ВТБ Бірыңғай лигасы 2018/2019
Локомотив Кубань
Краснодар
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
09.12.2018, 19:00 Жс
Арена: Баскет Холл (Краснодар)
71:90
Негізгі уақыт
22:19 20:17 14:22 15:32
Ойын нөмірі: RS-58
Көрермен: 3376
Астана
Астана

Астана баскетболшылары Краснодарда додаға түседі

08.12.2018, 08:00    Просмотров: 10
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Ертең, 9 желтоқсан күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін Ресейде өткізіп, Краснодар қаласының «Локомотив-Кубань» баскетбол клубымен додаға түседі.

«Локомотив-Кубань» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015

Өткен кездесулер хроникасы: Краснодар қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында «Локо» ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанып (2012/2013), сонымен қатар 2014/2015 жылдар маусымында қола жүлдеге ие болды. «Астанамен» өткізген екеуара кездесулеріне тоқталар болсақ, екі команда 9 рет кездесті. Оның тек біреуінде ғана «Астана» краснодарлықтардан басым түсті. Атап айтқанда, 2014/2015 жылдар маусымындағы өз алаңында өткен матчта «Локомотив» клубын 81:70 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ былтырғы маусымдағы түзде өткен матчты да бөле-жара атап өтуге болады. Онда Михаил Карпенконың шәкірттері краснодарлықтардан бір ғана ұпай айырмасымен ұтылып (78:79), қызыл-жасыл жейделілерді қара терге түсіріп, жүйкелерін әбден жұқартқан болатын.

Қазіргі жағдай: Соңғы екі маусымда команданы көпшілікке танымал серб маманы Саша Обрадович жаттықтырған болатын. Ал биыл бапкерлер құрамын оның жерлесі Владе Йованович басқарып отыр.
Команда сапы мүлдем өзгерген жоқ десек те болады. Тіпті «Локо» сапына әскери клубтың бұрынғы ойыншысы, баскетболдан Ресей құрамасы көшбасшыларының бірі Виталий Фридзон қосылды.

Турнир кестесі: ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде екі команда бір-бірінің өкшесін басып келеді. Краснодарлықтар 5 жеңіс, 3 жеңіліспен 5-інші орынды иемденіп тұр. Ал «Астана» баскетболшылары олардан бір саты төмен орналасқан, еншілерінде – 4 жеңіс, 3 жеңіліс.

Матч 9 желтоқсан күні Краснодардағы ««Баскет-Холл» аренасында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 19:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде және «QazSport» телеарнасы эфирінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» Еуролиганың қола жүлдегерін жеңді

10.12.2018, 08:00    Просмотров: 102
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Краснодарда «Астана» баскетбол клубы мен «Локомотив-Кубань» командасы арасында ВТБ Бірыңғай лигасының кезекті ойыны өтті.

Есепті алаң иелері ашқанымен, «Астана» клубының орталық шептегі ойыншысы Джеффри Гроселл екі ұпаймен бірден жауап берді. Ойынның бірінші кезеңі біршама тыныш өтті. Екі команда бір-бірінің әуселесін байқауға тырысты. Әйтсе де, алаң иелері өздерін еркіндеу сезінді. Тек алғашқы онминуттықтың соңына қарай астаналықтар краснодарлықтарды қуып жетіп, есепті теңестірді – 17:17. Ал «Локо» командасының бас бапкері Владе Йованович тайм-аут алуға мәжбүр болды. Сөйтіп, бірінші кезең 22:19 есебімен аяқталып, ресейлік команда сәл ғана басымдықпен алға шықты.

Екінші онминуттық біріншісіне қарағанда жоғары қарқында басталды. Алаң иелері көсіле шауып, жылдам ойнауға тырысты. Краснодарлықтардың әрбір шабуылы нәтижелі аяқталып, астаналықтар болса, таразы басын өздеріне қарай аудара алмай қойды. Ресей құрамасының сұрмергені Виталий Фридзонның үш ұпайлық екі соққысы «Локо» ойыншыларын жігерлендіріп те жіберді. Олар +10 ұпай айырмасымен (33:23) алға ұзай бастады. «Астана» әрбір шабуылы сайын есепті қысқартуға тырысқанымен, краснодарлықтар қорғаныста сауатты ойнады. Матчтың бірінші жартысы 42:36 есебімен аяқталып, «Локомотив-Кубань» алда тұрды.



Алайда, үлкен үзілістен кейін «Астана» есесін қайтаруға талпынып, қарқынын үдете түсті. Команданың жеңіске деген жігері әрбір шабуыл сайын арта түсті. Үшінші кезеңнің ортасында «Астана» таразы басын өздеріне қарай аударды да. Бірнеше өрнекті ойын үлгісі мен алаң иелерінің доптан айырылып қалған епсіз қимылдары «Астананың» осы кезеңді жеңіспен аяқтауына мүмкіндік берді. Матчтың үшінші ширек бөлігі 56:58 есебімен аяқталды.

Соңғы кезең шектен тыс шиеленісті болды. Эмиль Райкович жаттықтыратын елорда командасының ойыншылары екінші тыныстары ашылғандай әсерде көсіле шапты. Астаналықтар бұл кезеңде ойын тізгінін уыстарынан шығармай, краснодарлықтардың қуып жетуіне ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Қазақстан командасы +10 ұпай айырмасымен (64:74) алға ұзап кетіп, алаң иелерін сең соққандай күйге тгүсірді. Қызыл-жасыл жейделілердің лақтырған доптары да шығыршықтан қиыс кетіп, ұнжырғалары түсе бастады. Сөйтіп, «Астана» 71:90 есебімен жеңіске жетті. Команданың барлық ойыншылары жанкештілік танытып, кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Осылайша, елорда баскетбол клубы деңгейі өте жоғары командаларға өзінің бәсекеге қабілетті және қайсар команда екенін іс жүзінде тағы да дәлелдеп, жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуанта алатындығын паш етті. Эмиль Райковичтің командасын тамаша жеңісімен құттықтаймыз!

Ең көп ұпай еншілегендер:
  •  «Локомотив-Кубань»: Виталий Фридзон (13), Джамел Маклин (12 + 5 рет доп қақшып алды), Джауан Джонсон (11 + 9 рет доп қақшып алды). 
  • «Астана»: Энтони Клеммонс (30 + 10 рет доп қақшып алды), Джеффри Гросселл (16 + 9 рет доп қақшып алды), Кенни Хортон (9 + 16 рет доп қақшып алды + 5 рет допты қағып әкетті). 

«Астана» БК бас бапкері Эмиль Райкович:
— Өте тартысты ойын. Әрине, мұнда «Локомотив» фаворит еді. Матчтың бірінші жартысында, жігіттерімізді ауыстырып ойнайтын қосалқы құрамдағы ойыншыларымыз аз болса да, ойын барысынан тыс қалмауға тырыстық. Қорғаныс жүйесін құбылтып, доп додасы қарқынын бақылап отырдық Үлкен үзілістен кейін өзімізге деген сенімділігіміз артып, батылырақ ойнай бастадық. Ақыры зор талпынысымыздың жемісін көрдік. Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс, «Астананың» дұрыс бағытқа түскенін көрсетіп берді. Мен өз жігіттерімнің жеке көрсеткіштерін құнтап кетпей, тізе қоса қимылдап, жеңіс үшін бар күш-жігерлерін салғандарына ризамын.

«Локомотива-Кубань» БК бас бапкері Владе Йованович:
— FIBA додасындағы үзіліске байланысты бүгінгі ойынға дайындалу қиынға соқты. Негізгі құрамдағы 7 жігітіміз жоқ, бес ойыншымен додаға түсуге тура келді. «Астана» – азулы команда, биылғы қарқындары өте жақсы. Біз шабуыл мен қорғаныста өз ойынымыздың ырғағын іздедік, бірақ ойынның бірінші жартысында есепті ұлғайтып, алысқа ұзап кете алмадық. Үшінші және төртінші кезеңдерде көптеген қиындықтарға тап болдық, доптан айырылып қалуымыз көбейіп кетті, доп үшін таласып, қайсарлық таныта алмадық. Сонымен қатар, «Астана» 51 рет шығыршықтан қайтқан допты қақшып әкетті (қағып алды), бұл өте көп. Ойынымыз сын көтермейді. Бірақ еңсемізді түсіруге болмайды, өйткені санаулы күндерден кейін «Цедевита» клубымен маңызды матч өткіземіз.   



Елорда командасы келесі ойындарын өз алаңында өткізеді. 11 және 12 желтоқсан күндері астаналықтар ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдайды.

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін де өз алаңында өткізеді. 16 желтоқсан күні елорда баскетболшылары Эстонияның «Калев» клубымен додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1946 Клубтық түстері: жасыл, қызыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Краснодар Сайт: lokobasket.com

Сипаттамасы

«Локомотив-Кубань» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015

Команданың жалпы суреті

Локомотив Кубань