«Астана» өз алаңындағы бірінші ойында да «Тобылды» тас-талқан қылды

12.12.2021, 19:00    Оқылғаны: 279
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы өз алаңында Ұлттық лига аясындағы бірінші ойынын өткізді. Бұл матчта біздің қонақтарымыз, яғни Қостанайдың «Тобылы» елордалықтарға төтеп бере алмай, оңбай ұтылды. Дарко Руссо осы ойынға америкалықтардан Скайлар Спенсер мен Энтони Хикиді шығарған еді. Олар Николай Бажинмен, Рустам Мырзағалиевпен және Максим Марчукпен бастапқы бестікті құрады.

Скайлар Спенсер ортада ойынға қосылған допты іліп алып, зі бірінші шабуылда есеп ашты. Қостанайлықтар да көп күттірмеді, бірнеше секундтардан соң олар да доп салды. Бірақ бұл олардың алғашқы бес минуттағы жалқы ұпайлары болып шықты. Ал “Астана” нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, есеп айырмасын ұлғайта берді. Осы бес минутта Николай Бажин, екі мәрте Энтони Хики мен Максим Марчук доп салып, Скайлар Спенсер 9 ұпай еншіледі. Кезеңнің бел ортасынан кейін қонақтар да ұпай еншілей бастады. Бірақ бұл есеп айырмасына көп әсер еткен жоқ. Бірінші кезеңнің аяғына дейін біздің команда сапынан Олег Балашов, Марк Тихоненко және Руслан Айтқали доп салды. Ойынның он минутынан кейін астана командасы қомақты есеп айырмасымен ұтып жатты – 30:10. Екінші кезеңде де алаң иелері алға қарай лап қойды. Бұл кезеңнің басында “Астана” “Тобылдың” әрбір нәтижелі ұмтылысына екі сәтті шабуылымен жауап беріп отырды. Сөйтіп, астана басымдығы арта түсті. осы уақыт аралығында Энтони Хики ерекше көзге түсіп, бірнеше ұпай еншіледі. Сондай-ақ Руслан Айтқали мен Николай Бажин де өз еншілеріне ұпай қосты. Матчтың бірінші жартысының соғындағы үш жарым минуттан астам уақытта тек “Астана” ұпай еншілеп отырды. Тағы да Айтқали мен Балашов көзге түсіп, Дмитрий Гаврилов, Рустам Мырзағалиев және Роберт Пан осы ойындағы алғашқы ұпайларына өол жеткізді. Біздің команда өз басымдығына тағы да жиырма ұпайдай қосып, үлкен үзіліске тым алшақ есеп айырмасымен шықты – 58:19.

Николай Бажин

Үшінші кезеңнің бесінш минутынан кейін Марк Тихоненко үш ұпайлық соққысымен астана басымдығын қырық ұпайға жеткізді. Бұдан кейін Николай Бажин екі ұпай еншілеп, іле-шала Тихоненко тағы да екі рет үш ұпайлық доптарын шығыршыққа дөп түсірді. Үшінші кезеңнің ортасына қарай біздің команданың басымдығы елу ұпайды жуықтады. Алайда, келесі үш минутта астана есебіне Дмитрий Гаврилов еншілеген бір ұпайдан басқа ештеңе бұйырмады. Яғни есеп айырмасы ұлғаймады. “Тобыл” өз кезегінде оны сәл де болса қысқарта түсті. Бірақ кезең соңында біздің жігіттер қайтадан көсіле сілтеп, есеп айырмасын қайта ұлғайтты. Роберт Пан мен Рустам Мырзағалиев доп салып, Марк Тихоненко өз еншісіне 5 ұпай қосты. Сөйтіп “Астананың” бұл ойында жеңіске жететіндігі белгілі болып, елордалықтар соңғы кезеңнің алдында 79:32 есебімен қара үзіп кетті. Төртінші кезеңнің басында Роберт Пан екі ұпай еншіледі. Ал Олег Балашов салған үш ұпайлық доптан кейін “Астананың” басымдығы елу ұпайдан асып түсті. Соңғы кезеңнің ортасында “Тобыл” кішігірім серпіліс жасады, бірақ біздің жігіттер ойын тізгінін қайтадан өз қолдарына алып, көсіле сілтеді. Руслан Айтқали тағы бір үш ұпайлық соққысын дөп түсіріп, Андрей Литвиненко осы матчтағы алғашқы ұпайларын олжалады. Роберт Пан тағы да екі доп салып, оның осы ұпайларынан кейін есеп айырмасы қайтадан елу ұпайдан асты. Матч соңында Руслан Айтқали мен Андрей Литвиненко алыстан мергендік танытты. Руслан екі рет шығыршықты дәл көздеп, Андрейдің дәл соққысынан кейін елордалықтардың ұпай қорлары жүзден асып кетті. Сөйтіп, біздің команда өте ірі есепке қол жеткізді – 107:48.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Руслан Айтқали бүгін алыстан доп лақтырумен көзге түсіп, он үш ұпайлық мүмкіндігінің 5-еуін дәл түсірді. Жалпы, ол 21 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 2 рет допты тартып алды. Марк Тихоненко өз еншісіне 19 ұпай қосты, әрі 6 рет доп қағып алып, 3 пас берді. Энтони Хики 13 минутта 10 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 6 пас беріп, 3 рет допты тартып алды. Николай Бажин өз есебін 9 ұпайға арттырып, 2 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Скайлар Спенсер небәрі он жарым минут ойнап, 9 ұпай еншілеп үлгерді және 2 рет допты тартып алды, сондай-ақ 2 мәрте тосқауыл қойды. Роберт Пан да 9 ұпай еншіледі, әрі 2 рет қонақтардың соққыларына тосқауыл болып, 5 рет доп қағып алды және 5 рет допты тартып алды.
  • «Тобыл» – бұл ойында өз деңгейінде өткізген жалғыз Шайым Қуанов болды. Ол 20 ұпай жинап, 4 рет доп қағып алды. Антон Быков 8 ұпай еншілеп 5 рет доп қағып алды.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде жеке-дара көш бастап, “Тобыл” алғашқы үштікке де ілесе алмай келеді.

Келесі матч: “Тобылмен” өтетін өзара екінші матч ертең, яғни 13 желтоқсан күні, Нұр-Сұлтандағы “ Сарыарқа ” велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»