11-12 наурызды «Астана» өз алаңында Павлодар қаласы командасын қабылдайды. Екі ойын да Академия залында өтеді. Матчтар сағат 20:00-де басталады. Бұл – Қазақстан Ұлттық Лигасы тұрақты маусымы аясындағы соңғы матчтар сериясы.
Кездесулер тарихы
Биылғы маусымда командамыз «Ертіспен» сырт алаңда қос кездесу өткізген. 1-2 желтоқсанда өткен матчтарда астаналық команда жеңіске жеткен еді. Павлодардағы алғашқы ойында баскетболшыларымыз 66:89 есебімен жеңімпаз атанды. Ал екінші матчта есептегі айырма үлкен болмағанымен, елордалық ұжым көшбасшы рөлін сақтап қала алды.
Команда көшбасшылары
«Астана» сапынан ұпай саны бойынша Әмірәли Сүлейменов көш бастап тұр. Оның Павлодар баскетбол мектебінің тәрбиеленушісі екенін айта кету керек. Шабуылдаушы қорғаушы әр матчта орта есеппен 10,5 ұпай олжалайды. Екі ұпайлық соққыларды жүзеге асыру бойынша Сардал Абашидзе көш басында. Ол орта есеппен 4 соққыны сәтті жүзеге асырады. Ал үш ұпайлық соққылар бойынша 1,33 көрсеткішімен Захар Медовской көш бастап келеді. Бұл көрсеткіштер бойынша «Ертіс» көшбасшылары – Назим Әділбеков пен Вадим Багров.
Қазіргі таңда командамыз турнирлік кестеде 6-орында тұр, ал «Ертіс» көш соңында келеді. Осы ойындар сериясымен астаналық команда биылғы тұрақты маусымды аяқтайды. Әрі қарай команда плей-офф кезеңінде сынға түседі.
«Астана» бас бапкері Михаил Лоншаков пен шабуылдаушы қорғаушы Әмірәли Сүлейменов «Ертіске» қарсы ойындар сериясы туралы пікірімен бөлісті.
Михаил Лоншаков, «Астана» БК бас бапкері:
- Бізді тұрақты маусымдағы соңғы ойындар күтіп тұр, қарсыласымыз – «Ертіс». Сырт алаңдағы ойындармен салыстырар болсақ, қарсылас құрамына америкалық қорғаушы қосылды. Сонымен қатар, орталық ойыншы позициясында ойнайтын қырғызстандық легионерді де қатарында сақтап қалды. Павлодарда өткен матчтарда тәжірибелі Рустам Мурзагалиев пен Андрей Десятников команда құрамында болған. Ал қазір олар ВТБ Бірыңғай Лигасы матчтарына қатысу үшін сырт алаңдағы ойындар сериясына аттанды. Сондықтан алдағы екі ойында жастар өздерін көрсетуге көп мүмкіндік алады. Қорғаныста агрессия көрсетіп, жылдам шабуылға көшу үшін барымызды саламыз. Осы жолы командамыз толық құрамда емес. Себебі, ойыншылардың бір бөлігі негізгі командамен бірге ВТБ Бірыңғай Лигасы матчтарына аттанса, енді бір бөлігі 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы чемпионатқа қатысады. Сондықтан команда алдағы ойындарда толық құраммен ойнамайды, дегенмен бұл біздің нәтижемізге әсер етпейді. Барлық жанкүйерлерді тұрақты маусымның соңғы екі матчында бізге қолдау көрсетуге шақырамыз!
Әмірәли Сүлейменов, «Астана» БК шабуылдаушы қорғаушысы:
- Атыраудағы матчтардан кейін қорытынды шығарып, қарқынды жаттығу жасадық. «Ертіспен» бұған дейін сырт алаңда кездесу өткіздік, жеңіске жеттік. Ойын тартысты өтеді деп ойлаймыз, себебі «Ертіс» ерекше ойын өрнегін көрсете алатын команда. Біз менің туған қаламның командасына қарсы ойнаймыз, сондықтан қызықты матчтар болады деп ойлаймын. Өз алаңымызда ұзақ уақыттан бері ойнаған жоқпыз, сондықтан жанкүйерлерден қолдау күтеміз!