«Астана» «Тобылды» үшінші рет тізерлетіп, Ұлттық лига финалына шықты

29.04.2022, 10:00    Оқылғаны: 5562
Дереккөз: ҰБФ ҚР
Автор:

“Астана” мен “Тобыл” Ұлттық лиганың плей-офф сатысындағы жартылай финалдық кезеңінде үшінші ойындарын өткізді. Бұл екі ұжым арасындағы соңғы матч болып шықты. Елорда командасы бұған дейінгі екі матчта айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Енді бір ескерте кетерлігі, бұл ойын Нұр-Сұлтанда өткенімен, шартты түрдегі алаң иесі “Тобыл” болды.

Ойын барысы: “Тобыл” бүгінгі матчта есеп ашқанымен, елорда ұжымы көшбасшы рөлін лезде өз қолдарына алды. Әйтсе де, бес минут ойын уақытынан кейін қостанайлықтар алда тұрды, бірақ екі ұпай айырмасымен ғана. “Астана” бірінші кезеңнің екінші жартысында түлеп салып, қорғаныста да, шабуылда да көсіле сілтеп, соның арқасында екі ұпай айырмасымен ұтылып жатқан команда он бес ұпай басымдықпен алға озды – 13:28. Екінші кезең толықтай тең дәрежеде өтіп, екі команда да кішігірім серпіліс жасап отырды. Ал есеп айырмасы жиырма ұпайдан он екі ұпайға дейін өзгеріп отырды. “Тобыл” екінші кезеңде басым түсті де, бірақ жалпы есеп айырмасын небәрі екі ұпайға ғана қысқартты – 36:49. Ойынның үшінші бөлігін астаналықтар ширақ бастады. Кезеңнің ортасына қарай олар жиырма ұпай айырмасымен ұтып жатты. Ал санаулы минуттардан кейін олардың басымдығы отыз ұпайдан да асып кетті. “Тобыл” осы онминуттықтың соңында ғана нәтижелі ойын үлгісін көрсеткенімен, бұл кезеңде он бес ұпай айырмасымен ұтылып қалды – 48:76. Соңғы он минутта “Тобылдың” өз жағдайына өзгеріс енгізерліктей ешқандай да көзге түсер мүмкіндігі болмады. Ал сары-көкшілдер осы матчтағы және жартылай финалдық кезеңдегі жеңісіне сенімді түрде адымдай түсті. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда “Астана” отыз ұпайдан артық есеп айырмасымен ұтып жатты. Ал матч соңында ұпай қорын жүзден де асырып, ірі жеңіске қол жеткізді. Есеп – 59:104.

Роберт Пан

Маңызды сәт: “Астана” бірінші кезеңнің екінші жартысында көсіле сілтеп, едәуір ұзап кетті және матчтың екінші жартысында оны үш есеге ұлғайтты.

Матч үздігі: Астана командасының алаңға шыққан барлық ойыншылары кемі бес ұпайдан жинады.

Көп ұпай жинағандар:

  • «Астана»: Марк Тихоненко (15 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 5 пас), Антонио Кэмпбелл (15 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 1 блокшот), Скайлар Спенсер (8 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 3 пас, 2 рет допты тартып алды, 3 блокшот).
  • «Тобыл»: Антон Быков (18 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып алды), Максим Воейков (11 ұпай, 2 рет доп қағып алды, 2 пас), Павел Ильин (8 ұпай, 3 рет доп қағып алды).


Салдары: “Астана” жартылай финалдық кезеңде үш рет қатарынан жеңіске жетіп, еш қиындықсыз финалға шықты. Ал “Тобыл” енді қола жүлде үшін додаға түседі.

Келесі ойындар: “Астана” енді “Атырау Барыстары” және “Ақтөбе” жұбының жеңімпазымен финалдық кезеңде додаға түсетін болады. Ал “Тобыл” осы жұпта ұтылған командамен үшінші орынды сарапқа салатын болады. Финалдық және үшінші орын үшін өтетін ойындар кезеңі үш жеңіске дейін созылады және 6-шы мамырда басталады. Бұл ойындардың онлайн трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде және «In Sport» телеарнасы эфирінде жүргізіледі. 
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»