«Каспий» Нұр-Сұлтанда «Астанадан» тағы да ойсырай ұтылды

05.04.2022, 21:15    Оқылғаны: 166
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

“Каспий” мен “Астана” ел чемпионатының Ұлттық лигасындағы соңғы қос ойынын бастады. Бұған дейінгі төрт ойын да астана ұжымының ірі жеңісімен аяқталған, әрі олар бүгін де матч фавориті болып есептелді.

Ойын барысы: Бірақ матчтың бірінші кезеңінде астана командасы фаворит ретінде үстемдік құра алмады. Ойын тең дәрежеде өрбіді. “Каспий” тіпті, кезеңнің бірінші жартысында, екі рет алға да шықты. Десек те, бұл кезеңнің басым бөлігінде олар елордалықтарды қуып жетуге тырысумен болды. Әрі ақтаулықтар қарсыласынан қалыспай, бірінші онминуттықтың соңында есепті теестірді де – 17:17. Ал екінші кезеңде “Астана” ойын тізгінін өз қолына алып, атойлап алға шапты. “Каспий” екінші кезеңнің бастапқы бес минутында небәрі үш ұпай ғана еншіледі, әрі кезеңнің бел ортасында он төрт ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әйтсе де, Ақтау командасы қарсыласын сәл де болса тежеп, нәтижелі қарқынын бәсеңсіте алды. Десек те, үлкен үзіліске шыққанда, командалар арасы жиырма ұпайды жуықтады – 29:48. Шығыршық ауыстырған соң ойын қайтадан тең дәрежеде өрбіді, тек бұл жолы “Астана” әжептәуір алда болды, әрі өз басымдығын уысынан шығарған жоқ. Үшінші онминуттықта да елорда ұжымы басым болды, бірақ жалпы есептегі басымдығын бір ұпайға ғана арттырды – 51:71. Соңғы кезеде “Каспий” қырандарының ойын барысын өзгертуге еш мүмкіндігі болмады, “Астана” өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда астаналықтар отыз ұпайдан артық есеп айырмасымен алда тұрды. Әрі “Астана” бұл ойында да үстемдік танытып, ірі есеппен жеңіске жетті. Есеп – 64:97.

Маңызды сәт: “Астана” екінші кезеңде ойын тізгінін толықтай өз қолына алып, ойынның осы ширек бөлігінде он тоғыз ұпай айырмасымен басым түсті. Бұл олардың ойынның екінші жартысында емін-еркін көсіле сілтеулеріне мүмкіндік берді.

Роберт Пан

Матч үздігі: Бүгін астана ұжымының барлық ойыншылары ұпай еншіледі, ал ең көп ұпай жинағаны Марк Тихоненко болды.

Көп ұпай жинағандар:

  • «Каспий»: Константин Нефф (16 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 2 рет допты тартып алды), Семен Пинаев (12 ұпай, 9 рет доп қағып алды), Мағжан Сәрсенғалиев (10 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 2 пас).
  • «Астана»: Марк Тихоненко (19 ұпай, 2 рет доп қағып алды, 2 пас, 1 блокшот), Роберт Пан (14 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 3 пас, 3 рет допты тартып алды), Олег Балашов (13 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 4 пас).


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»