Алда тұрақты чемпионат аясындағы соңғы сырт алаңдағы ойындар сериясы

19.03.2026, 16:00    Оқылғаны: 36
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
“Астана” Қазақстан Ұлттық лигасы тұрақты чемпионаты аясындағы соңғы сырт алаңдағы ойындар сериясын Алматыда өткізеді. Командамыздың қарсыласы — “Алматинский Легион”. Ойындар 21-22 наурыз күндері “Champ1on” спорт кешенінде өтеді, екі матч та сағат 18:00-де басталады деп жоспарланған.

Бұл — астаналық команданың биылғы тұрақты чемпионаттағы қорытынды сырт алаңдағы матчтар сериясы. Одан соң елордалық ұжым қарсыластарын өз алаңында қабылдап, артынша плей-оффта бақ сынайды.

“Астана” үшін алдағы кездесулер сырт алаңдағы ойындарды жақсы нәтижемен аяқтауға ғана емес, өткен матчтарда кеткен есені қайтару үшін мүмкіндік болмақ. Елордалық команда өз алаңында “Легионмен” өткізген ойындарының екеуінде де жеңіліс тапқан еді — 77:86, 69:72. Ақтауда “Каспийден” жеңіліс тауып келген “Астана” дәл сол сәтте қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан.

Алайда келесі серияда команда өзінің ойын өрнегін қайта тауып, қостанайлық “Тобылды” сенімді жеңді — 88:73 және 101:48. Бұл елордалық ұжымның өз ойынын тұрақтандыруында маңызды қадам болды.

Кездесулер тарихы:

Командалар өзара 36 кездесу өткізген. Жиырма тоғыз кездесуде “Астана” матчты өз пайдасына жазған. Астаналық клуб 2015 жылдың 26 наурызында өткен матчта екі команданың өзара кездесулеріндегі ең ірі жеңісіне қол жеткізген — 128:59. Соңғы матчта да “Астана” 106:73 есебімен үздік шыққан.

Командалардың көшбасшы ойыншылары:

“Астана” сапында маңызды рөлді Эрик Дэй атқарады. Ойындардан шеттетілуіне байланысты бірнеше матчқа қатыспағанына қарамастан, ол ұпай мен пастар саны бойынша команданың көшбасшы ойыншысы болып қала беріп отыр. Эрик Дэй орта есеппен әр матчта 15,3 ұпай еншілеп, 6 пас береді. Ал әр матчта орта есеппен 6 рет допты алатын Роберт Пан осы көрсеткіш бойынша командадағы үздік ойыншы.

“Алматинский Легион” құрамында Элайджа Харди — команданың бірегей көшбасшысы. Ойыншы әр кездесуде орта есеппен 18,7 ұпайды еншісіне жазып, 6,3 рет допты алады және 5,9 нәтижелі пас береді.

Тұрақты чемпионат аясындағы сырт алаңдағы соңғы матчтардың “Астана” үшін маңызы жоғары. Команда турнирлік кестедегі көшбасшылық орнын сақтап қалып, плей-офф кезеңіне жақсы формада келу аса маңызды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»