«Астана» ВТБ лигасына биыл қосылған командаға аяушылық танытпады

27.11.2016, 21:30    Оқылғаны: 492
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы түзде Ресейдің «Пармасынан» үстем түсті – 82:65 (25:10, 17:18, 21:22, 19:15).

Кездесу тағдыры ойынның бірінші ширек бөлігінде-ақ шешілді. «Астана» және Иан Миллер Пермь клубы ойыншыларының қорғаныстағы қателіктерін қалт жібермей, кәдеге асыра білді. Сөйтіп, 15 ұпай айырмасымен алға озды. Әрі қарай «Парма» терезесі тең дәрежеде өнер көрсеткенімен, қонақтарын қуып жете алмады. Ал соңғы 10-минуттықта «Астана» тағы да қарқынын үдетіп, 10:3 есебімен үстемдік танытты. Вячеслав Шушаковтің шәкірттеріне ешқандай мүмкіндік бермей, үміттерін түпкілікті үзді.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Парма»: Максим Дыбовский (13), Иван Ухов (13), Сергей Чернов (10+6 рет доп қақшып алды)

«Астана»: Иан Миллер (30), Родерик Одом (11), Роберт Лоури (8+7 пас+6 д.қ.а)

«Парма» клубының бас бапкері Вячеслав Шушаков: 
– Ең әуелі, жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Жаңа ғана жігіттермен қатты-қатты сөйлестік. Бүкіл ойын барысында, команда сапынан психологиялық тұрғыда табан тіресе додаға түсуге дайын адамдарды табуға тырыстым. Өкінішке қарай, бәрінің дайындықтары әр түрлі болып шықты. Осының салдарынан, ойынның бірінші ширек бөлігінде ойсырай ұтылдық. Осы ұпай айырмасын матч аяқталғанша қысқарта алмадық.
  
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Біз дүлей дода болады деп күткен едік. «Парма» ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізуге талпынып жүр. Сондықтан біз матчтың аяғына дейін ойын қарқынынан тыс қалмай, бәрін де бағамдап отыруды ойластырдық. Кездесудің бірінші жартысында доптан үш-ақ рет айырылып қалдық және қорғаныста сауаты ойнағанымыздың да пайдасы тиді. Өз ойыншыларымыздың бәріне де риза болғанымды білдіріп, «Парма» командасының тамаша матч ұйымдастырғанына, қиқу салған жанкешті жанкүйерлеріне алғыс айтқым келеді.

«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізіп, 4 желтоқсан күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Беларустің «Цмоки-Минск» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»