«Астана» Алматыда «Нижний Новгород» клубымен тайталаса алмады

04.04.2022, 10:00    Оқылғаны: 307
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:

«Астана» (2-12) қатарынан 6 рет ұтылып, турнир кестесінде 10-шы орында тұрған болатын. «Нижний» (4-10) Алматыдағы ойынға сырқаттанып қалған Зоран Лукичсіз келіп, бас бапкер міндетін Сергей Козин атқарды.

Бірінші кезең аса нәтижелі болмады. «Астана» лезде 5 ұпай еншілегенімен, бұдан кейін Қазақстан командасының шабуылдағы тиімділігі күрт төмендеп кетті. Таразы басын теңестіру үшін «Нижний» ойыншыларына 4 минуттай уақыт қажет болды. Бірақ олар алға ұзап кете алмады. «Астана» қонақтарының бір-біріне беретін доптарын бағамдап, допты тартып әкетіп отырды. Алайда өздері де шабуылды тез ұйымдастырып, оңай доптар сала алмады. Бірінші 10-минуттық аяқталғанда, таблодағы есеп тең болды – 9:9.

Екінші кезеңде екі команда да жылдамдықтарын үдетті, бірақ бұл да нәтижелі ойын өрнегіне ұласпады. «Астана» да, «Нижний» да қорғаныста өте сақ болды. Екінші 10-минуттықтың ортасына қарай қонақтар 3 ұпай айырмасымен алда тұрды. Ал алаңдағы ең пайдалы ойыншы Сергей Торопов болды: шабуылшы бірде-бір рет мүлт кетпей, 7 ұпай еншіледі.

Бір минуттық тайм-ауттан кейін «Астана» атой салып, Рустам Мырзағалиев пен Максим Марчук салған доптардың арқасында алға шықты. Бірақ үлкен үзіліске дейін «Нижний» қамшыны басып, 7 ұпай айырмасымен алға озды. Бұл – матчтың бірінші жартысындағы ең жоғарғы доп айырмасы. Қазақстан командасының ең басты кемшілігі, доптан айырылып қалу болды – үлкен үзіліске дейін 15 рет осындай олқылық тіркелді.

Маңызды сәт: Бұл матчтың шешуші сәті үшінші кезеңнің басы болды. «Нижний», ақыры, алаң иелерінің қорғанысы кілтін тауып, бірнеше нәтижелі шабуылын сәтті аяқтады. Есеп айырмасы лезде екі таңбалы санға жетті, ал кезең барысында волгалықтар тіпті «+17» доп айырмасымен ұтып жатты.

Мұндай есеп айырмасын қысқартуға «Астананың» күш-жігері жетпеді, селдіреп қалған құрамы кемшін түсті. «Нижний» өзінің 7 матчқа созылған сәтсіздігінің тамырына балта шауып, 2022 жылғы алғашқы жеңісіне қол жеткізді (49:69).

Рустам Мырзағалиев

Көп ұпай жинағандар: Максим Марчук (14), Рустам Мырзағалиев (9 + 6 рет доп қағып алды).

«Астананың» бас бапкері м.а. – Деян Парежанин:
– «Нижний Новгородты» жеңісімен құттықтаймын. Бірінші кезең екі команда үшін де өте шиеленісті болды. Біз қорғаныста жақсы ойнадық, бірақ қарсыласымызды тез шабуылға шыққанда, сан соқтыра алмадық, өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асырмадық. Үлкен үзілістен кейін дода көрігін қыздыруға тырыстық, бірақ қонақтар ойын тізгінін уыстарынан шығармады, бізге ешқандай мүмкіндік бермеді. Біз көп қателестік, енді бізге келесі ЦСКА жігіттерімен өтетін ойынға дейін солардан сабақ алу қажет.

Әрі қарай: 10 сәуірде, өз алаңымызда ЦСКА-мен ойнаймыз.
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»