«Астана» Ливан баскетболының үздігінен басым түсті

18.12.2025, 12:00    Оқылғаны: 144
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы FIBA Батыс-Азия Супер Лигасының (WASL) топтық кезеңіндегі маңызды матчта турнирдің қазіргі чемпионы — ливандық «Әл-Риядиді» 86:72 есебімен жеңді. Кездесу Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп, 4343 көрермен жинады.

Ойын өте тартысты өтті және алаң иелерінен бар күш-жігерін салуды талап етті. Алғашқы ширек тең дәрежеде өткен болса, шешуші кезең үшінші онминуттық болды. Осы кезеңде «Астана» айтарлықтай қарқын қосып, 26:16 есебімен ширекті өз пайдасына жазды. Бұл серпіліс командаға соңғы он минуттыққа сенімді басымдықпен қадам басуға мүмкіндік берді.

Төртінші ширектің басында Роберт Пан, Вадим Щербак және Эрик Дэй алыс қашықтықтан бірнеше дәл соққы жасап, есептегі айырманы ұлғайтты. «Астананың» басымдығы екі рет 18 ұпайға жетті. Алайда ливандық команда камбэк жасауға тырысып, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда таблодағы көрсеткіштегі айырманы жеті ұпайға дейін қысқартты.

Шешуші сәтте «Астана» ойыншылары салқынқандылық танытып, қарсыласына ойын барысын өзгертуге мүмкіндік бермей, кездесуді өз пайдасына шешті.

Рамунас Цвирка, «Астана» БК бас бапкері:

«Матчты баяу бастадық, бірақ кейін өз ырғағымызды тауып, ойынды сезіне бастадық және жаттығуда пысықтаған дүниелерімізді жүзеге асырдық. Мен ойыншыларға әрдайым ең бастысы — ойында болу, ал жеңіске қалай жету керектігін кейін шешеміз деп айтамын. Бүгін біз ойында болдық және белгілі бір сәтте алға шығып, соңғы 2–3 минуттағы қателіктерге қарамастан, 10 ұпайлық басымдықты сақтай алдық. Қателеспесем, біз төрт қажетсіз қате жібердік — ол кезде сабырлырақ ойнап, дриблингті көбірек қолданып, ойластырылған айлалар мен пастарды жасауға болар еді. Пасты тым баяу бердік, қорғаныста допты қағып алу қиынға соқты. Мүмкін, шаршағандықтан ойлануға және позицияларды дұрыс бөлуге уақыт жетіспеген шығар. Бірақ бұл — ойын.
Біз «Әл-Вахданы» әлі талдаған жоқпыз, себебі қарсыласты алдын ала талдауды жаман ырым деп санаймыз. Ертең бапкерлер штабы болып отырып, бәрін қараймыз. Оған дейін бізде Қазақстан Ұлттық лигасында «Тобылмен» ойындар сериясы бар».


Кездесудің ең нәтижелі ойыншысы Роберт Пан болды. Оның еншісінде 21 ұпай мен 9 рет доп қағып алу бар. Вадим Щербак пен Александр Жигулин 13 ұпайдан жинаса, Эрик Дэй дабл-дабл жасап, 11 ұпай мен 10 нәтижелі пас берді.

Осылайша, «Астана» WASL-дың биылғы тұрақты маусымындағы қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді және команда турнирлік жағдайын жақсартты. Топтық кезеңдегі үш матчтан кейін «Астана» 2–1 көрсеткішімен Батыс-Азия Супер Лигасының турнир кестесінде екінші орынға жайғасты. Команда тек ирандық «Шахрдари Горган» клубына ғана жол беріп тұр.

Вадим Щербак, «Астана» БК шабуылшысы: 

«Ең бастысы — біз қорғаныста жақсы ойнадық және бапкердің жеке әрі командалық қорғаныс бойынша тапсырмасын орындадық. Олардың негізгі ойыншыларын лайықты деңгейде тоқтата алдық деп ойлаймын, ал қажет сәтте маңызды ұпайлар жинадық, бұл бізге сенімділік қосты. Аренадағы қолдау ерекше сезілді, әсіресе төртінші ширек кезінде «Әл-Рияди» қысым жасаған және өзіміз қатеге жол берген сәттерде жанкүйерлердің қолдауя көмектесті. Жанкүйерлер бізге күш берді, сол арқылы ойында жеңіске жеттік. Соңында шаршаңқылық сезілгенімен, өзімізді қолға ала білдік. Бапкер тайм-аут алып, бізді тыныштандырды, содан кейін бәрі сәтті өтті».


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»