«Астана» ВТБ лигасы көшбасшысының қыспағына төтеп бере алмады

18.02.2022, 10:00    Оқылғаны: 428
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы бес күннің ішінде ВТБ Бірыңғай лигасы аясында үшінші матчын өткізіп, бұл жолы турнирдің көшбасшысымен, яғни Қазанның УНИКС-імен кездесті. Қазақстан командасы, әсіресе оның көшбасшылары осыдан екі күн бұрын өткен ойында барлық күш-жігерлерін жұмсаған болатын. Сондықтан біздің жігіттер тынығып үлгермеді. Ойынды Скайлар Спенсер, Энтони Хики, Антонио Кэмпбелл, Максим Марчук және Рустам Мырзағалиев бестігі бастады.

Қазан ұжымы ортада ойынға қосылған допты іліп әкетті. Бірақ матч есебі тек бір жарым минут өткеннен кейін ғана ашылды, әрі оны біздің команданың ойыншысы ашты – Антонио Кэмпбелл, ол айып соққысының біреуін дөп түсіріп, ізінше осы ойындағы бірінші үш ұпайлық допты салды. Қонақтар осыдан кейін ғана өздерінің алғашқы ұпайларын еншіледі. Әрі есепті тез теңестірді. Әйтсе де, бірінші кезеңнің ортасына дейін “Астана” серпіліс жасап, алты ұпай айырмасымен алға шықты. Осы серпілісте доп салғандар: Максим Марчук, Энтони Хики және Скайлар Спенсер. Қазаннан келген қонақтар нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай, ал Қазақстан командасы өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысты. Энтони Хики қонақтардың қорғанысын бұзып өтып, доп салса, Марка Тихоненко үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Ал “Астана” жеті ұпай айырмасымен алда тұрды. Энтони Хики осы басымдықты уысымыздан шығарып алмауға үлес қосып, әуелі “энд уан”, содан соң пәрменді данк орындады. Алайда, бұл кезеңде соңғы допты үш ұпайлық аймақтан қонақтар салып, есепті қысқартты. “Астана” бірінші кезеңде басым болды, есеп – 20:16. Екінші кезеңнің басында екі команда да нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмады. Екі минуттың ішінде командалар алыстан бір-бір доптан түсірді. Бізден мергендік танытқан Олег Балашов болды. Содан кейін Энтони Хики қонақтардың қорғанысын бұзып өтіп, доп салды, әрі оған қарсы ойын ережесі бұзылып, айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Ал Антонио Кэмпбелл орта қашықтықтан екі ұпай еншіледі. Алайда қонақтар да қалыспады, екінші кезеңнің ортасында екі команданың арасын сол күйі төрт ұпай ғана бөліп тұрды. Кезең бел ортасынан ауғанда Максим Марчук данк орындап, Энтони Хикидің тамаша пасын сәтті аяқтады. Өкінішке қарай, бұл біздің команданың ойынның бірінші жартысындағы соңғы ұпайлары болып шықты. Қалған төрт минутта тек қазандықтар доп салумен болды. Әрі олар матчтың бірінші жартысында басым түсті, есеп – 30:38. Ойынның бірінші жартысында Қазақстан командасы шығыршық түбінде есе жіберді. Нақтырақ айтқанда, қайтқан допты қағып алудағы көрсеткіштері 10 сәтке кем болды. Сондай-ақ, біз доға сыртынан доп лақтырудан да көрсеткішіміз (дәлдігіміз) кем болып шықты. Қос ұжымның қалған статистикалық көрсеткіштері тең болды.

Талисман баскетбольного клуба Астана

Екінші кезеңнің соңында біздің команданың кежегесі кейін тартып, күш-жігерлері сарқыла бастағаны байқала бастады. Қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Біздің команданың көшбасшылары бес күннің ішіндегі үшінші матчта ауыспай ойнағандықтан, шаршап-шалдыққандары білінді. Жылдамдықтары тым төмендеп кетті. Ал УНИКС болса, маусым көшбасшысы, құрамы жоғары деңгейлі ойыншылармен жасақталған, қосалқы құрамындағы жігіттері де – сенім үдесінен шыға білетін шеберлер. Осы ойынның бірінші ширек бөлігінде ойындары үйлеспей қойған қазандықтар екінші кезеңде еселерін қайтарды. Ал үшінші кезеңнің басында есеп айырмасын лезде екі таңбалы санға жеткізді, Скайлар Спенсер мен Марк Тихоненко олардың құйрық үзіп кетпеулеріне жол бермеуге тырысты. Бірақ бұлар біздің команданың үшінші кезеңнің бастапқы бес минутындағы соңғы ұпайлары болды. Қазандықтар кезең ортасында да, оның екінші жартысында да көсіле сілтеп, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Кезең соңына дейін біздің сапымыздан Энтони Хики ғана көзге түсіп, алты ұпай еншіледі. УНИКС үшінші онминуттықта өз басымдықтарын тағы он ұпайға арттырып, соңғы кезең қарсаңында он сегіз ұпай айырмасымен құйрық үзіп кетті – 40:58. Командалар арасы тым алшақтап кетіп, енді оларды қуып жету мүмкін емес екені сезіліп тұрды. Өйткені, бұл матчта біздің команданы ойыны үйлеспей қойды. Қазандықтар есеп айырмасын тез арада жиырма ұпайға жеткізді. Төртінші кезең басында Скайлар Спенсер қонақтардың қорғанысын бұзып, өтіп доп салды, әрі Олег Балашов та екі ұпай еншіледі. Бірақ бұдан соң біздің жігіттер тағы да төрт минуттан артық уақыт бойы доп сала алмай, сергелдеңге түсті. Матчтың аяқталуына бес минут уақыт қалғанда біздің команда отыз ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әрі матчтың қалай аяқталатыны да белгілі болды. Әйтсе де, соңғы бес минут тең дәрежеде өтіп, есеп айырмасы көп өзгерген жоқ. Біздің команда сапынан Энтони Хики, Николай Бажин және Скайлар Спенсер доп салды. Соңғы ұпайларды Бажин мен Спенсер еншілеп осы ойынның қорытынды есебін түйіндеді – 53:84. “Астана” ойсырай ұтылып қалды.


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Энтони Хики осы ойында ең көп ұпай жинаған ойыншы болды – 20 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 4 пас. Скайлар Спенсер тиімділігі жағынан бәрінен асып түсіп, дабл-дабл орындады – 10 ұпай, 12 рет доп қағып алды, 4 блокшот. Антонио Кэмпбелл 6 ұпай жинап, 6 рет доп қағып алды және 2 пас берді. Максим Марчук өз еншісіне 4 ұпай жазып, 3 рет доп қағып алды және 3 пас берді.
  • УНИКС – қазандықтар сапында төрт ойыншы бірдей он ұпайдан артық жинады, ал ең үздіктері Айзея Кэнэн мен Марио Хезонья болды.


«Астананың» бас бапкері – Дарко Руссо:
— УНИКС-ті жеңісімен құттықтаймын. Олар қорғаныста өте сауатты ойнайды. Әрі УНИКС командалық ойын үлгісін қорғаныста да, шабуылда да көрсетіп жүр. Бұл мен алаңда кезіккен командалардың ішіндегі ең үздіктеріні бірі. Егер олар бүгінгідей көсіле сіотесе, оларды жеңу мүмкін емес деуге де болады. Әрі мен өз жігіттерімді де түсінемін – бұл 6 күннің ішіндегі 3-ші ойын болды. Мен тек 30 ұпай айырмасымен ұтылғанымызға қапаланамын, бірақ үлкен үзілістен кейін біздің күш-жігеріміз сарқылды.

УНИКС  бас бапкері – Велимир Перасович:
— Осы ойынды тым сылбыр бастап, шабуылда өзімізге сенімді болмадық. Бірақ ойынның екінші жартысында жақсы ойнай бастадық, тізгінді уысымыздан шығарған жоқпыз, доппен тез қимылдадық, соның арқасында ірі жеңіске қол жеткіздік.

Салдары: “Астана” бүгін ұтылса да, екі күн бұрын көтерілген тоғызыншы орнын сақтап қалды.

Келесі матч: Астана командасы енді ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін 7 наурыз күні өткізеді. Бұл жолы бізге жауапты ойынын өткізу үшін эстонның «Калев» командасы қонаққа келеді. Ал бұған дейін «Астана ойыншылары Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Әлем кубогының іріктеу додасы аясында, түзде екі рет додаға түседі – 24 ақпанда Иранмен. Ал 27 ақпанда Бахрейнмен.

Дарко Руссо

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»