«Астана» (2-14) Жұлдыздар матчынан кейін жеңіске жеткен емес. «ПАРМА-ПАРИБЕТ» (8-8) турнир кестесіндегі 5-орыннан үмітін үзбей келеді.
Пермнен Алматыға дейінгі ұзақ жолға қарамай, матч басында қонақтар көсіле сілтеді. Евгений Воронов, Артем Забелин және Александр Платунов 8 ұпайлық серпіліс жасап, «Астаны» бапкерлерін тез арада тайм-аут сұрауға мәжбүрледі. Бірақ бір минуттық үзіліс те алаң иелеріне көмек болмады. «ПАРМА-ПАРИБЕТ» атойлап алға шаба берді. Бірінші кезеңнің аяқталуына 2 минут қалғанда, есеп айырмасы тым алшақ болып, оралдықтар «+18» ұпаймен қара үзіп кетті.
Әйткенмен, бірінші үзіліске қарай «Астана» еңсе тіктей алып, есеп айырмасын қысқарта бастады. Бастапқы 10-минуттықтың қорытындысында екі команданың арасы 12 ұпайға дейін кеміп, «Астананың» шабуылдағы негізі серкесі Олег Балашов болды. Ол екінші кезеңде де өз командасының алғашқы ұпайларын еншілеп, шығыршық түбінде қонақтарды қапы қалдырды. Өзінің жас көшбасшысының батыл қимылдарына қарап, «Астананың» өзге ойыншылары да ширай түсті. Алаң иелері қорғаныста ширақ қимылдап, үшсекундтық аймақты да, периметрді де жапты.
Оралдықтар кезеңнің басын жоғары қарқында бастағандарымен, одан әрі нәтижелі ойын өрнегін бәсеңсітіп алып, үлкен үзіліске дейінгі соңғы 4 минутта шығыршыққа доп сала алмай, дал болды. Тек Евгений Воронов қана соңғы шабуылдардың бірінде үшұпайлық ашық соққысын дәл түсірді. Әрі «ПАРМА-ПАРИБЕТ» капитаны ойынның бірінші жартысында ең көп ұпай жинаған ойыншы болып, 11 балл еншіледі. Бірақ үлкен үзіліске шыққанда, қонақтардың басымдығы бірінші кезеңнің ортасындағыдай тым орасан болмады. Балашов пен Кэмпбэлл осы 10 минуттықты «Астананың» 14:12 есебімен ұтып, есеп айырмасын 10 ұпайға дейін қысқартуына ықпал етті.
Ал үшінші кезең түгелдей және толықтай «ПАРМА-ПАРИБЕТ» жігіттерінің үстемдік құруымен өтті. Евгений Воронов пен Валерий Лиходей, құдды, бір-бірімен жарысқандай, пермдіктердің қайтадан 19 ұпайлық басымдыққа қол жеткізулеріне әсер етті. Ал Макар Коновалов салған үшұпайлық доп осы матчтағы ең жоғарғы есеп айырмасына жеткізді – «+21». Әйтсе де, 30 минуттан кейінгі ойын есебін тағы да Воронов түйіндеді – 63:39.
Осындай, тым алшақ, яғни 24 ұпайлық есеп айырмасын қысқартуға «Астананың» қажетті ресурстары болмады. Қазақстан командасы биылғы маусымдағы өз алаңында өткен соңғы матчта жеңіліске ұшырады. Ал «ПАРМА-ПАРИБЕТ» Алматыдағы жеңісінің арқасында «Автодорды» 5-ші орыннан ығыстырды.
Көп ұпай жинағандар: Антонио Кэмпбэлл (15 + 5 рет доп қағып алды), Марк Тихоненко (14), Олег Балашов (10).
«Астананың» бас бапкері м.а. – Деян Парежанин:
– «ПАРМА-ПАРИБЕТ» ұжымын жеңісімен құттықтаймын. Демеп-жебеп отырғандары үшін жанкүйерлерімізге – мың алғыс. Бүгін кейбір ойыншыларымыздың додаға түсіп, Қазақстан чемпионатына дайындалуға мүмкіндік алғандары қуантады.
Әрі қарай: 17 сәуірде, түзде «Енисей» командасымен ойнаймыз.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |