ВТБ Бірыңғай лигасы 2018/2019
Автодор
Саратов
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
02.02.2019, 19:00 Сн
Арена: СС «Кристалл» (Саратов)
64:88
Негізгі уақыт
14:19 20:14 14:31 16:24
Ойын нөмірі: RS-103
Көрермен: 2241
Астана
Астана

«Астана» Саратовқа сапар шегеді

29.01.2019, 08:00    Просмотров: 730
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Шыңғыс Түсіпбаев
2 ақпан, сенбі күні, «Астана» Президенттік баскетбол клубы Ресейде Саратов қаласының «Автодор» баскетбол клубымен кездесіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізеді.

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
  • Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
  • А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
  • Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
  • Суперлига чемпионы – 2013/2014
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013
Өте тартысты ойын болатыны, айтпаса да түсінікті. Өйткені, саратовтықтардың есе қайтаруға тырысатындары анық. Естеріңізге сала кетейік, жаңа жыл қарсаңында екі команда Астанада кездескен болатын. Шектен тыс шиеленісті өткен матчтың қосымша уақытында ғана біздің баскетболшыларымыз қонақтарын тықсырып, басымдық танытқан. Әрі сол ойында екі ұжым 200 ұпайды жуықтаған. Есеп – 100:83 (14:20, 20:25, 22:17, 22:16, 22:5).



Матч сенбі күні, 2 ақпанда, Саратов қаласындағы «Кристалл» спорт сарайында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 19:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» «Автодорды» Саратовта сан соқтырды

02.02.2019, 22:00    Просмотров: 955
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» түзде Ресейдің «Автодор» клубын тізе бүктірді – 88:64 (19:14, 14:20, 31:14, 24:16). 

«Автодор» (6-8) және «Астана» (8-6) плей-оффқа шығу үшін жанталасып жүрген ұжымдар болатын. Үздік сегіздікке орналасқан екі команда үшін бұл өте маңызды ойын еді. Матчтың бірінші жартысы тең дәрежеде өтті. Ойынның екінші ширек бөлігінің басында Қазақстан клубы Кеннет Хортонның жанкештілігінің және қорғаныста мұқият әрекет етулерінің арқасында екі таңбалы сан айырмасымен алға шыққан (27:17). Алайда саратовтықтарға ойынды қайта жандандыруға бір минут қана қажет болды. Осы уақыт ішінде Перрин Бьюфорд 7 ұпай еншіледі (24:27). Үлкен үзіліске дейін волгалықтар Трэ Голден мен Дэвид Кравиштің дәл түсірген доптарының арқасында алға да шықты (34:33).

«Астана» шығыршық ауыстырғаннан кейін көсіле сілтеді – 7:0 (5 ұпай Хортонның еншісінде). «Автодор» Кравиш пен Борис Савовичтің дөп түсірген доптарымен жауап қатты. Бірақ қонақтар екпіндерін үдете түсті. Қазақстан чемпионы матчтың бірінші жартысында доға сыртынан лақтырған 15 доптарының 3-еуін ғана дәл түсірсе, үшінші кезеңде мұндай мүмкіндіктерді мүлт жіберген жоқ. Джей Джей О’Брайен мен Рустам Ерғалидың алыстан лақтырған доптары айқын басымдықпен алға шығуларына ғана ықпал еткен жоқ (серпіліс – 20:4, 53:38), сонымен қатар қарсыласының сағын сындырғандай әсер етті. Саратовтықтар өздеріндегі доптан айырылып қалып, білгендерінен жаңыла бастады. Үшінші кезеңнен кейін Қазақ елі клубы 64:48 есебімен қара үзіп кетті. Ал соңғы кезеңде өздеріне сенімді болып, жеңісті уыстарынан шығарған жоқ.   


Сөйтіп, «Астана» биылғы маусымда «Автодорды» екінші рет ойсырата жеңді (Қазақстанда – 100:83). Әрі саратовтықтардың бас бапкері қызметіне қайта оралып, Лигадаға алғашқы ойынын өткізген Евгений Пашутинді жабырқатты.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Автодор»: Перрин Бьюфорд (16 + 6 рет допты қағып алды), Борис Савович (16), Дэвид Кравиш (10 + 12 рет допты қағып алды). 
  • «Астана»: Кеннет Хортон (20 + 7 рет допты қағып алды + 4 рет допты «қиып» әкетті), Энтони Клеммонс (18), Джеффри Гросселл (12 + 7 рет допты қағып алды). 

Цифр: «+19» – «Астананың» екінші мүмкіндіктен доп салған басымдығының айырмасы (25:6). Қазақстан клубы шығыршықтан қайтқан допты аңдып (45-32), оны үнемі кәдеге жаратып отырды.

Үздік ойыншы: Кеннет Хортон. Шабуылшы алаңның екі шетінде де өз командасына пайда келтіріп отырды және «Астанаға» үшінші кезеңді жоғары қарқында бастауға көмектесті. Ал бұл ойынның ең маңызды сәті болды. Хортонның еншісінде – 20 ұпай, сондай-ақ 7 рет допты қағып алып, 4 рет допты «қиып» әкетті.

«Автодор» клубының бас бапкері Евгений Пашутин:
— Ойынның оңайға түспесін білдік. Биылғы маусымда «Астана» қарымды, ойыны үйлескен команда екенін көрсетіп жүр. Уақытымыз сонша көп болған жоқ, сонда да осы матчқа жауапкершілікпен дайындалдық. Қонақтардың құрамында сұрмергендер көп екенін де білдік, олардың бәрі де алаң периметрінен жоғары пайызбен шабуылдай алады. Сонымен қатар, «Астана» өзінің алғы шептегі ойыншыларын ұтымды пайдалана біледі. Олардың шабуылдарын тоқтатуды жоспарладық. Матчтың бірінші жартысында мұнымыз іске асты. Біздің қоржынымызға 33 ұпай салынды. Ал үшінші кезеңде – бақандай 31. Дәл осы біздің бүгінгі жеңілісіміздің басты себебі болды. Үлкен үзілістен кейін мүлдем дайын болмай шықтық. Бірден қателесіп, 10 ұпай «алдық». Жаңа бас бапкер келген соң, шабуылдағы жігіттерге басқа ойын жүйесіне бейімделіп кету қиындау болып жатыр. Ол түсінікті. Ал қорғаныста алғашқы 20 минуттағыдай сақ болуымыз қажет еді. Қарсыласымызға допты оңайшылықпен салуға мүмкіндік бермеуіміз керек болатын. «Астана» екі таңбалы сан айырмасымен алға шықты да, өздеріне деген сенімділіктері арта түсті. Біз болсақ, керісінше, допты қалай болса, солай лақтыруға көштік. Ойынды үйлестірушілер доптан жиі айырылып қалып отырды. Мұның бәрі біздің шығыршығымызға оңайшылықпен доп салуға ұласты. Оның үстіне өз шығыршығымыздың түбінде таза ұтылдық, қонақтарға 16 рет допты қағып алуға және «екінші мүмкіншіліктен» бес есе көп ұпай еншілеуге мүмкіндік беріп қойдық.   

      
«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
—  Бұл біз үшін өте маңызды матч еді. Өйткені, алаң иелері турнир кестесіндегі жақын көршіміз және плей-оффқа шығу додасындағы басты бәсекелесіміз болатын. Біз бұл ойынға асқан жауапкершілікпен дайындалдық. Әрі аса тартысты ойын болатынын сездік. Іс жүзінде солай болып шықты да. Қорытынды есеп нақты күш-жігеріміздің қатынасын білдірмейді. Үшінші кезеңнің басында суырылып алға шығудың сәті түскенде, «Автодор» ойыншылары біршама абдырып қалды. Сондықтан ұпай айырмасы ұлғая берді. Ойыншыларыма ризамын. Олардың қорғаныста қалай ойнағандары да, шабуылда қалай қимылдағандары да көңілімнен шықты. Әсіресе, үшінші 10-минуттықта. Енді осы маңызды жеңісімізді өзімізге деген сенімділік ретінде негізге ала отырып, жетіле түсуді жалғастыра беруіміз қажет.

 
Елорда командасы келесі ойындарын түзде өткізеді. Астаналықтар 5 және 6 ақпан күндері Атырауға қонаққа барып, жергілікті «Атырау Барыстары» баскетбол клубымен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түседі.

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. 12 ақпан күні елорда баскетболшылары елорда төрінде лиганың жаңа командасын, яғни Польшаның «Зелена Гура» баскетбол клубын қабылдайды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1960 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Ресей Арена: СС «Кристалл»
Қала: Саратов Сайт: avtodor.ru

Сипаттамасы

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан, 1960 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
  • Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
  • А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
  • Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
  • Суперлига чемпионы – 2013/2014
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013