ЦСКА «Астана» үшін өре жетпейтін қарсылас болып тұр

13.02.2022, 21:00    Оқылғаны: 200
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Мәскеуде ЦСКА-мен тайталасып бақты, бірақ азулы қарсыласын жеңе алмады. Дарко Руссо бұл матчты бастауды Энтони Хики, Скайлар Спенсер, Антонио Кэмпбелл, Марк Тихоненко сынды легионерлеріміз бен қазақстандық Максим Марчукке сеніп тапсырды.

Ортада ойынға қосылған допты біздің команда іліп әкетіп, Энтони Хики бірінші шабуылда-ақ есеп ашты, әрі “Астананы” алға шығарды. Бірақ бұдан кейінгі төрт минутта Қазақстан командасы доп сала алмай, ал алаң иелері жеті ұпай айырмасымен алға ұзап кетті. Кезең ортасында Максим Марчук айып соққыларын мүлтіксіз орындап, Скайлар Спенсер шығыршық түбінен доп салды. Сонда да біздің команда екі таңбалы сан айырмасымен артта қалып, Дарко Руссо тым ерте тайм-аут алуға мәжбүр болды. Осы тактикалық іркілістен кейін алаң иелерінің қарқындары бәсеңсіп, ұпай еншілеуден қала бастады. Сөйтіп, бірінші кезеңнің соңғы үш минутында тек “Астананың” ұпайлары ұлғайып отырды. Антонио Кэмпбелл біздің ұжымнан бірінші болып үш ұпайлық доп салды, Энтони Хики ойын барысында тағы үш ұпай еншіледі, Максим Марчук те үш ұпайлық доға сыртынан мергендік танытты. Осылай, біз қарсыласымызды қуып жетпесек те, кезең соңына дейін есепті әжептәуір қысқарттық – 18:14. Екінші онминуттықтың басында әскерилер клубы үш ұпайлық доп салғанымен, Энтони Хики екі рет қатарынан біздің шабуылдарымызды сәтті аяқтады. Яғни есеп айырмасы бір үш ұпайлық соққыға дейін қысқарды. ЦСКА қайтадан шабуыл мен қорғаныста ширақ қимылдап, алға қарай ұзай бастады. Бізге тағы да бапкерлеріміз алған бір минуттық үзіліс көмектесті – әскерилер қайтадан екі таңбалы сан айырмасымен қара үзіп кеткен болатын. Кезең ортасында Олег Балашов екі рет алыстан доп салды, ал Марк Тихоненко салған үш ұпайлықтан соң, “Астана” бес ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Матчтың бірінші жартысының соңғы үш минутында мәскеуліктер нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Марк Тихоненко тағы бір үш ұпайлық соққысын дөп түсіргенімен, біздің команда екі таңбалы санға тең есеп айырмасымен ұтылып жатты – 44:30. Статистика бойынша, алаң иелерінің көп соққы бағыттағаны көрініп тұрды. Ортадан лақтырған доптарының пайызы бойынша мәскеуліктер біздің ұжымнан әлдеқайда асып түсті. Сонымен қатар, “Астананың” доптан айырылып қалған сәттері артық болып (4 ретке), қайтқан допты қағып алуда да қалып қойды (10 ретке). Мұның бәрі екінші мүмкіндікте доп салу айырмасының көп болып, доптан біз айырылып қалғанда олардың мүмкіндіктері арта түскенін білдіреді.

Олег Балашов

Шығыршық ауыстырған соң командалар нәтижелі шабуылдарымен алмасты – Антонио Кэмпбелл аллей-уп орындап, Энтони Хики алаң иелерінің қорғанысын бұзып өтіп, екі ұпай олжалады. Есеп айырмасы он бес ұпай шамасында сақталып тұрды. Алайда, осы сәтте біздің алыс артиллериямыз іске қосылды – Антонио Кэмпбелл мен Энтони Хики екі реттен допты алыс қашықтықтан нысанаға дөп түсірді. Кезеңнің ортасына қарай есеп айырмасы бес ұпайға дейін қысқарды. Алайда алаң иелері біздің екпінімізді басып, бұдан кейінгі екі минутта есеп айырмасы бес-жеті ұпай аралығында тербеліп тұрды. Осы уақыт аралығында Скайлар Спенсер екі ұпай, ал Энтони Хики бір ұпай еншіледі. Бірақ үшінші кезеңнің соңында ЦСКА жауапсыз алты ұпай еншілеп, соңғы кезең қарсаңында он үш балл айырмасымен ұтып жатты – 62:49. Төртінші кезеңде біздің ұжымның ойыны үйлеспей қойып, ЦСКА өз басымдығын жиырма ұпайға жуықтатты. Олег Балашов пен Энтони Хики салған үш ұпайлық доптар есеп айырмасын он бір ұпайға қысқарты. Бірақ кезеңнің бел ортасында алаң иелері есеп айырмасын жиырма ұпайға дейін ұлғайтты. Энтони Хики тағы екі ұпай еншілегенімен, матчтың аяқталуына үш минут қалғанда, бәрі де белгілі болды. ЦСКА жиырма алты ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Матч соңында мәскеуліктер қарқындарын бәсеңсітіп, біздің сапымыздан Максим Марчук пен Олег Балашов бір реттен, ал Энтотни Хики екі мәрте доп салды. Есеп айырмасы қысқарғанымен, “Астана” бұл ойында ұтылып қалды. Есеп – 84:65.


Көп ұпай еншілегендер: 

ЦСКА – Әскерилер сапында бастапқы бестіктегілер көсіле сілтеп, бес ойыншы он ұпайдан артық жинады. Мәскеуліктерден Марюс Григонис ең көп ұпай жинаған, ал Никола Милутинов ең тиімді ойыншы болды.

«Астана» – Энтони Хики бүгін ешкіммен ауыспай, матчты бастан-аяқ ойнап шықты, 26 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды, 7 пас беріп, 2 рет допты тартып алды. Антонио Кэмпбелл 11 ұпай жинап, 6 рет доп қағып алды. Олег Балашов 11 ұпай олжалап, 2 пас берді. Ал Максим Марчук өз еншісіне 7 ұпай жазып, 4 рет доп қағып алды.

ЦСКА бас бапкері – Димитрис Итудис:
— Команданы құттықтаймын. Біз негізінен жақсы ойнадық. «Астананың» негізгі күші, оның ойынын үйлестірушісі – Хики. Ал ол бүгін тағы бір тамаша ойын өткізді, біз оның қимыл-әрекеттеріне лайықты жауап таппадық. Бірақ бұл біздің қорғаныста біраз машықтанып, «оқшаулауға» қарсы ойын өрнегімізді өзгертуге мүмкіндік берді. Бізге жарақат алған ойыншыларымыз жетіспейтіндей, олардың спорттық баптарына келе амай жүргендері әсер ететіндей. Бұл біздің құрамымызды ауыстырып отыруға көмектесіп, тер төгіп өз қабілетімізді іс жүзінде байқай алдық.

«Астананың» бас бапкері – Дарко Руссо:
— Біз бүгін Еуропаның ең үздік командасының бірімен ойнадық. Бұл біз үшін маңызды ойын еді. Себебі, ең үздік ойыншымыз кеткен соң, өзімізді тексеріп көру керек болды. Әрі қарай қалай ойнайтынымызды түсіну қажет болды. Өйткені, енді маусым аяғына дейін команда сапында ешқандай өзгеріс болмайды. ЦСКА ешқашан қарсыласын бағаламай ойнамайды. Олар бізге қарсы дөрекілеу ойнады, ал біз олардың осы агрессиясын тоқтата алмадық. Олар үнемі жанасып, қоян-қолтық ойнап, жеңіске жетті. Біз «-19» айырмасымен де ұтылып жаттық, Бірақ, жалпы, намысты қолдан берген жоқпыз. Әйтсе де, мен ырза болмай тұрған жоқпын. Біздің ойындарымыздың күнтізбесі тым қиын, енді «Локо» және УНИКС командаларымен ойнаймыз. Қиын болады, бірақ біз сескенбейміз, мен команданы әрбір қарсыласпен шайқасуға үйретіп жүрмін.

Салдары: “Астана” әлі оныншы орында тұр, бірақ “Цмоки-Минск” бізбен негізгі көрсеткіштері бойынша теңесті, тек қосымша көрсеткіштеріне байланысты бізден бір саты төмен орналасты.

Келесі матч: Алдағы аптада біздің жігіттер өз алаңымызда екі ойын өткізеді. Сейсенбі күні, 15 ақпанда астанаға қонаққа Краснодардың «Локомотив Кубань» клубы келеді. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де. Матч билеттерін Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыздар. Содан соң, бейсенбі күні, 17 ақпанда сары-көкшіл жейделілерге Қазанның УНИКС клубы қонақ болады. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Бұл матчтың да билеттерін Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыздар.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»