Астана Ұлттық Лиганың жартылай финалына шықты

16.04.2025, 17:30    Оқылғаны: 45
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Бірінші кездесудің алғашқы ширегі ғана тең деңгейде өтіп, нәтижесінде «Астана» есепте көш бастады – 18:17. Алайда әрі қарай Глеб Плотников шәкірттері есептегі басымдықты арттыра түсті. Команда екінші (11:19), үшінші (14:22) және төртінші (13:18) ширектерді өз пайдасына шешіп, +22 ұпай айырмашылығымен жеңіске қол жеткізді. Ойынның қорытынды есебі – 55:77.

Орталық ойыншы Асқар Майдекин 20 ұпай еншілеп, 4 рет допты алып, жақсы нәтиже көрсетті. Григорий Мотовилов команда қоржынына 17 ұпай салып, өз еншісіне 6 пас пен 3 рет допты алуды жазды. Андрей Десятников дабл-дабл жасады – 14 ұпай және 10 рет допты алу. Вадим Щербак та кезедсуді 10 ұпай және 3 паспен аяқтап, ортақ жеңіске өз үлесін қосты.

«Астана» орталық ойыншысы Асқар Майдекин алғашқы кездесуге қорытынды жасады:

- Ойын өзімзі күткендей өтті. Матчтың басы қиынға соқты, сондықтан бірінші ширекте өзіміздің толық әлеуетімізді көрсете алмадық. Одан соң күрес жүргізіп, ойынды есептегі айқын басымдықпен аяқтадық. Әрине, қатарынан екі күн ойнау әрдайым қиын, алайда біз ертеңге матчқа да жоғары дайындықпен шығуға тырысамыз. Атырауда ауа райы әрдайым ыстық, мұндағы қолдау да сондай. Баскетболды жақсы көретін жандардың алдында ойнау ерекше ләззат сыйлайды.

Серияның екінші кездесуі тартысты басталды. «Барсы» лайықты қарсыластық көрсетіп, үлкен үзіліс алдында таблодағы көрсеткіш 45:45 болды. Алайда үзілістен кейін «Астана» мүлдем басқаша баскетбол көрсетті. Команда қарқынын күшейтіп, қорғанысты мығым ойнап, шабуылда тиімді ойнады. Үшінші ширек  28:13 есебімен аяқталып, соңғы он минуттықты астаналық ұжым айқын басымдықпен өз пайдасына шешті – 27:8. Осылайша, матч 100:66 есебімен аяқталды.

Екінші ойында тағы да Асқар Майдекин ерекше көзге түсті – 15 ұпай және 6 рет допты алу. Вадим Щербак команда қоржынына 14 ұпай қосты. Андрей Десятников тағы да дабл-дабл авторы атанды – 13 ұпай және 11 рет допты алу. 13 ұпай және 6 пас – бұл Александр Оразбековтің көрсеткіші. Ал Руслан Айтқали 11 ұпай еншілеп, 4 рет допты алды.

«Астана» шабуылшысы Руслан Айтқали екінші матчты қорытындылады:

- Ойынның алғашқы жартысы қиын болды, қарсылас өте жақсы ойын өрнегін көрсетті. Алаң иелерінің қарқыны да жоғары болды. Алайда кездесудің екінші жартысында біз өзгеше ойын өрнегін көрсетіп, қарқынды күшейттік және осы нәтижеге тікелей әсер етті. Алғашқы матчтан кейін командамен жиналып, бүгін де жеңіске жету үшін барымызды салдық және ойлағанымызға қол жеткіздік. «Тобылға» қарсы дайындығымыз да жоғары деңгейде. Әрине, әр матч қиын болады, десе де біз барымызды салып ойнауға әзірміз.

Серияға қорытынды

«Астана» сырт алаңда қос жеңіске қол жеткізіп, Ұлттық Лига плей-офф кезеңінің келесі айналымына шықты. Командамыздың қарсыласы – қостанайлық «Тобыл». Серия командалардың бірі үш жеңіске қол жеткізгенге дейін жалғасады. Алғашқы екі ойын 19-20 сәуірде Қостанайда, үшіншісі 23 сәуірде Астанада өтеді. Қажет болған жағдайда төртінші матч 24 сәуірде «Астана» алаңында өткізіледі.

Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

- Команда мен жанкүйерлерді жартылай финалға шығуымызбен құттықтаймын! «Барсы» лайықты қарсыластық көрсетті, алайда ойыншыларымыз мінез көрсетіп, шеберліктерін паш етті. «Тобылмен» серияға дайындаламыз.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»