Самсон Аракелян: «Бізді өте қызықты маусым күтіп тұр»

12.09.2025, 16:00    Оқылғаны: 39
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астананың» маусымалды дайындығы жайында

«Жоспар туралы айтпас бұрын, алдымен жанкүйерлерімізге бізді өте қызық маусым күтіп тұрғанын айтқым келеді. Біз Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінен, «Самұрық-Қазына» және «Спорт Қоры» Қорларынан үздіксіз көмек пен қолдау алып отырмыз. Клуб тарихында алғаш рет қаржының басым бөлігін жас ойыншылардың дамуы мен дайындығына жұмсаймыз.

«Астана-Жастар» биыл ВТБ Бірыңғай Лигасындағы негізгі команданың орнын басады. Алайда команда ВТБ Жастар Лигасында бақ сынайды. Бұл – деңгейі мықты турнир: тұрақты чемпионатта команда Ресейдің топ-клубтарына қарсы жалпы 52 матч өткізеді. Әрине, сондықтан да жаңа маусымға арнайы дайындық пен мықты құрам керек.

Маусымға дайындық оқу-жаттығу жиындарынан бұрын басталып кетті. Мамыр айында ойыншыларды қарап, скауттық жұмыстарды атқарып, баскетболшылармен келіссөз жүргіздік. Сол себептен маусымалды дайындық жөнінде айтқанда, ең маңызды кезеңдердің бірі болашағы үміт күттіретін жас қазақстандық ойыншылардың «Астана-Жастар» сапын толықтырып, командамен келісімшартқа қол қоюы болды деуге болды. Бұл біз қол жеткізген мақсаттарымыздың бірі және жоғары нәтиже күтеміз. Жігіттердің баға жетпес тәжірибе алатындарына сенімдімін.

Осыған байланысты екінші команда оқу-жаттығу жиындарын бірінші құрамға қарағанда ертерек бастады. Тамыз айының басында ойыншылар жиналып, Академияда жаттығуға кірісті. 15 тамызда оларға негізгі команда қосылды. Жаттығу күн сайын Академия залында, сонымен қатар таза ауада өтіп жатыр. Ботаникалық бақта жігіттер жүгіру және күштік жаттығуларын жасады.

Қазір екі команда да Алматыдағы Олимпиадалық резервті даярлау орталығы базасына аттанып, оқу-жаттығу жиындарының келесі кезеңін бастады. Мұнда дайындық барысында ойындар өтеді. Ұлттық Лиганың екі ұжымымен келісімге келдік, жолдастық кездесулер өткізу жоспарда бар. Барлығы төрт ойын өткізуді ниеттеніп отырмыз.

Қыркүйек айының ортасында Атырауда Қазақстан Кубогы басталып, онда екі командамыз да бақ сынайды. ҚР Кубогына қатысу екі ұжымымыз үшін де маусым алдында жақсы дайындық болады деген үміттеміз. Жастар командамыздың ҚР Кубогына және ВТБ Жастар Лигасына қатысуына рұқсат берген Қазақстан баскетбол федерациясының қолдауын ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, Федерация жастар командамызды дамыту бойынша жоспарымызға да қолдау білдірді. Жастарымыз үшін Қазақстан Кубогына қатысып, ересек командаларға қарсы ойнау жақсы сынақ болмақ. Команда турнирде таңғалдыра алатынына сенімдімін. Ойыншылардың бәрінің ынтасы мен жеңіске деген ұмтылысы жоғары.

Жеке өзім үшін «Қайраттың» үлгісі – қосымша мотивация. Жақында ғана алматылық ұжым жеткен жетістік өз тәрбиеленушілеріңнің дамуына жағдай жасау арқылы бірнеше жылдан кейін жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдейді. Еуропаның топ клубтарына қарсы немесе олардың құрамында ойнай жүріп, арманыңа жете аласың.

ҚР Кубогынан кейін екінші команда ВТБ Жастар Лигасының ойындарына дайындыққа кіріседі. Лигадағы маусым қазан айында басталады. Күнтізбеге сәйкес, алғашқы бірнеше матч сырт алаңда өтеді, одан кейін жанкүйерлер команда ойынын Астанада көре алады».

Абу-Дабидегі турнир туралы

«Негізгі командаға келер болсақ, Қазақстан чемпионатынан өзге басты мақсат – Батыс-Азия Лигасында жүлделі орынға таласу. Сондықтан қарсылас іздеп, келесі маусымда ойнайтын аймағымызда оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. «Abu Dhabi International» турниріне қатысуға шақырту алдық, жарыс қыркүйектің соңы мен қазанның басында өтеді.

Жанкүйерлеріміз үшін бұл жақсы жаңалық. Осы күндері Абу-Дабиде өтетін NBA маусымалды матчтарына дәстүрлі түрде баратын қазақстандық жанкүйерлер тобы бар. Сондықтан да Бірікке Араб Әмірліктерінде тұратын немесе сонда келетін отандастарымыздың тек NBA матчтарын көріп қоймай, турнирде «Астанаға» қолдау көрсетуге мүмкіндігі болады. 

Жарыс Батыс-Азия Супер Лигасындағы басты қарсыластарымыз қатысады деп күтіліп отыр. Бұл – жоғары бәсекелестік арқылы құрамды сынақтан өткізіп көру үшін таптырмас мүмкіндік. Турнир трансляциясы YouTube-та қолжетімді болады, сондықтан жанкүйерлер ойындарды онлайн көре алады».

«Астананың» бапкерлер штабы туралы

«Егер команданың жаңа мүшелері туралы айтар болсақ, бапкерлер штабы үлкен өзгеріске ұшырады. Өткен маусымда клубқа көмек көрсеткен барша жанға алғыс айтамын. Сынаққа толы қиын жыл болғанымен, әркім өзі үшін қорытынды шығарды.

Биылғы маусымда біз Ұлттық Лига бапкері Рамунас Цвирканы бас жаттықтырушы қызметіне тағайындадық. Ол жергілікті ойыншылармен тиімді жұмыс істеп, легионерлер санына байланысты шектеу болғанына қарамастан, шетелдік баскетболшылармен жақсы тіл табыса білді. Батыс-Азия Супер Лигасында да ереже дәл осындай: құрамда үш легионер, ал алаңға екі ойыншы шыға алады. Рамунас біздің шақыртуымызды қабыл алды және оны команданың бас бапкері қызметінде көргеніме қуаныштымын. Қазіргі таңда жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр.

Бапкерлер штабын Цвирка өзі жасады, мамандардың барлығының тәжірибесі мол. Бірінші команданың бапкерлер штабы толықтай жасақталды.

Жастар командамызды жаттықтырған Антон Пономарев биыл жұмысын негізгі құраммен жалғастырады. Оның тәжірибесі негізгі командаға пайдалы болады деп есептейміз, себебі басты назар қазақстандық ойыншыларға аударылып отыр. Антон тәжірибелі ойыншылар мен бапкерлер штабы арасындағы көпір болады, сондықтан осы идеяға қолдау көрсеткені үшін қуаныштымыз.

Екінші командада да өзгерістер орын алды. Михаил Лоншаков клубта бапкер ретінде қалды, алайда көмекке өткен маусымда Қазақстан жастар чемпионатында жеңіске жеткен алматылық клуб маманы Фокинді шақырдық. Оның жұмысы мен Алматыдағы жас ойыншылардың прогресі бізді таңғалдырды. Оның тәжірибесі ВТБ Жастар лигасында пайдалы болатынына сенімдіміз.

Осылайша, екінші команданың да бапкерлер штабы толықтай жасақталды деуге болады».



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»