«Астана» — Қазақстанның 12 дүркін жеңімпазы!

07.05.2025, 10:00    Оқылғаны: 72
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы кезекті рет елдің ең мықты клубы екенін дәлелдеп, Ұлттық лига чемпионы атанды. Финалдық серияда елордалық ұжым «Ирбис-Алатау» командасын еш қиындықсыз жеңіп, теке-тіресті 3:0 есебімен аяқтады.

Финал Алматыда басталып, серияның алғашқы екі ойынын оңтүстік астанада өтті. Бірінші кездесуде «Астана» алаңның екі бөлігінде де сенімді ойын өрнегін көрсетіп, 85:62 есебімен жеңіске жетті. Екінші матч тартысты өткенімен, Глеб Плотников шәкірттері жеңіске қол жеткізе алды — 75:67. Осы кездесулерде командалық ұпайдың біраз бөлігін енішлеген Ти Джей Старкс, Григорий Мотовилов пен Асқар Майдекин үздік атанды. Екі ойын артта — «Астана» 2:0 есебімен алда.

Алматыдағы сенімді жеңістерден кейін серия Астанада жалғасын тауып, үшінші матч «Сарыарқа» велотрегінде өтті. Алаң иелері алғашқы минуттардан бастап ойын тізгінін өз қолына алып, 7:0 есебімен алға шықты. Осылайша, бірінші ширек астаналық баскетболшылар пайдасына жазылды — 33:14.

Екінші он минуттықта елордалық баскетболшылар қарқынын күшейте түсіп, үлкен үзіліс алдында «Астана» 30 ұпай айырмашылығымен көш бастап тұрды. Григорий Мотовилов пен Вадим Щербак екінші ширектің негізгі ойыншылары атанды. Щербак бұл ойында алыстан жасалатын соққылар бойынша жүз пайыздық нәтижені көрсетті — 4/4.

Үшінші ширекте алаң иелері қарқынын сәл бәсеңдетіп, «Ирбис» бұл кезеңді өз пайдасына жазды — 25:13. Алайда бұл да матчта шиеленістің тууына әсер етпеді, төртінші ширектің басына таман алаң иелері шамамен 20 ұпай айырмашылығымен есепте алда тұрды.

Матчтың қорытынды бөлігі тең дәреже өтті. Командалар алма-кезек шабуылмен алмасты, ал «Ирбис» кезеңді өз есебіне жазды — 31:27. Дегенмен, «Астана» өзінің жеңіске жететінінен бір сәтке болса да күмәнданған жоқ. Ойын соңында Руслан Айтқалидің үш рет үш ұпайлық соққыны дәл орындауы шешуші рөл атқарып, жеңімпаздың кім атанатыны анықталып қойды.

Матчтың қорытынды есебі — 101:83. «Астана» серияда сенімді жеңіске қол жеткізіп, Қазақстанның 12 дүркін жеңімпазы атанды!

Астаналық команда құрамындағы ең нәтижелі ойыншылары:

Григорий Мотовилов — 22 ұпай, 5 пас.
Ти Джей Старкс — 16 ұпай, 6 пас, 5 рет допты алу.
Руслан Айтқали — 15 ұпай (үш ұпайлық соққылар көрсеткіші — 5/7), 6 рет допты алу.
Вадим Щербак — 14 ұпай (үш ұпайлық соққылар көрсеткіші — 4/4).
Асқар Майдекин — 12 ұпай, 4 рет допты алу.
Андрей Десятников — 10 ұпай, 5 рет допты алу. 

Команда плей-офф кезеңінде бірде-бір рет жеңіліске ұшыраған жоқ. Ширек финалда командамыз атыраулық «Барсы» (2:0), жартылай финалда қостанайлық «Тобылды» жеңді — 3:0. Ал финалда «Ирбис» командасын тізе бүктірді. 8 матчта — 8 жеңіс және чемпиондық атақ.

Алда команданы жаңа бәсеке күтіп тұр — WASL халықаралық турнирі (West Asia Super League).

Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

— Матч екі түрлі әсер қалдырды. Ойынның алғашқы жартысының соңына қарай есепте үлкен айырмашылықпен көш бастадық, үзілісте командаға босаңсымау керектігі айтылды. Алайда біз өз қарқынымызды жоғалтып алдық та, қарсыластың ойынға қайта оралуына мүмкіндік беріп қойдық. Нәтижесінде, матчтың екінші жартысында жеңіліс таптық. Алайда кездесу басында жасалған нәтиже жеңіске жету үшін жеткілікті болды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»