«Астана» Бейрутте

10.05.2025, 22:00    Оқылғаны: 71
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
FIBA West Asia Super League (WASL) – FIBA Asia ұйымдастыруымен өтетін аймақтық клубтық турнир. Ол Батыс Азия мен Парсы шығанағының үздік командаларының басын қосатын бәсеке. Турнир 2022/2023 жылдар маусымында басталып, Азия баскетболы маңызды турнирлерінің біріне айналды. Турнир жеңімпазы мен финалисі Basketball Champions League Asia (BCL Asia) жолдама алады.
 
2023 жылы «Астана» WASL-те дебют жасап, топтық кезеңде сенімді түрде жеңіске жетті – 3:0. Команда сол сәтте жеңіліссіз сериясыз жалғастырып келе жатқан Kuwait клубын 85:72 есебімен жеңді. Жартылай финалда «Астана» болашақ чемпион Manama-ға есе жіберді – 81:91, алайда үшінші орын үшін болған ойында Al Riyadi командасын ұтып (94:90) ,қола жүлдеге қол жеткізді.
 
2024 жылғы маусымда команда бір жыл бұрынғы нәтижесін қайталай алмады: «Астана» шешуші ойында Sagesse SC командасынан 89:103 есебімен жеңіліп, топтық кезеңнен әрі аспады.
 
Биыл «Астана» тағы да Ливан астанасы Бейрутте бақ сынайды. Топта бірден екі бірдей ливандық клубпен кездесеміз – Al Riyadi Beirut және Sagesse SC, сонымен қатар Сауд Арабиясының Ittihad командасы бар. Әр топтың үздік екі командасы жартылай финалға жолдама алады.
 
Матчтар кестесі:
10 мамыр – Al Riyadi Beirut (Ливан);
12 мамыр – Ittihad Club (Сауд Арабиясы);
14 мамыр — Sagesse SC (Ливан).
 
Al Riyadi Beirut (Ливан) – Азияның ең титулды клубтарының бірі. Команда 31 мәрте Ливан чемпионы атанып, үш рет Basketball Champions League Asia-да жеңіске жеткен. Өткен маусымда клуб WASL жеңімпазы атанса, биыл тағы да фавориттер қатарында. Команданың ең басты ойыншысы – Ваэль Аракджи, ол 2024 жылғы BCL Asia MVP ойыншысы атанған. Оның орташа көрсеткіштері – 36 минут ішінде 29.3 ұпай, 8.9 пас және 3.3 рет допты алу. Ойыншының дәлдік көрсеткіші тіптен таңғалдырады! Ойын барысында жасаған соққыларының 75.9%, ал алыстан жасаған соққыларының 52.9%-ы діттеген жеріне жетеді. Сонымен қатар, дәл осындай 36 минут ішінде команда қоржынына 11.3 ұпай, 12.0 пас пен 5.6 рет допты алуды қосатын Али Мансурды атап өту керек. Сақина астында хорватиялық Марин Марич ойнайды. Қытайда өткізген маусымында ол әр ойында орта есеппен 18  ұпай еншілеп, 10.7 рет допты алған.
 
Ittihad Club (Сауд Арабиясы) – Джидданың ең мықты ұжымы. Команда көп күштік әдіс қолданып ойнайды: доп үшін жақсы талас жүргізеді, қорғаныста мығым, допқа қысым жасап, күрсетен қашпайды. Бұл ұжым сапынан Керон Де Шилдске ерекше назар аударуға болады, жақында өткен матчтардың бірінде ол 21 ұпай еншілеп, 9 пас жасады және 5 рет допты алды. Шабуылшы Матна Альмарвани WASL Gulf League маусымындағы 27.4 минутта 9.5 ұпай еншілеп, 5 рет допты алған және 3.5 пас берген. Орталық ойыншы Мохаммед Альмарвани Сауд Арабиясы чемпионаты матчтарында 25.4 минут ішінде тұрақты түрде командасының қоржынына 10.2 ұпай қосып, 7.9 рет допты алады.
 
Sagesse SC (Ливан) – Азия баскетболының аңыз командасы. Бұл ұжым сегіз рет Ливан чемпионы, үш мәрте FIBA Asia Champions Cup иегері атанған. 1999 жылы Sagesse SC Mc Donald’s Championship турнирінде бақ сынаған алғашқы азиялық клуб атанды. Биылғы маусымда команданың ең негізгі баскетболшыларының бірі – орталық ойыншы Джонни О’Брайант. Ол биыл ВТБ Бірыңғай Лигасында «Уралмаш» сапында (14 матчта 13.5 ұпай, 5.2 рет допты алу) өнер көрсетіп үлгерді. 2025 жылдың қаңтар айында ол Оңтүстік Кореяда Anyang KGC құрамында ойнап, сәуірде Sagesse қатарына қосылды. Алаңда жылдам әрі мерген Майкл Хадсон өте жақсы ойын өрнегін көрсетеді. Өзінің техникасы мен сенімді соққысының арқасында ол кез келген матчтың тағдырын өзгертуге сеп бола алады.
 
Командалардың әрқайсысы «Астана» үшін лайықты қарсыластық көрсете алады және алдағы ойындар тартысқа толы болмақ. Жартылай финал жолдамасы үшін таласта командамызға қолдау көрсетейік!
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»