«Астана» өз алаңындағы «Тобылмен» өткен ойындарын сәттті аяқтады

13.12.2021, 21:00    Оқылғаны: 194
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы “Тобылмен” өз алаңындағы екінші матчын өткізді. Бүгін де астана командасы үстемдік танытып, биылғы маусымдағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді. Дарко Руссо бастаған жаттықтырушылар құрамы бұл ойында америкалық легионерлерден Джелен Барфорд пен Антонио Кэмпбеллге сенім артты. Әрі олар Марк Тихоненко, Рустам Мырзағалиев және Максим Марчук үшеуімен осы матчты бастады.

Ойынға қосылған допты қонақтар іліп алып, бүгінгі матчта есеп ашты. Доп додасы бірінші минуттарда тең дәрежеде өрбігенімен, “Астана” ойын тізгінін лезде өз қолына алып, алға шықты. Ал қостанайлықтар біздің команданы алысқа ұзатпай, қуып жетуге тырысты. Алғашқы бес минутта бізден Джейлен Барфорд, Максим Марчук, Рустам Мырзағалиев, Антонио Кэмпбелл мен Олег Балашов доп салды. Бірінші кезең бел ортасынан асқанда, Барфорд пен Марчуктің кезекті ұпайларынан соң алаң иелері алда ойқастады. Бірақ “Тобыл” тайталасып бақты, әрі есеп айырмасы да соншалықты алшақ болған жоқ. Бірінші кезеңнің соңғы минуттарында Дмитрий Гаврилов бір, ал Руслан Айтқали екі ұпай еншілеп, бірінші он минуттықты түйіндеді – 22:16. Екінші кезеңде таразы басы сары-көкшіл жейдеділерге қарай күрт ауа бастады. Біздің команда қарқынын үдетіп, құйындай орап соқты. Марк Тихоненко үш ұпайлық дәл соққысымен бастап, Олег Балашов қонақтардың қорғанысын бұзып өтті, ал Антонио Кэмпбелл “энд уан” орындап, көзге түсті. Барфорд доға сыртынан мергендік танытты. Осының бәрі екі минутқа да жетпейтін уақыт ішінде жүзеге асты. “Астана” шығыршыққа топырлатып доп түсіруін жалғастыра берді. Барфорд, Балашов, Тихоненко және Кэмпбелл еншілеріне екі ұпайдан қосты. Ал астана командасының басымдығы 20 ұпайға жетті. Кезеңнің бел ортасында Кэмпбелл мен Тихоненко үш ұпайлық соққыларын дөп түсірді. Айтпақшы, қонақтар бастапқы үш минутта еншілеген бес ұпайларымен шектеліп, пұшайман болды. Келесі бір жарым минутта екі команда да доп сала алмай қойды. Одан кейін “Астана” есеп айырмасын қайтадан ұлғайта бастады. Рустам Мырзағалиев айып сызығынан бір доп салып, Максим Марчук екі шабуылды сәтті аяқтады. Ал “Астана” дәл осы сәтте 30 ұпайдан артық есеп айырмасымен қара үзіп кетті. Матчтың бірінші жартысының соңғы бір жарым минутында қонақтар екі ұпайға қол жеткізіп, Руслан Айтқали оларға өзінің сегіз ұпайымен жауап берді – 60:23.

Марк Тихоненко

Шығыршық ауыстырған соң біздің жігіттер алға қарай лап қойды. Үшінші кезеңнің алғашқы минуттарында Роберт Пан, Джейлен Барфорд және Дмитрий Гаврилов үшеуі доп салып, елордалық гандикап 40 ұпайдан асып кетті. “Тобыл” жеңісті қолдан бермеуге тырысып, барлық күш-жігерін салып, есеп айырмасының одан әрі ұлғая түсуіне жол бермеуге талпынды. Осылай екі минут бойы есеп айырмасы 40 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Осы уақыт аралығында біздің қоржынымызды Пан, Балашов және Барфорд толықтырды. Кезеңнің ортасында елордалық гандикап қырық ұпайдан асып түсіп, тұрақтай бастады. Бұған Тихоненко, Мырзағалиева, Айтқали және Марчук еншілеген ұпайлар әсер етті. Үшінші кезеңнің қалған уақытында Руслан Айтқали 4 ұпай олжалап, Николай Бажин осы ойындағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Ал біздің басымдығымыз елуді еңсере бастады – 92:44. Ойын тағдыры шешіліп, “Астананың” тағы да жүз ұпайдан артық еншілейтіні де белгілі еді. Тек қорытынды есептің қандай болатындығын білу ғана қалды. Дарко Руссоның шәкірттері төртінші кезеңді жоғары қарқында бастаған жоқ. Десек те, бәрібір қонақтардан асып түсті. Ал өостанайлықтар болса, бес минутта бірде-бір ұпай еншілей алмады. Рустам Мырзағалиев екі айып соққысын мүлтіксіз орындап, Марк Тихоненко доға сыртынан, ал Дмитрий Гаврилов үш секундтық аймақтан доп салды. Гаврилов төртінші кезеңнің бел ортасына қарай айып соққыларын орындап, елорда ұжымының ұпай қорын 100-ге жеткізді. Ойынның қалған бөлігі аса нәтижелі болған жоқ. Әйтсе де, біздің ойыншылар өз еншілерін толықтыра түсті. Марк Тихоненко тағы да бір үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Роберт Пан “Астана” басымдығын 60 ұпайға жеткізді. Содан соң, ол және Олег Балашов айып соққыларын орындап, екі ұпайдан еншіледі. Матч соңында Руслан Айтқали мен Роберт Пан ойыннан екі ұпайдан олжалады. Қорытынды есеп – 112:49.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Руслан Айтқали бүгін біздің команда сапында ең көп уақыт ойнаған саңлағымыз болып, шамамен 30 минуттай, аса нәтижелі ойын өрегін көрсетті – 21 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 2 пас, 3 рет допты тартып алды. Марк Тихоненко да алаңда осыншы уақыт өткізіп, отыз минутқа жуық, 17 ұпай жинап, 7 рет доп қағып алды, 2 пас берді. Джейлен Барфорд 15 ұпай еншілеп, 2 рет доп қағып алды, 3 пас және 3 рет допты тартып алды. Рустам Мырзағалиев өз еншісіне 12 ұпай қосып, 7 пас берді, 3 рет допты тартып алды. Біздің команда сапынан төрт ойыншы бірдей 10 ұпайдан еншіледі. Антонио Кэмпбелл, оған қоса 2 рет доп қағып алып, 2 рет допты тартып алды және 2 блокшот қойды. Максим Марчук 2 рет доп қағып алды, 2 пас берді, 3 рет допты тартып алды. Роберт Пан болса, 6 рет доп қағып алып, 3 рет допты тартып алды. Олег Балашов сол он ұпайына 4 пас қосты.
  • «Тобыл» – бүгін қонақтар сапындағы үздік ойыншы Антон Быков болды – 23 ұпай, 14 рет доп қағып алды, 2 рет допты тартып алды. Ал Шайым Қуанов 8 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 2 рет допты тартып алды.


Салдары: “Астана” жеңілістің кермек дәмін әлі татпай, турнир кестесінде өкшесін басқан ұжымдардан едәуір ұзап кетті, ал “Тобыл” осы кестедегі өз жағдайын нашарлатып алды.

Келесі матч: «Астана» енді, 19 желтоқсан күні Пермде жергілікті «ПАРМА-Париматч» командасымен ойнап, ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті матчны өткізеді. Ал Ұлттық лига аясындағы келесі қарсыласы «Ақтөбе» болады. Екі ойын да Нұр-Сұлтанда, 23 және 24 желтоқсан күндері өтеді.

​Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»