Тұрақты маусымды жеңіспен аяқтадық

13.03.2025, 16:30    Оқылғаны: 179
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» 11-12 наурыз күндері Академия залында «Ертісті» қабылдады. Серияның алғашқы матчы шиеленіске толы болды. Команда ойыншыларының бір бөлігі ВТБ Бірыңғай Лигасы матчтарына аттанса, тағы бір бөлігі жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысу үшін Алматыға кетті. Алайда бұл жолы Руслан Айтқали «Астананың» маңызды ойыншысына айналды. Алғашқы ширекте Михаил Лоншаков шәкірттері сенімді түрде көш бастады – 18:10. Екінші он минуттықта қарсылас ойын барысын өзгерте алды. Кездесудің қорытынды бөлігінде «Астана» ойынға қайта оралып, матчты овертаймға ұластырған. Алайда сәттілік қарсылас жағында болды – 66:70. Руслан Айтқали осы кездесуде дабл-дабл жасады: 28 ұпай және 13 рет допты алу.

Бірінші ойыннан кейін командамыз қорытынды шығарып, тактиканы өзгертті. Серияның екінші кездесуі нәтижелі өтті. Матчтың алғашқы жартысында астаналық команда көш бастады – 20:15 – 25:15. Үшінші және төртінші ширектерде екі командада өткір шабуылдар ұйымдастырды. Кездесудің ең жарқын сәті деп үшінші ширектің соңын атауға болады. Кезеңнің соңғы секундтарында Әмірәли Сүлейменов Абылайхан Жандарбекке нәтижелі пас берсе, 32-нөмірлі жейдедегі ойыншы «Ертіс» көшбасшысы арқылы данк жасап, шабуылдың нүктесін қойды. «Астана» сапынан Руслан Айтқали (23 ұпай, 6 рет допты алу), Илья Пестов (13 ұпай). Ал Әмірәли Сүлейменов трипл-дабл жасады – 19 ұпай, 11 рет допты алу және 10 пас. Кездесу 82:68 есебімен біздің командамыздың пайдасына аяқталды, осылайша «Астана» тұрақты чемпионатты жеңіспен қорытындылады. Енді елордалық команда плей-оффта сынға түседі, қарсыласымыз Ұлттық Лиганың қорытынды матчтарынан кейін белгілі болады.

«Астана» бас бапкері Михаил Лоншаков, Вадим Доц пен орталық йоыншы Санжар Әубәкіров серияны және тұрақты чемпионатты қорытындылады.

Михаил Лоншаков, «Астана» БК бас бапкері:

- «Ертіспен» серияның алғашқы матчын жақсы бастадық: қорғаныста жақсы ойнадық, қарсыластың көшбасшы ойыншыларына қарсы тұра білдік, бұл жылдам шабуыл жасауымызға  көмектесті. Бірінші ширектің соңында қарсылас ойын өрнегін өзгертіп, аймақтық қорғанысқа ойнай бастады. Ал біз пас беруде көп қателесіп, шабуылдардың нүктесін қоймадық. Ал қарсылас қорғаныстағы ойын өрнегін өзгертпеді. Төртінші ширекте команда ойынға қайта оралды, соққыларымыз жүзеге аса бастады, Руслан Айтқали көп көмектесті. Ойынның көп бөлігінде ол алаңда болды, қорғанысқа көмектесті, шабуыл ұйымдастырды. Кездесу соңында шешім қабылдау үшін тәжірибе жетіспеді, алыстан соққы жасай алатын ойыншыны таба алмады. Ал қарсылас болса, төртінші ширектің соңында сенімді ойнап, ойынды овертаймға ұластыра білді. Ал овертаймда шаршаңқылық салдарынан күрес жасай алмай, ойында жеңіліс таптық.
- Бірінші матчтан кейін таңғы жаттығу кезінде қателіктермен жұмыс жасадық: қарсылас аймағын зерттедік, өзіміз шабуыл жасайтын аймақтарды белгілеп, қорғанысымызға өзгеріс енгіздік. Бұл өз нәтижесін берді, екінші ойында матч бойы есепте көш бастап, жеңіске жеттік. Жанкүйерлерге қолдау үшін рақмет! Қазір команда жеке жаттығуларға көшеді, себебі әр ойыншының жеке жұмыс істейтін тұстары бар.


Вадим Доц, «Астана» БК ойыншысы:

- Серия жеңіс тұрғысынан алып қарағанда, сәтті болды деп айтуға келмейді. Дегенмен, мұндай жағдайлар болып тұрады. Бірінші матчта овертаймда жеңіліс таптық, ал екінші ойында кеткен есемізді қайтардық. Ойын болғаннан кейін жеңіліс те табасың, бастысы – қорытынды жасау мен плей-оффқа дайындық. Екінші матчта қорғаныстағы тактикаға өзгеріс енгіздік және жоспарымыз жүзеге асты. Сондай-ақ, кей ойыншылар сақина астында қарсыластың көшбасшы ойыншысына қарсы қорғануда көмектесті. Биыл тұрақты маусым біз үшін қысқа болды, әрі жеке өз басыма келер болсақ, биыл былтырғымен салыстырғанда аз матч өткіздім. Маусым жылдам өтіп кеткендей әсерде қалдым.  

Санжар Әубәкіров, «Астана» БК орталық ойыншысы:

- Екі жақсы кездесу өткіздік: алғашқысында овертаймда жеңіске жетуімізге сәл сәттілік жетіспей қалды, ал екінші матчта ойынның кейбір аспектілерімен жұмыс істеп, сенімді жеңіске қол жеткіздік. Екі матчта тактика үлкен өзгеріске ұшырады деп айта алмаймын, қателіктермен жұмыс істедік, өз ойын өрнегімізді көрсеттік. Тұрақты маусымды жеңіспен аяқтадық, бұл бүкіл командаға жақсы әсер сыйлады. Бұл – менің Ұлттық Лигадағы алғашқы маусымым және осы мүмкіндік үшін өте қуаншытымын. Өзіміздің ең жақсы ойынымызды көрсету үшін плйе-оффқа дайындаламыз. Биыл Лигада дебют жасаймын деп ойламадым, эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрны ғана Ұлттық Лига матчтарын көретінмін, ал қазір өзі осы алаңда ойнап жүрмін. Жастар арасындағы чемпионаттармен салыстырғанда айырмашылық едәуір көп, жылдамдық басқаша. Шынын айтқанда, қобалжу да, толқу да болған жоқ, тек алаңға шығып, өзімнің неге қабілетті екенімді көрсетуге талпындым.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»