«Астана» кәсіби баскетбол клубы мен «Alzhan» Қоғамдық қоры серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Мақсат – баскетболды таныту мен оның Қазақстандағы дамуына әрі қарай жол ашу үшін жағдай жасау. Келісімшарт аясында қос тарап саланың спорттық бөлігін дамытуды, атап айтқанда, төрешілерді, бапкерлер мен ойыншыларды даярлауды жоспарлап отыр.
«Alzhan» Қоғамдық қоры ауқымды жобаны іске қосып үлгерді. Баскетболдан «Alzhan» мектеп лигасы өз бастауын алып, Семей, Ақтөбе, Хромтау, Павлодар, Рудный және Лисаковск қалаларын қамтыды. Бірнеше айға созылған турнирге 60 мектептен 700-ден астам оқушы қатысты. Бұл еліміздегі жас таланттарды анықтауға мүмкіндік беретін алаңға айналды.
«Астана» КБК серіктестік аясында төрешілер, хатшы-төрешілер мен бапкерлерге арналған бірқатар семинарлар өткізеді. Олар Қазақстанның Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Семей қалаларында өткізіледі. Сонымен қатар, «Alzhan» мектеп лигасының талантты ойыншыларына назар аударып, оларды астаналық клуб жүйесіне ауыстыру мәселесін де қарастыру жоспарда бар.
«Астана» КБК бас директоры Самсон Аракелян жаңа серіктестіктен не күтетіні туралы:
«Alzhan» мектеп лигасымен серіктестік беретін мүмкіндіктер аясының кеңейгеніне қуаныштымыз. Бұл меморандумды Қазақстандағы баскетболдың дамуы мен жас спортшыларды қолдау үшін жасалған маңызды қадам деуге болады. Оған қоса, жас таланттар «Астана» КБК бапкерлерінің назарын өзіне аударып, клуб жүйесіне қосыла алады. Мұндай оқиғалар біздің тәжірибемізде болған. Себебі, Сәрсенғалиев, Симонов, Медовской, Оразбеков сынды ойыншылар дәл мектеп лигаларындағы ойын кезінде көзге түскен. Олар бүгінде «Астана» мен Қазақстан ұлттық құрамасы намысын халықаралық аренада қорғап жүр. Бұл серіктестік көптеген жас спортшыларға өз күшін елдің басты клубында сынап көруіне мүмкіндік береді».
Марат Шәкіров, «Alzhan» Қоғамдық қорының жетекшісі:
«Астана» кәсіби баскетбол клубымен меморандумға қол қою – Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер баскетболын дамыту үшін жасалған маңызды қадам. Бірлескен жұмыстың арқасында жас спортшыларға дамудың жаңа көкжиектерін ашып, олардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік бере алатынымызға сенімдіміз. Біздің басты мақсатымыз – елдегі баскетбол мәдениетін дамытудың берік негізін қалау. Ал Қазақстанның жетекші клубымен серіктестік бұл процестің қарқынын үдете түседі».