңдерде, бәрі де болуы мүмкін, соған дайын болуымыз керек.
      
Келесі матч: «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы қонақтарын қабылдауды одан әрі жалғастырады. 9 қараша, сенбі күні елорда баскетболшылары өз алаңымызда Беларустің «Цмоки Минск» баскетбол клубымен кездеседі. Матч «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Билеттер Ticketon.kz  сайтында сатылымға шығып та қойған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 2014 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Сибур Арена»
Қала: Санкт-Петербург Сайт: basket.fc-zenit.ru

Сипаттамасы

«Зенит» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2016-2018
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команданың жалпы суреті

Зенит (СПБ)