«Астана» — «Шахрдари Горган»: өз алаңындағы матч және есені қайтаруға мүмкіндік
«Астана» FIBA Батыс-Азия Супер Лигасы 2025/2026 жылдар маусымы топтық кезеңінде өнер көрсетуін жалғастырады. Қазақстандық команданың келесі қарсыласы — ирандық «Шархдари Горган». Матч 30 қаңтарда Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп, ойын сағат 19:30-да басталады. Алғашында матч 15 қаңтарда өтуі керек болған, алайда FIBA-Азия Аймақтық кеңсесінің шешімімен ойын басқа күнге ауыстырылған.
Екі команда да бұған дейінгі төрт ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде жеңіліс тапқан және топтағы көшбасшы рөліне талас жүргізуде. «Астана» өз алаңында өткізген бұған дейінгі ойынында «Әл-Вахданы» жеңсе, «Шархдари Горган» өз алаңында WASL қазіргі чемпионы — ливандық «Әл-Риядиден» жеңіліс тапқан. Бұл — ирандық команданың осы чемпионаттағы әзірге жалғыз жеңілісі.
«Астана» WASL биылғы тұрақты маусымында тек осы «Шархдари Горганнан» жеңілген. Кездесу 13 қарашада Тегеранда өтіп, онда қазақстандық клуб қарсыласына есе жіберген. Осылайша, Астанада өтетін матчтың маңызы жоғары және елордалық ұжым қарсыласында кеткен есесін қайтару мүмкіндігіне ие болады.
«Астана» құрамында биылғы чемпионатта Адас Юшкявичюс жетекші рөлде келеді, ойыншы әр ойында орта есеппен 19 ұпай еншілейді және команданың үздік снайпері. Сонымен қатар, допты алуда да, шабуылда да тұрақты ойын өрнегін көрсететін Роберт Пан (шамамен әр ойында 16 ұпай) команданың көшбасшы ойыншыларының қатарында. Команданың өнеріне шабуылдарды ұйымдастыру мен ойын қарқынын үдетуге зор үлес қосатын Эрик Дэйді атап өту керек, оның пайдасы нәтижелі пас бойынша жоғары көрсеткішімен дәлелденіп жүр — әр ойында орта есеппен 9 пас.
«Шархдари Горган» тәжірибелі ойыншыларына, атап айтсақ, ең алдымен ұпай саны мен допты алу бойынша команда көшбасшысы Джордан Хэмилтонға (бір ойында орта есеппен 21.3 ұпай, 7.7 рет допты алу мен 4.7 пас) үміт артады. Ирандық клубтың ойын құрылымында алаңның екі жағында да сенімді ойын өрнегін көрсететін Пэрриш Петти (14 ұпай) пен Мобин Шейхи (10.7 ұпай) маңызды рөл ойнайды.
«Астана» үшін алдағы кездесу концентрация, тәртіп пен командалық ойын сапасын көрсетуде маңызды сынақ болмақ. «Сарыарқа» велотрегіне жиналатын жанкүйер қолдауы ойынға тікелей әсер етеді деп күтіліп отыр. «Шархдари Горганмен» кездесу Батыс-Азия Супер Лигасы тұрақты чемпионатындағы «Астананың» турнирлік кестедегі жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.