«Астана» «Енисейді» екінші овертаймда есеңгіретті

20.11.2016, 21:30    Оқылғаны: 546
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында Красноярскінің «Енисейін» қабылдап, екінші овертаймда жеңіске жетті – 98:97 (21:17, 25:20, 19:19, 10:19, 10:10, 13:12).

Шектен тыс шиеленісті өткен бұл ойын осы маусымдағы драмаға толы кездесулердің бірі болды. Алаң иелері матч басталған бетте алға шығып, ұзақ уақыт бойы жеңісті есепті уыстарынан шығарған жоқ. Алайда ойынның негізгі уақытының соңында сібірліктер Тони Тейлордың айып соққыларынан кейін бір ұпай айырмасымен таразы басын өздеріне қарай аударды – 74:75. Ал матчтың аяқталуына небәрі үш-ақ секунд қалған. Енді «Астанаға» қандай да бір әрекет қолданбаса болмайды. Әйтеуір тез қимылдап, үш ұпайлық соққы орындау кезінде Алексей Вздыхалкинді ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі. Леонидас Каселакистің «Астананы» қуанышқа кенелтіп, жеңісті жұлып алатын тамаша мүмкіндігі болды-ақ. Бірақ ол шығыршыққа (оймақторға) үш айып соққысының тек біреуін ғана дәл түсірді. Овертайм!
 
Қосымша бесминуттықтың соңы. Енді «Енисейге» есепті теңестірудің сәті түсті. Соңғы секундтарда қонақтар үш ұпай айырмасымен ұтылып жатқан – 85:82. Бірақ сібірліктер әуелі өздерінің ойластырған шабуылдарын жүзеге асырып, Василий Заворуев алыстан оймақторды дәл көздеді де, одан кейін алаң иелерінің қарсы шабуылын тойтарды.
 
Екінші овертаймда қонақтар ширақ қимылдады. Олар тіпті титықтап қалған қарсыластарын тізерлетіп тынатындай көрінді. Алайда, бұл кездесудің нүктесін қою «Астананың» көшбасшы Роберт Лоуриге бұйырды. Америкалық саңлақ соңғы шабуылда доптан айырылып қала жаздаса да, жанкештілік танытып, ойын аяқталғандығын білдіретін ысқырықпен бірге үш ұпайлық соққысын діттеген жеріне дөп түсірді. Сөйтіп, командасына жеңіс әперді. Есеп – 98:97.
 

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Роберт Лоури (27), Иан Миллер (26), Усман Крубалли (11 + 10 рет допты қақшып алды), Леонидас Каселакис (11), Антон Пономарев (11).

«Енисей»: Фрэнк Элегар (22 + 15 д.қ.а + 4 блок-шот), Тони Тейлор (20), Алексей Вздыхалкин (15), Сулейман Браймох (11 + 8 д.қ.а), Василий Заворуев (9 + 5 пас).

«Астаны» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Бүгін не болғанын сөзбен баяндап шығу өте қиын. Біз жеңіске жетуге лайық болдық деп ойлаймын. Негізгі уақытта жеңуіміз керек болатын. 40 минут бойы жеңісті есептен айырылып қалмауға тырыстық. Әрі істі насырға шапқызбай, яғни овертаймға жеткізбей аяқтауға болушы еді, бірақ біз өз мүмкіндігімізді мүлт жіберіп алдық. Ең маңыздысы, ойыншыларымыздың бәрі де босаңсымай, мейілінше мұқият қимылдады. Соның арқасында жеңіске жеттік. Қолдау көрсеткен көремендерге айтар алғысым шексіз!
 
«Енисей» БК бас бапкері Олег Окулов:
– «Астананы» және жанкүйерлерін бүгінгі жеңістерімен құттықтаймын. Жеңіске сіздер лайық болдыңыздар. Басқадай әлдене айтудың өзі қиын.

«Астана» келесі ойынын 27 қараша күні Пермде өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «ПАРМА» баскетбол клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»