Энтони Хикиден тарихи трипл-дабл – «Астана» «Локомотивті» тізе бүктірді

15.02.2022, 09:00    Оқылғаны: 424
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы жаңа жылда, өз алаңында өткізген бірінші ойыны біздің жанкүйерлер үшін нағыз мереке болды. Біздің жігіттер Краснодардың «Локо» командасымен аянбай шайқасып, теңдессіз триллерге айналған соңында жеңісті жұлып алды.

Бұл ойында мақтауға тұрарлық ойыншы, сөз жоқ, құйындай орап соққан Энтони Хики болды, әрі сүйікті командаларының ойынын сағынып қалған біздің жанкүйерлер де жігіттерімізді жігерлендіріп отырды. Өйткені өз алаңымыздағы соңғы ойын осыдан екі айдан астам уақыт бұрын болған. Ал “Локомотив-Кубань” Нұр-Сұлтанға айқын фаворит ретінде келді. Букмекерлер “Астананың” жеңісіне шамамен 5 коэффициентін берді. Сонымен қатар, бұл матчта Джейлен Барфорд Краснодар клубы сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Алайда, “Астана” букмекерлердің үнемі дұрыс болжамдай бермейтіндігін дәлелдеі. Ал Энтони Хики болса, Джейлен Қазақстан командасының ең басты жұлдызы емес екендігін дәлелдеп шықты.



«Астана» бұл ойынды өте сәтті бастап, есепті біздің кэп ашты – Рустам Мырзағалиев – плюс екі. Ал қонақтар болса, біздің шығыршығымыздың кілтін таппай, біраз уақыт сенделді. Үш минутқа жуық уақыт бойы соқыр ұпай да еншілей алмай, пұшайман болды. Ал бізден Мырзағалиевтен бөлек, Энтони Хики мен Скайлар Спенсер доп салды. Краснодарлықтар содан кейін ғана алғашқы ұпайларын еншілеп, алыстан доп салды. Бірақ Хики оларға ізін суытпай, екі ұпаймен жауап берді. Дегенмен, бірінші кезеңнің ортасында “Локо” баскетболшылары көсіле сілтеп, есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шықты. Бұдан кейінгі бірнеше минут арқан тартыс секілді өтіп, екі команда алма-кезек алға шығып отырды. Осы уақыт ішінде бізден Энтони Хики алты ұпай еншілеп, Скайлар Спенсер өз еншісіне екі ұпай қосты. Бірінші кезеңнің соңында кубандықтар екі нәтижелі шабуыл шамасында алға шыққан, бірақ Максим Марчук пен Энтони Хики олардың алысқа ұзауына жол бермеді – 20:25. Екінші кезенің басында Антонио Кэмпбелл осы ойындағы біздің алыстан лақтырған доптарымыздың біріншісін дәл түсіріп, команданы дүр сілкіндірді. Әрі екі рет қатарынан үш ұпайлық аймақтан мергендік танытып, «Астананы» қайтадан алға шығарды. Бірақ қонақтар да өз шабуылдарын нәтижелі аяқтап, кезекті рет алдымызды орап кетті. Скайлар Спенсер айып соққысының біреуін мүлтіксіз орындап, іле-шала Энтони Хики үш ұпайлық доға сыртынан доп салды, әрі осы шабуылда айып соққысымен таразы басын теңестірді. Бірден алға шығып кетудің орайы келмеді, бірақ Хики есепті тағы теңестірді. Сәл кейінірек Максим Марчук үш ұпайлық соққысымен біздің ұжымды алға шығарды. Бұл серпінді Олег Балашов пен Энтони Хики қолдай жөнелді. Есеп айырмасы жеті ұпайға дейін ұлғайып, қонақтарға тайм-аут алуға тура келді. Әрі олар мұның жемісін көріп, бір жарым минуттан кейін таразы басын теңестірді. Содан, матчтың бірінші жартысының соңындағы екі минуттан артық уақыт бойы екі команда да доп сала алмай қойды. Бірақ бұл іркілісті Скайлар Спенсер үзіп, алаң иелерін қайтадан алға шығарды. Әйтсе де, екінші кезеңнің соңында қарсыластарымыздың ойындары жүріп, жауапсыз екі шабуылды сәтті сяқтады – 44:46. Тең есепке пара-пар ойын өрнегінде статистикалық цифрлар да шамалас болды. Десек те, статистикалық көрсеткіштер тиімділігінің жиынтығы қонақтар жағына ауып тұрды. Бірақ  осы екі кезеңнен кейін-ақ біздің “біздің негізгі көзіріміз”, яғни Энтони Хики рекордты цифрларды бағындыра бастады – 22 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 7 пас.

Дарко Руссо

Үшінші кезеңнің басында «Локо» ойыншылары бірден үш ұпайлық доп салды. Іле-шала Энтони Хикидің орындауында, бізден де осындай жауап болды. Мұндай тең ойында әрбір нәтижелі шабуылдың маңызы өте зор еді. Алайда келесі екі минутта таблодағы есеп мүлде өзгерген жоқ. Үшінші кезеңнің ортасында Энтони Хики доға сыртынан мергендік танытты. Бірақ қонақтардың да үш ұпайлық жауаптары көп күттірген жоқ. Көмекке Марк Тихоненко келіп, осы ойындағы өзінің бірінші үш ұпайлық добын салды. Ал Скайлар Спенсер пәрменді данкпен командалар арасын бір ұпайға дейін жақындатты. Бір минуттан соң Энтони Хики мен Антонио Кэмпбелл алыстан үш ұпайлық соққыларын дөп түсірді. Енді “Астана” бес ұпай айырмасымен алда тұрды. Ал “Локомотивтің” бапкерлері тағы да тайм-аут алуға мәжбүр болды. Алайда бұл жолы оларға одан пайда болмады. Ал Энтони Хики тағы да бес ұпай еншіледі. Бірақ бұдан кейін, біздің жігіттер, кезең аяқталғанша доп сала алмады. Ал қонақтар болса, бізді қуып жете алмаса да, есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты – 66:64. Төртінші кезеңде табан тірескен дода болары белгілі еді. Әрі іс жүзінде солай болып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әуелі “Локомотив Кубань” тез арада алға шықты. Сөйтіп, енді біздің бапкерлерімізге тайм-аут алуға тура келді. Төртінші кезеңнің ортасына дейін командалар алма-кезек алға шығып, дода көрігін қыздырды. Осы уақыт ішінде Марк Тихоненко үш ұпайлық соққысымен “Астананы” алға шығарды, Энтони Хики де ұш ұпайлық добымен таразы басын бізге қарай аударды, Антонио Кэмпбелл есепті теңестірді, ал Хикидің екі ұпайы мен Спенсер орындаған данктен соң “Астана” ойын тізгінін қайтадан өз қолына алды. Кезеңнің бел ортасында Марк Тихоненко тағы бір алыстан лақтырған добын дөп түсірді. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бес мнут қалғанда, біз екі ұпай айырмасымен алда тұрдық. Алаңдағы жағдай мейілінше шиеленісе түсіп, командалар техникалық фолдар ала бастады. Ал ойынның қалған уақыты тактикалық сипатта өрби бастады. Қонақтар есепті теңестірді, бірақ іле-шала Антонио Кэмпбелл өте маңызды үш ұпайлық доп салды. Дода көрігі мен атмосферасы шектен тыс қыза түсті. Бұл ойыншыларға әсер етіп, олар жиі қателесе бастады. Командалар орта қашықтықтағы екі нәтижелі шабуылдарымен алмасып, “Астана” сол күйі үш ұпай айырмасымен алда тұрды. Матчтың аяқталуына бір минуттан да аз уақыт қалған болатын. “Локомотив” асып-сасып жүріп, екі соққы бағыттады, екеуінен де нәтиже болмады. Ал матчтың аяқталуына он сегіз секунд қалғанда, қонақтар Скайлар Спенсерге қарсы ойын ережесін бұзды. Бұл біздің жеңіске жету мүмкіндігімізді артыра түскен еді. Бірақ бәрі ойдағыдай болмады. Скайлар бірде-бір соққысын шығыршыққа түсіре алмады. Ол аз болғандай, біздің жігіттер допты қапталдан ортаға қосқанда, жаза басып, одан айырылып қалды. Енді қонақтардың есепті теңестіріп, ойынды овертаймға созатын тамаша мүмкіндіктері болды. Ол үшін оларға үш ұпай еншілеу қажет еді. Әрі олар үш рет айып соққысын орындау құқына қол жеткізді. Әлі алты секунд уақыт бар болатын. Олар үшеуін де салса, ойын овертаймға ұласар да еді. Алайда олар біріншісінде мүлт кетіп, Қазақстан фанаттарының бәрі терең дем алды. Қонақтар екіншісін де шығыршыққа түсіре алмай, енді допты ойыннан салу үшін үшіншісін кері қайтатындай етіп орындады. Бірақ қайтқан допты Скайлар Спенсер қағып алды, әрі оған қарсы тағы да ойын ережесі бұзылды. Екі секунд қана уақыт қалған, ал есеп айырмасы – үш ұпай. Скайларға осы екі айып соққысының біреуін салса, матч тағдыры шешілер еді. Қызық болғанда, ол біріншісін мүлт жіберіп, жанкүйерлерді қобалжытты. Бірақ екіншісін мүлтіксіз орындап, “Астана” жеңіске жетті. Есеп – 87:83.
 


Көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – бүгінгі Энтони Хики жүзеге асырған перфоманс ВТБ Бірыңғай лигасының тарихына енді. Хики Лига тарихында трипл-дабл орындаған жетінші ойыншы болды. Ал оның трипл-даблы ең тиімді көрсеткіш болды. Энтони 43 ұпай жинап, Лига тарихында бір матчта ең көп ұпай жинаған екінші нәтижеге қол жеткізді. Ал егер овертаймдарды есепке алмасақ, бұл – Лига тарихындыға бірінші нәтиже. Энтони Хики – 43 ұпай, 10 рет доп қағып алып, 11 пас, 2 рет допты тартып алды және 1 тамаша блокшот. Сонымен қатар, Энтони Хики дәл қазір бір ойында еншілеген ұпайлар және тиімділік рейтингтерінде көш бастады. Әрі пас беру мен допты тартып алудан да көш бастады. Скайлар Спенсер бүгін айып соққысын орындауда “таң қалдырып”, он мүмкіндігінің екеуін ғана дәл түсірді. Бірақ мұның есесін тамаша ойын өрегімен қайтарды – дабл-дабл – 12 ұпай, 15 рет доп қағып алды, 2 пас, 1 блокшот, әрі, ең бастысы – маңызды айып добын дәл түсірді. Айта кеткен жөн, Скайлар Спенсер – дәл қазір орта есеппен бір матчта қайтқан допты қағып алудан және блокшоттардан көшбасшы. Антонио Кэмпбелл доға сыртынан допты көп лақтырды, бірақ соның 33% ғана дөп түсірді. Алайда ең маңызды сәттерде дәл түсіріп, 14 ұпай жинады, 3 рет доп қағып алды. Марк Тихоненко да бүгін алыстан атқылаумен болды, бірақ осы мүмкіндіктерінің жартысын ғана сәтті орындады – 3, яғни 9 ұпай еншіледі.
  • «Локомотив-Кубань» – Эрик Макколлум бүгін қонақтар сапында үздік шықты – 17 ұпай. Ал Алан Уилльямс, Дариус Томпсон және Джейлен Барфорд 11 ұпайдан жинады.


«Астананың» бас бапкері – Дарко Руссо:
– Командамыз үшін қуаныштымын. Өйткені, біздің матч соңында ұтылып қалған ойындарымыз көп болды. Бүгін біз ойын тізгінін уысымыздан шығарған жоқпыз. Тек екінші кезеңнің аяғында «Локо» алға озып, үлкен үзіліске 2 ұпай басымдықпен шықты. Бірақ біз бұдан кейін өз ойынымызды ырғағын тауып, өте жақсы ойнадық. Тағы да командамызды жеңісімен құттықтаймын.

«Локомотив-Кубань» бас бапкері – Бранко Максимович:
– Бүгін қар
сыласымыз бізден ойын детальдарымен асып түсті. Біздің кежегеміз кері тартып, ойынымыз үйлеспей қойған сәттеріміз болды. 40 минут бойы лайықты деңгейде ойнап, барлығына жан-жақты көңіл бөле алмадық.

Келесі матч: Біздің жігіттерде жеңіске шатанатын да уақыт жоқ. Олар келесі тартысты дода алдында бір күн ғана дем алады. Ал бейсенбі күні, 17 ақпанда сары-көкшіл жейделілерге жауапты матчын өткізу үшін Қазанның УНИКС-і қонаққа келеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матч билеттерін Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыздар.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»