24-25 қаңтарда командамыз қостанайлық «Тобылға» қарсы екі матч өткізеді. Бірінші ойын сағат 19:00-де, екінші кездесу 17:00-де басталады. Бұл біздің «Қостанай» СОК өткізетін алғашқы ойындарымыз болмақ.
Бұған дейін екі ұжым өзара 47 рет кездескен. Осы матчтарда «Астана» 42 мәрте жеңімпаз атанған. Соңғы рет командамыз «Тобылды» 2024 жылдың 13 қыркүйегінде 112:72 есебімен жеңді. Ал жалпы тарихтағы ең ірі есеп тіркелген матч 2021 жылдың 13 желтоқсанында өтті. Онда кездесу 112:49 есебімен аяқталған. Астаналық клуб 63 ұпай айырмашылығымен қарсыласынан басым түсті.
Захар Медовской, Әмірәли Сүлейменов пен Абылайхан Жандарбек – «Астананың» қазіргі таңдағы үздік ойыншылары.
«Астана» бас бапкері Михаил Лоншаков пен шабуылшы Әлижан Ыдырысжан алдағы матчтар туралы пікірімен бөлісті:
Михаил Лоншаков, «Астана» БК бас бапкері:
- Бізді «Тобылға» қарсы сырт алаңдағы матчтар сериясы күтіп тұр. Қарсылас тәжірибелі әрі ересек ойыншылары бар команда. «Тобыл» құрамында ВТБ Лигасында өнер көрсету тәжірибесі бар ойыншылар, Қазақстан құрамасының мүшелері мен жақсы легионерлер бар. Оған қоса, командада олардың орнын басуға дайындалып жүрген жастар да бар. Сырқаттанып қалуына байланысты Вадим Доц пен жарақаты себебінен Мұхаммедәли Сайранов алдағы матчтарда командаға көмектесе алмайды. Қостанайға он ойыншымен келдік. Серияға дайындық әдеттегі режимде өтті: қарсыласты зерттеп, мықты және осал тұстарын зерделедік. Алаңның әр сантиметрінде күрес жүргізу – басты мақсатымыз. Жанкүйерлерді бізге қолдау көрсетуге шақырамын және осы ойындарда жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін.
Әлижан Ыдырысжан, «Астана» БК шабуылшысы:
- Қарсыласымыз «Тобыл» — өте тәжірибелі ұжым. Биылғы маусымда бұл командамен кездестік. Өкінішке қарай, жеңіліп қалдық. «Irbis Alatau» командасымен матчтан кейін дайындық жүргізуге және қателіктерімізді саралауға уақыт болды. Қазір жігіттердің бәрі жақсы ойын өрнегін көрсетіп, күрес жүргізуге әзір.