Девин Дэвис – «Астана» ойыншысы!

02.08.2023, 20:00    Оқылғаны: 368
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Америкалық форвард Девин Дэвис «Астана» ойыншысы атанды!

Ол 1995 жылы 29 наурызда Индианаполисте дүниеге келген. Бойы – 198 см.

Мансабын студент кезінде Индиана штатында бастаған ол кейіннен Одесса колледжі (Техас штаты) мен Хьюстон университетінің командаларында ойнады.

Девиннің кәсіби мансабы 2018 жылы басталды, НБА-ның «Орландо Мэджигінің» фарм-клубы «Лейкленд Мэджик» сапына алынды. Ол НБА-ның Джи-Лигасында 43 матч өткізіп, бір ойынға орташа есеппен 6.3 ұпай жинап, 4 рет допқа жетті.

2019-2021 жылдары ол «Лаврион» сапында бақ сынады, клубтағы екінші маусымында матчта орташа есеппен 10.5 ұпай және 4.9 рет допқа жетті. 2020/21 маусымында Дэвис клубы Греция чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Содан кейін баскетболшы Францияның «Ле Портель», гректің «Перистери» және итальяндық «Наполи» сияқты клубтарында ойнады.

Ойыншының соңғы командасы «Верона» болды, ол өткен маусымда 12 ойын өткізіп, орташа есеппен 11.3 ұпай жинап, 3.8 рет допқа бірінші жетіп отырды.

Девинге командаға қош келдің дейміз! Сәттілік және елордалық клубпен көптеген жарқын жеңістер тілейміз!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»