«Астана» бірінші рет ЦСКА ұжымының жаңа аренасында ойнайды

12.02.2022, 21:00    Оқылғаны: 229
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Өз алаңындағы Қазақстан кубогы додасын аяқтаған соң, «Астана» баскетбол клубы Мәскеудің ЦСКА командасымен ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы бірінші ойынын өткізуге аттанды. Матч жексенбі күні, 13 ақпанда Мәскеудегі “Мегаспорт” жаңа спорт сарайы аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-деа.

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 1923 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990 
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019, 2021 
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973 
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007, 2010 
  • Еуропа чемпиондары Кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971. 
  • NEBL чемпионы − 1999/2000. 
  • Еуролига чемпионы − 2005/2006, 2007/2008, 2015/2016, 2018/2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19, 2020/2021
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасыны Суперкубогы иегері – 2021​


Баскетбольный клуб ЦСКА 2021/2022

Команда құрамы:

Әскерилер клубының құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда, көп өзгерген жоқ. Команда өзінің негізін қалайтын белді ойыншыларын сақтап қалып отырғаны, бірінші жыл емес. Бұл жолы, былтырғы құрамдағы 11 ойыншысы қалды – дат Иффе Лундберг, италияндық Дэниэл Хэккетт, неміс Йоханнес Фогтманн, грузин Торнике Шенгелия, америкалық Уилл Клайберн, сондай-ақ ресейліктер Джоэл Боломбой, Александр Хоменко, Иван Ухов, Семен Антонов, Андрей Лопатин және Никита Курбанов. Сонымен қатар, серб Никола Милутиновты атап өтуіміз керек, ол былтырғы маусымның ақпан айында команда тізімінен шығарылды да, биылғы маусымда қайта оралды. Сөйтіп, былтырғы маусымда келісімшарттарының мерзімі аяқталған  америкалық Дэрран Хиллиард пен нигериялық Майкл Эрик биылғы маусымда ЦСКА-мен келісімшарттарын ұзартқан жоқ.

Осыған орай, жаңа ойыншылары да көп емес, әрине. Командаға маусым басында Литва шабуылшысы Марюс Григонис қосылды. Ол өз карьерасын Литваның “Жальгирис” клубы жүйесінде бастаған. Одан кейін Испанияның “Пеньяс Уэска”, “Манреса” және “Иберостар Тенерифе”, сондай-ақ немістің “Альба” командаларында ойнады. Соңғы үш жылды өзі түлеп ұшқан “Жальгиристе” өткізді. Марюс өз карьерасында FIBA Чемпиондары лигасының жеңімпазы атанып, екі рет Литва чемпионы болған, әрі Король Миндаугас кубогын иеленген. Командаға жаңадан қосылған екі ресейлік ойыншыны таныстырудың да қажеті жоқ. Өйткені, олардың біреуі ЦСКА сапында ойнаған – Алексей Швед. Ал соңғы жылдары ол Мәскеу түбіндегі “Химки” клубының негізгі жұлдыздарының бірі болды. Орталық шептегі Владимир Ивлеев бұған дейін ұзақ уақыт “Нижний Новгород” және “Локомотив-Кубань” клубтарында ойнап, былтырғы маусымды “ПАРМА” сапында өткізді. Ал маусым басталып кеткен соң, ЦСКА сапын америкалық шабуылшы Кеннет Фарид толықтырды. Ол мейілінше, ұзақ уақыт NBA-дағы “Денвер Наггетс” сапында бақ сынап, “Бруклин Нетс” пен “Хьюстон Рокетс” құрамдарында да өнер көрсетті. Сонымен қатар, Кеннет Қытайдың “Чжэцзян Лайонс” және Пуэрто-Риканың “Леонес де Понсе” клубтарында да ойнады. Фарид – 2014 жылғы Әлем чемпионы. Бірақ Кеннет Фарид пен ЦСКА жолдары екі айырылып, 2021 жылғы желтоқсан айында ол АҚШ-қа оралды. Әскерилер клубыны ең соңғы жаңа ойыншысы – америкалық қорғаушы Аллерик Фримен. Онымен келісімшартқа 1 ақпанда ғана қол қойылды. Әрі ол УНИКС-пен өткен триллерде үш минут ойнап үлгерді. Аллерик Венгрияның “Альба Фехервар”, Түркияның “Бурсаспор”, Қытайдың “Шенжень Авиаторс” жәнеи “Киндао Иглз” және Францияның “АСВЕЛ” командаларында ойнаған.

Бас бапкер: ЦСКА-ның жаттықтырушылары құрамы командалардың соңғы кездесуінен бері мүлдем өзгерген жоқ. Әскерилер клубын сол бұрынғысынша грек маманы Димитрис Итудис жаттықтырады. Оған сол бұрынғыдай, грек Андреас Пистиолис, ресейлік Антон Юдин және испан маманы Даррил Миддлтон көмектеседі. Алайда, ақпан айының басынан бері, Итудистің денсаулығына байланысты, команданы оның көмекшісі Андреас Пистиолис басқарып жүр. Бірақ Еуролига додасындағы, “Маккаби” клубымен түзде өткен ойында Димитрис командамен бірге болды, яғни ол өз ұжымын “Астанамен” өтетін матчта да басқаратын шығар.

Команда көшбасшылары: ЦСКА-ның ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең тиімді ойыншысы – Никола Милутинов. Бірақ команданың ең көп ұпай жинаған ойыншысы, яғни Иффе Лундберг тиімділігі жағынан да одан көп қалыс тұрған жоқ. Торнике Шенгелия мен Йоханнес Фогтманн да өте жоғары нәтижелер көрсетіп жүр, бірақ екеуі де соңғы рет алаңға қаңтар айында шыққан. Джоэл Боломбой мен Дэниэл Хэккеттің де – статистикалық көрсеткіштері адам қызығарлықтай. Никита Курбанов, Марюс Григонис, Алексей Швед және Иван Ухов та олардан қалысар емес. Уилл Клайберн де көзге түсіп жүр, бірақ ол желтоқсан айынан бері ВТБ Бірыңғай лигасындағы ойындарда төбе көрсетпей кетті. Яғни әскерилер құрамы – үнемі қарымды.

Турнир кестесіндегі жағдай: “Астана” тоғыз ойындағы екі жеңісімен 10-шы орында тұр. Ал ЦСКА өзіне үйреншікті емес, 4-ші орында орналасқан. Олар тоғыз рет жеңіске жетіп, төрт рет жеңіліске ұшырады. Биылғы маусымда мәскеуліктер ойламаған жерден “Калевқа” есе жіберіп алды. Рас, одан кейін эстондардан еселерін ірі жеңіспен қайтарды. Петербордың “Зенитінен” де ұтылып қалды. Ал қазір турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Қазанның УНИКС клубынан екі рет ұтылды. Алайда екеуінде де шектенттыс шиеленісті ойын болды. Мәселен, жақында ғана аяқталған соңғы ойында матч тағдыры үшінші овертаймда шешілді. Жалпы, ЦСКА-ның екі доп додасында, яғни ВТБ лига мен Еуролигада бақ сынап жүрген ұжым екенін естен шығармауымыз керек. Ал “Астанамен” өтетін ойын олар үшін ақпанның басынан бергі, екі аптаға да жетпес уақыт ішіндегі, бесінші матч болады.

Кездесулер тарихы: «Астана» мен ЦСКА үшін бұл 23-ші екеуара матч болады. Біздің команда әскерилер клубын жеңуге шақ қалған матч болды, бірақ әлі жеңген емес. Сондықтан ЦСКА ұжымымен арадағы кездесулерде жеңісіміз әлі 0 болып тұр.

Қызықты деректер:

  • ЦСКА – ВТБ Бірыңғай лигасында “Астанадан” әлі ұтылмай келе жатқан жалғыз команда.


Матч жексенбі күні, яғни 13 ақпанда, Мәскеудегі “Мегаспорт” спорт сарайы аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Ойынның онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»