«Астана» Беларусь «аждаһаларын» қабылдайды

02.12.2016, 10:00    Оқылғаны: 1119
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, 4 желтоқсан күні, елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын үйде өткізіп, Беларусь Республикасының «Цмоки-Минск» командасымен кездеседі.

Минск командасы ВТБ лигасының турнир кестесінде 5-орынды иеленіп тұр. Олар 3 рет жеңіске жетіп, 5 мәрте жеңілістің кермек дәмін татты. Команда сапына ең үздік жергілікті ойыншылар мен легионерлер тартылған. Солардың біреуі – америкалық қорғаушы Дрю Джойс. Ол әйгілі баскетбол жұлдызы Леброн Джеймстің – досы. «Астана» баскетболшылары түздегі ойыннан соң осы матчқа жан-жақты дайындалды.


 
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору алдағы матч жайлы өз ойымен бөлісті:

– Бұл ойынды біз үйде өткіземіз. Өз өнерімізді «Енисей» және «Парма» командаларын жеңіп, жігерленген позитивті толқында жалғастыра бергіміз келеді, әрине. «Цмоки-Минск» баскетбол клубы – тәжірибелі команда, әрі бізге қолайсыз қарсылас. Олар ойында не істеу керек екендігін, соның бәрін қалай жүзеге асыруға болатындығын жақсы біледі. Мейілінше мұқият ойнау, жанкештілік таныту және дұрыс шешім қабылдау – міне, осылар бізді жеңіске жетелей алады.
 
Жанкүйерлер үшін маңызды ақпарат:
Матч «Барыс-Арена» мұз айдынында өтеді. Ойынның басталуы – Астана уақытымен 16:00-де. Кіру тегін!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»