Ойын айтарлықтай жылдам әрі өткір шабуылдармен басталды. Бірінші ширек екі команданың жылдам үш ұпайлық соққыларды жүзеге асыруымен есте қалды. Біздің команда сапынан Дэниэл Утоми мен Данила Походяев көзге түсті. Қарсылас құрамынан Тайрелл Нельсон қиындық туғызды, астаналық командамен осындай күрес жүргізуді бастаған да дәл осы ойыншы. Оған қоса, Вячеслав Зайцев те алыстан соққы жасауда мүлт кетпеді. Осы дәлдіктің арқасында «Уралмаш» есепте алға шыға білді. Алғашқы ширектің екінші жартысында жылдамдық төмендеп, командалар қорғанысқа көп мән бере бастады. Осының арқасында командамыз таблодағы көрсеткішті жақсарта алды – 26:13.
Ойынның екінші ширегі командамыз үшін қиын өтті. Кезең басында баскетболшыларымыз есептегі 10 ұпайлық айырманы сақтап қалғысы келген – Мурзагалиевтің үш ұпайлық соққылары діттеген жеріне жетіп, Мотовилов қарсыластарын сақина астына қарай жақсы алдап өткенімен, «Уралмаш» таблодағы көрсеткішті ұлғайта білді. Астаналық команда бірнеше минут бойы ұпай еншілей алмады, әрі екатеринбургтік ұжымның ойлаған комбинациялары сәтті жүзеге асты. 57:29 – ойынның алғашқы жартысынан кейінгі есеп.
Глеб Плотников шәкіттері үшінші ширекте сергек болып, белсенді өткізгенімен, алаң иелері көшбасшылықты қолдан берген жоқ. Астаналықтар жеке шеберлікке басымдық беріп, ол өз нәтижесін берді. Утоми мен Походяев үш ұпайлық соққылар жасаса, Майдекин қорғаныста жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. 80:46 – «Уралмаш» алда.
Ойынның қорытынды он минуты (19:12) да бұған дейінгі үш ширек сияқты өтті. Утоми, Смит пен Мотовилов қарсыласқа қиындық туғызғанымен, ол жеткіліксіз болды. Ойын қарқынындағы, динамика мен соққыларды жүзеге асыру көрсеткішіндегі айырмашылық үлкен болып, матч нәтижесіне тікелей әсер етті.
«Уралмаш» — «Астана» – 99:58 (26:13, 31:16, 23:17, 19:12)
Кездесу көшбасшылары: Даниэл Утоми (16 ұпай + 9 рет допты алу), Григорий Мотовилов (14 ұпай + 6 пас), Данила Походяев (13 ұпай + 4 рет допты алу).
Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:
«Уралмашты» жеңісімен құттықтаймын. 26 қателік, қарсыластың қысымына шыдам көрсете алмадық. «Уралмаш» – физикалық тұрғыдан дайындық деңгейі жоғары команда. Матч алдындағы сұхбатымда айтқанымдай, ойынға толыққанды құрамда дайындық жүргізе алмадық. Дегенмен, біз ақталмаймыз, осы ойыннан түйін шығарып, жұмысты әрі қарай жалғастырамыз».