Жеңіске жетуге бір қадам жақын болдық…

22.01.2025, 12:30    Оқылғаны: 192
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Өз алаңында «Енисейді» қабылдаған «Астана» кездесудің алғашқы жартысында сенімді жеңіске қол жеткізді, алайда үзілістен кейін сол қарқынын сақтап қала алмады. Қарсылас басымдықты өз қолына алып, матчты өз пайдасына шеше білді.

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап алаң иелері басымдықты өз қолдарына алды.Астаналықтар керемет командалық түсіністікті паш етті. Рустам Мурзагалиевтің бұрыштан жасаған үш ұпайлық соққысы команданы алға шығарды (9:6). Бірінші ширекте тағы алты ұпайды команда қоржынына Дэниэл Утоми қосса, Вадим Щербак өз есебіне 5 ұпай жазды. Ал Андрей Десятников 2 блокшотпен көзге түсті. Қарсыластың ойынды бұлай бастауы «Енисейді» абдыратып, команда көшбасшылары Герасимов пен Сэндерс жиі қателесті. Бірінші ширек қорытындысы – 20:14. «Астана» алда.

Екінші ширекте де жігіттеріміз алғашқы кезеңдегі ойын өрнегінен танған жоқ. Алайда қарқын сәл төмендеп, красноярскілік баскетболшылар оны ұтымды пайдалана білді. Сөйтіп, есеп айырмасы төрт ұпайға дейін қысқарды – 25:21. Бұған қарамастан, командамыз қарсыластың камбэк жасауына жол бермеді. Капитан Рустам Мурзагалиев тағы да үш ұпайлық соққымен көзге түсті, Оразбеков пен Десятников байланысы команда қоржынын маңызды ұпайлармен толықтыра түсті. Сондай-ақ, шабуылда Данила Походяев пен Дэниэл Утоми көзге түсті. Кезең соңына таман «Енисей» тағы да есептегі айырманы қысқартты. Ойынның алғашқы жартысы аяқталды. Есеп – 42:33. Алаң иелері көш бастап тұр.

Кездесудің алғашқы жартысы Глеб Плотниковтің осы маусымда өткізген ең үздік бірінші және екінші кезеңдері болса, үшінші ширекті командамыз, керісінше, сәтсіз өткізді. Кезең басында «Енисей» 9:4 ұпай айырмашылығымен есепте алға шықты. Александр Оразбековтің дәл соққысына қарамастан, красноярскілік команда қысымды арттыра түсті. Владислав Близнюктің алыс қашықтықтан жасаған үш дәл соққысы кезеңде шешуші рөл атқарды. «Енисей» 10 минуттың ішінде кездесу барысын өзгертіп, -9-ды +7-ге алмастыра білді. Енді есепте қарсылас алда – 48:55.

Кездесудің қорытынды бөлігі басталмас бұрын «Астана» алдына маңызды міндет қойылды. Ол – есеп айырмасын қысқарту мен басымдықты өз қолына алу. Есептегі айырма үлкен емес еді. Он минуттық басында командамыз айырманы 3-5 ұпай аралығында ұстап тұрды. Похоядевтің, Мурзагалиев пен Утомидің соққылары камбэктің үміт отын жаққан. Алайда ойын соңында «Енисей» тағы да кездесуді бақылауды өз қолына алды. Таблодағы көрсеткішті теңестіру үшін уақыт азая берді, нәтижесінде өкінішке қарай, командамыз қарсыласқа есе жіберді.  

«Астана» — Енисей  63:78 (20:14, 22:19, 6:22, 15:23)

«Астана»: Даниэл Утоми (15 ұпай + 5 рет допты алу), Рустам Мурзагалиев (11 ұпай), Данила Походяев (10 ұпай, 6 рет допты алу).

Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

 «Кездесудің алғашқы жартысые жақсы өткіздік. Өзіміздің ойынымызды көрсеттік, допты жақсы қозғалттық. Үзілісте «Енисейдің» қысымды арттыратынын айттық, ескерттік. Бірақ, оған төтеп беруге шамамыз келмеді. Ойын соңында, төртінші кезеңде қосымша 10 допқа иелік етуді қарсыласқа беріп қойғанда, матчта, әсіресе ВТБ Бірыңғай Лигасы матчында жеңіске жету мүмкін емес. Жігіттер жеңіске жете алатынына сенбейді. Ал жанкүйерлеріміз өте жақсы қолдау көрсетті. Команданың нәтижесіне қарамастан, жанкүйерлеріміздің қолдауды тоқтпағаны қуантады. Олар бізге сенім артады деп үміттенемін».

Данила Походяев, «Астана» БК шабуылшысы:

«Бірінші кезекте жарақаттан айығып, алаңға қайта оралғаным үшін қуаныштымын. Әрине, жарақаттан кейінгі алғашқы ойынның нәтижесі басқаша болғанын қалар едім. Бүгін кез келген қарсыласпен күрес жүргізе алатынымызды бәрі көрді деп ойлаймын, алайда үшінші ширекті өте нашар өткіздік. Ал төртінші кезеңде өз қалқанымызда қарсыластың ұпай енішлеуіне мүмкіндік беріп қойдық. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Алда сырт алаңда «Пари Нижний Новгородқа» қарсы қиын матч күтіп тұр. Жұмыс істеп, қателерімізді жөндейміз».
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»