«Астана» Қазақстан Ұлттық Лигасындағы жаңа маусымын бастайды

17.10.2025, 14:00    Оқылғаны: 31
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы Қазақстан Ұлттық Лигасы 2025/2026 жылдар маусымы тұрақты чемпионатындағы жарыс жолын бастайды. Команда маусымдағы алғашқы ойындарын Атырауда жергілікті «Барсы Атырау» ұжымына қарсы өткізеді. 

Кездесулер 18-19 қазан күндері «Airom Arena» алаңында өтеді. Бұл – «Астананың» жаңа маусымдағы алғашқы ойындары, ал атыраулық ұжым болса, «Каспийге» қарсы екі матч өткізіп үлгеріп, екеуінде де жеңіске жетті. 

Кездесулер тарихы

Командалар осыдан біраз уақыт бұрын Атырауда 2025 жылғы Қазақстан Кубогы аясында кездескен. Топтық кезеңде «Астана» 28 ұпай айырмашылығымен сенімді жеңіске қол жеткізді – 88:60. 
2014/2015 жылдар маусымынан бастап екі клуб өзара 71 рет кездесіп, оның 60-ында астаналық ұжым жеңімпаз атанған. 
Командалардың көшбасшы ойыншылары

Биылғы тұрақты чемпионатта «Астана» сапынан көшбасшы ойыншылар анықтала қойған жоқ. Дегенмен, биылғы Қазақстан Кубогы нәтижесінде бұл рөлді турнирдің үздік ойыншысы атанған Асқар Майдекин алуы мүмкін. 

«Abu Dhabi International» жолдастық турнирінде Адас Юшкявичюс, Эрик Дэй мен Роберт Пан ерекше көзге түсті, ал Руслан Айтқали мен Асқар Майдекин команданың көшбасшылық орнын нығайта түсті. 

«Барсы Атырау» құрамынан Майкл Майс (орат есеппен әр ойында 29.5 ұпай, 5.5 пас) пен допты алу бойынша Есет Жарқылов (әр матчтар орта есеппен 11) үздік ерекше көзге түсіп жүр. 

Руслан Айтқали, «Астана» БК шабуылшысы:

- «Барсы Атырау» есепке қарамастан, соңына дейін талас жүргізетін команда. Олар әр доп пен алаңның әр сантиметрі үшін күрес жүргізеді. Бұған дейін Қазақстан Кубогында және Абу-Дабидегі жолдастық турнирде бақ сынадық, осы аралықта бір-бірімізге үйреністік, өзара түсіністік пайда болды. Бұағн дейін командадағы біраз ойыншы бір-бірімен бірге ойнаған, сондықтан үйренісу қиын болған жоқ. Маусымның басталуын үш ай күттік, сондықтан күре жүргізуге дайынбыз! 

«Барсы Атырау» командасымен матчтар 18-19 қазан күндері өтеді, ойындар сағат 17:00-де басталады. 
Ойындарды клубтың ресми сайтынан тікелей эфирде көруге болады.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»