Көптен күткен жеңіс!

20.01.2024, 17:30    Оқылғаны: 399
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасы тұрақты маусымы бірінші кезеңіндегі соңғы ойындарының бірін өткізді. Команда өз жанкүйерлерінің алдында «Сарыарқа» велотрегінде МБА-ны жеңді.

Бірінші ширек қорытындысында ойыншыларымыз бес ұпай айырмашылығымен қарсыласқа есе жіберіп жатқанына қарамастан, екінші он минуттықта таблодағы көрсеткішті теңестіре білді және есепте алға шықты. Дегенмен де, ойын төрт ширек бойы шиеленіске толы болды. Матч тағдыры ойын соңында ғана анықталды, 80:71 — «Астана» пайдасына.

Матчта жетінші дабл-даблын жасаған Ройс Хэммге тең келер ойыншы болған жоқ: 28 ұпай, 15 допты алу.

Сонымен қатар, Маркелл Джонсон (23 ұпай, 7 пас) мен Дэвин Дэвис (13 ұпай) көзге түсті.
 

«Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Команданың жеңіске деген жігері мен құлшынысы байқалды әрі олар оған лайықты түрде қол жеткізді. Біз соңына дейін ойнамадық. Ойынға мұндай жеңіл көзқараспен қарауға болмайды, өйткені есепте алда болғандықтан, жеңіс біздің қолымызда деп ойладық. Ал «Астана» матчтың 40 минутқа жалғасатынын және осы уақыт аралығында барыңды салып ойнау керектігін көрсетті», — деп ойынды қорытындылады мәскеулік команданың бас бапкері Василий Карасев. 

Тұрақты маусымның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын және «Астана» енді бірнеше матч өткізеді. 24 қаңтарда команда сырт алаңда «Самарамен», 28 қаңтар күні Олег Киселев шәкірттері Мәскеуде «Рунамен» кездеседі. Лиганың тұрақты маусымының бірінші кезеңінің соңғы ойыны 1 ақпан күні өтеді және «Енисейге» қарсы матчта сіздердің қолдауларыңызды күтеміз! 

Билеттер жақын арада сатылымға шығады.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»