«Астана» БК негізгі командасының жаңа бапкерлер штабы
26.06.2025, 10:48 Оқылғаны: 108
Дереккөз:
Автор:
«Астана» баскетбол клубы негізгі команданың 2025/2026 жылдар маусымына арналған жаңа бапкерлер штабын назарларыңызға ұсынады. Жаттықтырушылар құрамы толықтай жаңарды және жаңа маусымдағы жолын клуб тәжірибелі мамандармен бірге бастайды.
Бас бапкер — Рамунас Цвирка
Рамунас Цвирка — тәжірибесі мол және терең баскетбол сараптамасы бар маман. Ол бапкерлік мансабын 21 жыл бұрын Литва чемпионатында бастап, 2008 жылы екінші жаттықтырушы қызметінде «Азовмаштың» Украинаның Суперлигасы чемпионы атануына және Украина Суперкубогы жеңіп алуына көмектесті.
Цвирка «Химки-2» жастар командасымен жұмыс істеу барысында танымалдыққа ие болды: оның қол астында ұжым ВТБ Бірыңғай жастар лигасының екі дүркін қола жүлдегері атанды (2011, 2012), 20 жасқа дейін EYBL-де жеңіске жетіп (2013), ал 2013 және 2014 жылдары ВТБ Бірыңғай жастар лигасында топ жарды. 2018 жылы Цвирка литвалық «Невежисті» Еурокубоктың үздік 16 командасының қатарына қосты.
Соңғы екі маусымда литвалық маман қазақстандық «Irbis-Alatau» командасын жаттықтырып, жақсы нәтиже көрсетті. 2023/2024 жылдар маусымында команда чемпион атанса, биыл ел чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Осы маусымдар қорытындысында Рамунас Цвирка екі мәрте Қазақстан Республикасының үздік бапкері деп танылды.
Бас бапкердің көмекшілері
Жаттықтырушылар штабына Дайнюс Шаленга қосылды. Ол да тәжірибесі мол маман. Литва құрамасы сапында 2003 жылғы Еуропа чемпионы, FIBA Шақыру Кубогының иегері (2006/2007, «Акасвае», Жирона), Литваның бірнеше дүркін чемпионы және Украина біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы. Бапкер ретінде Шаленга Prieinai СВЕТ (2019-2021) және Pieno Zvaigzdes (2021-2023) бас жаттықтырушының көмекшісі ретінде жұмыс істеген.
Штабтың тағы бір мүшесі — Қазақстан баскетболы тарихындағы танымал ойыншылардың бірі — Антон Пономарев. Ол «Спартак-Приморье» және көптеген жылдар бойы «Астана» намысын қорғап, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанды.
«Астана» БК жаңарған бапкерлер штабы — халықаралық тәжірибе, жастар мектебі мен ұлттық бірегейліктің үйлесімі. Клуб басшылығы 2025/2026 жылдар маусымында команда алдына үлкен мақсаттары қойып отыр және Рамунас Цвирка мен оның көмекшілерінің арқасында «Астана» өз жанкүйерлерін қайтадан жарқын жеңістермен қуантады деп сенеді.