Рига баскетболшыларын риясыз жеңдік

22.10.2016, 20:30    Оқылғаны: 749
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» өз алаңында Латвияның ВЭФ клубымен кездесіп, тартысты өткен додада жеңісті жұлып алды – 66:64 (19:18, 14:19, 14:11, 19:16).

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Родерик Одом (22 + 10 д.қ.), Роберт Лоури (11 + 6 д.қ. + 5 пас), Леонидас Каселакис (11), Усман Крубалли (10 + 12 д.қ.).

ВЭФ: Янис Блумс (13), Кристофер Ричард, Мартинш Мейерш (екеуі де – 10), Арнас Лабускас (6 + 5 д.қ.).

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Ойын өте қиын болды. ВЭФ – ойын өрнегі үйлескен тәжірибелі команда. Ұжымдық ойын үлгілері жақсы жетілген. Матчтың бірінші жартысында қорғанысымыз сыр беріп, тізе қоса ойнай алмадық. Қонақтар біздің шабуылымызға да бейімделіп алды. Үлкен үзілісте, шешінетін бөлмеде, ойын өрнегімізді талқылап, қорғаныста ширақ қимылдап, өжеттік таныту керектігіне тоқталдық. Ойынның екінші жартысында осының бәрін жүзеге асырып, лайықты түрде жеңіске жеттік.

ВЭФ БК бас бапкері Янис Гайлитис:
– Біз өз жоспарымызды орындаған жоқпыз, шығыршық тұстамасы түбінде доп қақшып ала алмай қойдық. Екі ойыншымыз өте селқос қимылдады. Бүгін жеңіске жетуіміз керек еді, бірақ ойынды бастан-аяқ бірқалыпты өткізе алмадық.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»