FIBA WASL Final 8 топтық кезеңінің екінші матчында «Астана» Сауд Арабиясының клубы — Ittihad-пен кездесті. Матч шиеленіске толы өтті: жігіттеріміз соңына дейін күрескенімен, қарсыластың ойынның аяқталуына 2.3 секунд қалғанда жасаған дәл үш ұпайлық соққысы матч тағдырын шешті — 76:79.
Команда ойынды жігермен бастап, алғашқы минуттардан бастап қарсыласпен күрес жүргізуге дайын екендігін көрсетті және бірінші ширекті өз пайдамызға шештік — 23:21. «Астана» белсенді шабуыл жасап, допты сенімді қозғалтты және қорғаныста да жақсы ойнады.
Алайда екінші он минуттықта Ittihad басымдықты өз қолына алды. Қарсылас біздің қателігімізді қолданып, шабуылға жылдам көшуінің арқасында ұпай еншілей бастады. Екінші ширек Ittihad-тың пайдасына жазылды — 35:39.
Үлкен үзілістен кейін командалар жоғары қарқындағы ойын өрнегін көрсетіп, алма-кезек шабуылмен алмасты және есеп айырмасы да бір-екі ұпайдан әрі аспады. Осылайша, үшінші ширекте командалар тең тарқасты — 22:22. Шешуші ширек алдындағы таблодағы көрсеткіш — 57:61.
Төртінші ширекте «Астана» қарсыласты есепте қуып жетіп, таразы басын теңестірді және алда овертайм күтіп тұрғандай болған. Алайда ойынның аяқталуына 2 секунд қалғанда Кейрон Дешилдс кедергілерге қарамастан, алыстан соққы жасап, коамндасына жеңіс сыйлады — 76:79.
«Астананың» матчтағы үздік ойыншылары:
Вадим Щербак — 17 ұпай, 5 рет допты алу, 5 пас.
Андрей Десятников — 14 ұпай, 10 рет допты алу, 2 пас.
Асқар Майдекин — 13 ұпай, 4 рет допты алу, 2 пас.
Григорий Мотовилов — 11 ұпай, 9 пас, 3 рет допты алу.
Руслан Айтқали — 9 ұпай, 10 рет допты алу.
Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:
— Ең алдымен «Иттихад» командасын жеңісімен құттықтаймын, бүгін олар жақсы ойын көрсетті. Біз қарсыластың көп шабуыл жасауына мүмкіндік беріп қойдық. Оған қоса, өзіміздің ашық соққыларымызды орындамадық. Қорғаныста сақ ойнауға тырысқанымызбен, бұл жеңіс үшін жеткіліксіз болды. Әрине, турнирді жеңіссіз аяқтағымыз келмейді. Бұған дейін де айтқанымдай, менің ойыншыларым — нағыз кәсіби баскетболшылар және оларға қосымша мотивация керек емес. Келесі ойын бәрін көрсетеді.
Вадим Щербак, «Астана» БК ойыншысы:
— Қиын ойын. Қорғаныста қарсыласқа кедергі бола алмаған сәттер көп болды, допты алуда жеңіліс таптық, осылайша олардың көп шабуыл жасауына мүмкіндік беріп қойдық. Оған қоса, өзіміздің ашық соққыларымызды орындай алмадық. Осының барлығы қорытынды нәтижеге әсер етті. Қорғаныста сәл сақ ойнағанда, жеңіске жетер мп едік. Келесі қарсылас — Sagesse. Команда өте жақсы ливандық ойыншылар мен легионерлерден жасақталған. Олар өз алаңында ойнап жатқанын есепке алғанда, оңай болмасы анық. Алайда бапкерлер ойынға дұрыс жоспар құрып, бізге оны орындау ғана қалатынына сенімдімін.
«Астана» турнирдегі келесі ойынын сәрсенбі, 14 мамырда ливандық Sagesse клубына қарсы өткізеді. Кездесу жергілікті уақыт бойынша сағат 19:45-те басталады.