Алматыдағы «Астана» мен ЦСКА матчында қонақтар басым түсті

11.04.2022, 10:00    Оқылғаны: 393
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:

ЦСКА (13-3) Алматыға чемпионат көшбасшысы мәртебесінде келді. Ал «Астана» (2-13) бұл ойында ұтылса, плей-оффқа шығу мүмкіндігінен түпкілікті айырылар еді.

Никола Милутинов бірінші шабуылда-ақ әскерилер клубын алға шығарды. Ал 3 минуттан соң олар 8 ұпай айырмасымен алға озды. «Астана» ұзақ уақыт бойы қонақтарының қорғанысын бұза алмай, ақыры Руслан Айтқали алыстан лақтырған доп алғашқы ұпайларға айналды. Ал Рустам Мырзағалиев пен Антонио Кэмпбэлл салған доптардан соң елордалықтар есепті біршама қысқартып, кезеңнің бел ортасында «-4» ұпай айырмасымен ұтылып жатты.

Алайда «Астана» ЦСКА-мен ұзақ уақыт тайталаса алмады. Әскерилер қорғаныстағы ойын өрнектерін түзеп, Қазақстан командасы 5 минут бойы соқыр ұпай да еншілей алмады. Ал қонақтар болса, осы уақыт ішінде 11:0 есебімен серпіліс жасап, бірінші үзіліске «+15» ұпай айырмасымен шықты. Есеп – 23:8. Бұл кезеңді Александр Хоменко ысқырықпен жарыса, үш ұпайлық соққысымен түйіндеді.

Ал екінші 10-минуттық «Астана» үшін біршама нәтижелі болды. Марк Тихоненко екі рет үшұпайлық соққысын дөп түсіріп, Руслан Айтқали мен Максим Марчук те доп салды. Әрі алаң иелері бұл кезеңде басым түсе жаздап, 21 ұпай еншіледі. Бірақ үлкен үзіліске дейін есеп айырмасы тек ұлғая түсті. Бұл негізінен Никола Милутиновтың арқасында жүзеге асты. Орталық шептегі серб саңлағы матчтың бірінші жартысында мүлде мүлт кеткен жоқ. Ол 12 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Сондай-ақ бұл матчта Йонас Жеребко ЦСКА сапындағы алғашқы ойынын өткізді – швед шабуылшысы үзіліске дейін 8 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды.

Үшінші кезеңді ЦСКА жоғары қарқында бастап, 13:2 есебімен үстем түсті де, «+28» ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. «Астана» бапкерлері бірден тайм-аут алғандарымен, бұл да ойын өрісіне ешқандай өзгеріс енгізбеді. Әскерилер клубы деңгейлерінің жоғары екендігін паш етіп, түзде ірі жеңіске жетті.

Марк Тихоненко

Көп ұпай жинағандар:  Марк Тихоненко (17), Рустам Мырзағалиев (7 + 7 рет доп қағып алды), Скайлр Спенсер (6 + 11 рет доп қағып алды).

«Астананың» бас бапкері м.а. – Деян Парежанин:
– «ЦСКА» жігіттерін жеңісімен құттықтаймын. Біз бүгін өз деңгейімізден асып түсуге тырыстық, бірақ ол мүмкін болмады. Өйткені, біз ВТБ лигасындағы ең қарымды командамен ойнадық. Өз жігіттерімізге ырзамын, олар бүгін аянған жоқ, өздерінің барлық күш-жігерлері мен қабілеттерін көрсетуге тырысты.

Әрі қарай: 13 сәуірде, өз алаңымызда «ПАРМА-ПАРИБЕТ» командасымен ойнаймыз.
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»