Самсон Аракелян: «Біздің қазіргі жастар жобасы 5-10 жылға жоспарланған»
«Астананың» бас директоры Самсон Аракелян Qazsport телеарнасының тілшісі Индира Бектеноваға сұхбат берді.
Самсон Геворкович жас қазақстандық баскетболшылардың маркетингтік құрамдас бөлігі мен даму стратегиясын қоса алғанда, клубтың бағыты туралы айтып берді.
– Сіз өткен жылы «Астана» КБК бас директоры лауазымына кірістіңіз. Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстарыңызды қорытындылай аламыз ба?
– Мен бірден қорытынды жасағым келмейді, өйткені, жастардың бұл жобасы 5-10 жылға есептелген ұзақ мерзімді процесс. Клубтың философиясы мен стратегиясы тұрғысынан да, маркетинг тұрғысынан да түбегейлі өзгерістер қажет: біз клубтың өсетінін, оған қосымша қаржылық мүмкіндіктер қажет болатынын және ақша табуды үйрену керек екенін түсінуіміз керек.
Ұзақ мерзімді жүйенің бір талабы – менеджментте де, спорт тұрғысынан да өз өнімімізді шығару. Бұрынғы басшымен бірнеше қадамдар жасалды: Академия базасында Жоғары лигада ойнаған команда құрылды, бірақ біз бұл мәселеге байыпты қарау керек екенін түсіндік. Сондықтан біз Қазақстанда 18-23 жас аралығындағы ең перспективалы балалар ойнайтын фарм-командасын құрдық.
Біз оң жағалауда «Астана» академиясының жаңа залын аштық, ал келушілер саны үш есеге артты. Қазірдің өзінде үш жүзден астам бала қатысады және сұраныстың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл біз үшін де жақсы коммерциялық қадам. 15-16 жас аралығындағы бойы 2 метр болатын жігіттерді табу оңай емес, бұған қоса оларға жақсы жағдай жасау керек екенін түсіндік.
Тиісінше, біздің мақсатымыз – клубты Еуропада немесе Америка Құрама Штаттарындағы жағдайдан кем түспейтін орынға айналдыру. Біз осы жағдайда қазақстандық баскетболдың не істей алатынын көргіміз келеді. Маркетинг тұрғысынан біз мемлекеттік бюджет шексіз емес екенін білеміз және «Астанадан» сұранысқа ие өнім жасау керек. Жақын арада клуб қаламен және қазақстандық баскетболмен байланысты болады деп сенемін.
Дизайнермен бірігіп бір айға жуық уақыт клубқа болашақта бір эмблема жасау үшін жұмыс істедік. Менің ойымша, біз жақсы жағын таңдадық. Біз «А» әрпін, қозғалыс, қазақтың ою-өрнегі мен Самұрық құсын өте қарапайым нәрсеге біріктірдік. Біздің демеушілердің менің көзқарасыма сенгеніне өте қуаныштымын.
– Қазан айында жаңа маусым басталады. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Біз жаңа маусымға дайындықты алдыңғы маусымды аяқтамай бастадық деп айта аламын. Яғни, WASL барысында біз әріптестікті жалғастырғымыз келетін ойыншыларды бақылай бастадық. Біріншісі – Карвел Андерсон. Дубайда оған келесі маусымға бірден жұмыс ұсындық.
Жаздың осы екі айында, тіпті демалыста да, жаттықтырушылар штабымен жүздеген ойыншыны қарап шықтық. Қазіргі уақытта негізгі команданың құрамы толығымен жасақталды деп айтуға болады.
Жаңа команда былтырғыдан да күшті болады деп ойлаймын: басқа деңгейдегі сапалы легионерлер және біздің қазақстандық рекордшы ойыншылар құрамда қалды. Нәтиже Батыс Азия Суперлигасында көрінді, онда біз үшінші орынға ие болдық, бірақ финалға бір қадам жетпей қалдық. Кувейт жорығы сәл сәтсіз болды, бірақ біздің негізгі команда ойыншыларының деңгейі айтарлықтай өсті.
Менің ойымша, біз бәсекеге түсе аламыз және біздің міндетіміз – ВТБ Бірыңғай Лигасындағы плей-офф үшін күрес.
Біздің келесі қадамымыз да оң қабылданды, баскетбол жұртшылығын аздап дүр сілкіндірдік. Осы 11-12 жыл ішінде «Астананың» негізгі командасы іс жүзінде Ұлттық лиганың сөзсіз көшбасшысы болды, біз кез келген команданы оңай ұтып келдік. Бірақ, екінші жағынан, мен мұны елдегі ең бай клуб ретіндегі имиджіміз тұрғысынан дұрыс емес деп шештім.
Сонымен қатар, мен бірінші команданың ойыншылары басқа деңгейде екенін және тек халықаралық аренада дами алатынын түсіндім. Бір жағынан, жас ойыншылар да жеткілікті ойын уақытын ала алмады.
Біз Федерациямен келіссөздер жүргіздік және «Астананың» негізгі командасы тек халықаралық турнирлерде ойнайтын болады деген келісімге келдік, оның орнына біз негізінен жас тәрбиеленушілерімізден тұратын «Астана академиясы» командасын ұсынамыз.
Олар үшін бұл керемет деңгей, жеңіске жету үшін үлкен серпін береді. Сонымен қатар, жанкүйерге жас команданың қалай дамитынын көру әлдеқайда қызықты болады.
Бәріміз маусымның басталуын асыға күтеміз. Біз қазір командаларымыздың ең жақсы дәңгейге жетуі үшін бәрін жасаймыз. Сербиядағы ОЖЖ – соның бір дәлелі.