«Астана» овертаймда «Енисейдің» екпінін баса алмады

11.12.2021, 10:00    Оқылғаны: 220
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Өз алаңында «Енисейді» қабылдаған «Астана» баскетбол клубы жеңісті уысынан шығарып алып, қосымша уақытта жеңіліске ұшырады. Шамамен екі айға жуық уақыт бойы “Сарыарқа” велотрегі бос тұрды да, бүгін оның трибуналары баскетбол жанкүйерлеріне толды. Өйткені, “Астана” өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы екінші ойынын өткізіп, Нұр-Сұлтанға қонаққа Красноярскінің “Енисей” командасы келді. Бұл матчта да Дарко Руссо ойынның басында үйреншікті бестікке сенім артты – Джейлен Барфорд, Энтони Хики, Скайлар Спенсер, Антонио Кэмпбелл және Максим Марчук.

Ойынға қосылған допты қонақтар іліп алып, бірден есеп ашты. Әрі допты доға сыртынан түсірді. Біздің жігіттер де көп күттірген жоқ. Әуелі Джейлен Барфорд “Астананың” алғашқы ұпайларын еншілеп, іле-шала Энтони Хики елордалықтарды алға шығарды. Хики мен Барфорд тағы екі шабуылды сәтті аяқтап, алаң иелері бес ұпай айырмасымен алға озды. “Енисей” таразы басын кезеңнің ортасына қарай теңестірді. Бірақ Антонио Кэмпбелл кішігірім үш ұпайлық хит-шеру ұйымдастырып, “Астананы” алға шығарды. Алайда, қонақтар да ізінше алыстан жауап берді. Бұдан кейін Максим Марчук те доға сыртынан мергендік танытып, қайтадан алға шықтық. Қонақтар есепті мейілінше қысқартқандарымен, Кэмпбеллдің алыстан лақтырған кезекті добы шағаршыққа дәл түсті. Содан соң Барфорд екі ұпай еншілеп, “Астана” +6 ұпай айырмасымен ұзай түсті. Әйтсе де, қонақтар айылдарын жимай, алыстан доп салды. Сол-ақ екен, Антонио Кэмпбелл олардың шығыршығына тағы да үш ұпайлық добын, ал Энтони Хики мен Николай Бажин екі ұпайлық соққыларын дөп түсірді. Соның арқасында біздің басымдығымыз бірінші рет екі таңбалы санға жетті. Қонақтар орындаған пәрменді данктен соң Хики олардан допты тартып алып, кезеңнің соңғы секундтарында шығыршықты дәл көздеп, есеп айырмасын қайта ұлғайтты – 28:18. Матч басындағы тамаша ойынымыз жемісін беріп, біздің команда екінші кезеңде де көсіле сілтеді. Командалар арасын бөліп тұрған, таблодағы екі таңбалы сан үш минут бойы сақталып тұрды. Бірақ осы уақыт аралығында тек Джейлен Барфорд қана өзінің осы матчтағы үш ұпайлық алғашқы добын салды. “Астананың” басқа ойыншылары мергендіктерімен көзге түсе алмады. “Енисей” болса, ойын өрнегін өзгертіп, алаңның барлық шебінде прессинг ұйымдастырды. Әрі қорғаныста өте сауатты ойнады. Соның нәтижесінде біздің шабуылымыз “шалт баса” бастады. Ал таблодағы есеп сирек өзгеріп, қонақтар есеп айырмасын екі есе қысқартты. Олег Балашов осы ойындағы алғашқы ұпайын еншілеп, екінші кезең бел ортасынан ауған бетте айып соққысын мүлтіксіз орындады. “Астананың” голсыз өткен іркілісі үш жарым минуттан асқанда,  красноярлықтар есепті теңестірді. Барфорд осы іркілісті бұзып, “Астананы” қайтадан алға шығарды. Бірақ бұл да ұзақ сақталмады – үлкен үзіліске 30 секунд қалғанда, таразы басы қайта теңесті. Дегенмен, бұл кезеңдегі соңғы ұпай біздің командаға бұйырды – Джейлен айып соққысын сәтті орындады – 35:34. Тіпті есепке қарап-ақ, матчтың бірінші жартысы терезесі тең дәрежеде өткенін байқауға болады. Екі кезеңнен кейінгі статистика да соны көрсетті. “Астана” сәл де болса, допты ойыннан дәлірек лақтырып, ал “Енисей” оны айып соққыларымен теңестіріп отырды. Қалған көрсеткіштер бойынша да осындай тепе-теңдіктер болды.

Джейлен Барфорд

Үлкен үзілісте Дарко Руссо түзетулер енгізіп, ол біздің жігіттерге көп пайдасын тигізді. Олар матчтың екінші жартысын жоғары қарқында бастап (9:0), бұл серпілісте Барфорд, Хики, Марчук және Кэмпбелл мергендік танытты. Елорда басымдығы қайтадан екі таңбалы санға жетіп, тек осыдан кейін ғана қонақтар үшінші кезеңдегі алғашқы ұпайларына қол жеткізді. “Астана” ара қашықтықты ұлғайта түсіп, тағы да Джейлен Барфорд пен Максим Марчук доп салды. Алайда, үшінші кезеңнің ортасында Дарко Руссо шәкірттерінің қарқындары мейілінше бәсеңсіп кетті. Бірақ қонақтар да нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмады – ойынның үш минуты ұпайсыз өтті. Бұл іркілісті «Енисей» ойыншылары үзді, бірақ Скайлар Спенсер допты әсерлі түрде жоғарыдан салып, осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. “Енисей” кезең соңында көсіле сілтегенімен, бізден Спенсер, Тихоненко және Марчук салған доптардан соң, екі таңбалы гандикап отыз минут ойын уақытынан кейін де сақталып қалды – 56:46. Төртінші кезең де үмітімізді жалындай түсіп басталды. Қонақтар екі ұпай олжалағандарымен, Барфорд үш ұпай еншілеп, Спенсер мен Тихоненко өз есептеріне екі ұпайдан қосты. Сөйтіп, командалар арасы 15 ұпайға дейін алшақтай түсті. Кезең ортасында қонақтар ойын өрісін өзгерту үшін барлық күш-жігерлерін салды. Бірақ Барфорд пен Кэмпбелл салған доптардан соң біздің басымдығымыз 14-13 ұпай шамасында сақталып тұрды. Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда, есеп айырмасы арқаны кеңге саларлықтай еді (+13). Бірақ келесі үш минут мейілінше сәтсіз болып шықты. “Енисей” дода көрігін қыздыра түсіп, соңғы минут басталғанда 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Әрі Энтони Хики мен Антонио Кэмпбелл аллей-уп ұйымдастырды. Ал уақыт болса, тым аз қалған, 30 секундқа жуық, есеп айырмасы 6 ұпай болып, жеңіске қол созым ғана жер қалғандай еді. Бірақ қонақтар тарапынан “энд уан” жүзеге асып, есеп айырмасы үш ұпайға дейін қысқарды. “Енисей” бұған дейін аянбай прессинг қолдануға кірісіп, біздің команданы допты ойынға қосқанда өте қажет емес қателіктерге бой алдыруға мәжбүрлей түсті. Ал бұл бізге тым қымбатқа түсті. Қонақтар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, доға сыртынан доп салды. “Астананың” қайтадан алға шығуға уақыты жеткілікті еді.  Бірақ өз мүмкіндігін сауатты түрде жүзеге асырудың сәті түспеді. “Енисей” де қалған секундтарда жеңісті жұлып ала алмады. Осылай, ойын овертаймға ойысты – 70:70.

Қонақтар овертаймды өздеріне сенімді кейіпте бастады. Ал “Астана” басында, оларды қуып жетуге тырысумен болды. Әуелі Николай Бажин мен Антонио Кэмпбелл доп салып, ал Энтони Хики овертаймда бірінші рет біздің команданы алға шығарды. Командалар нәтижелі шабуылдарымен алмасып, алма-кезек алға шықты. Бірақ бұдан кейін “Енисей” қара үзе бастады. Бес ұпай айырмасы үмітімізді үзерліктей емес еді, бірақ соңғы секундтардағы қателігіміз біздің жағдайымызды тағырыққа тіреді. Джейлен Барфорд екі ұпай еншілегенімен, бұл мүлде жеткіліксіз еді. Сөйтіп, “Астана” жеңіліске ұшырады – 80:87.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Джейлен Барфорд Эстониядағы сәтсіз ойынынан соң, бүгін өзіне сай, жоғары деңгейінде өнер көрсетті – 26 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 2 пас және 2 рет допты тартып алды. Антонио Кэмпбелл бірінші кезеңде көсіле сілтеп, алыстан үш рет доп салды, әрі бүкіл ойын бойы пайдалы болды – 17 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 3 пас. Скайлар Спенсер небәрі 5 ұпай еншіледі, бірақ 12 рет қайтқан допты қағып алды, әрі 6 мәрте қонақтардың шығыршығы түбінде жанкештілік танытты, сондай-ақ 2 пас беріп, 2 рет тосқауыл қойды. Энтони Хики бұған дейінгі ойындардағыдай тиімді бола алмады, әйтсе де, көрсеткіштері жаман емес – 11 ұпай, 2 рет доп қағып алды, 6 пас, 6 рет допты тартып алды, 1 блокшот. Максим Марчук әдеттегідей қара жұмысты көп атқарды және 9 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, бірақ ескертулеріне байланысты матч соңында командаға көмектесе алмады. Николай Бажин өз еншісіне 6 ұпай жазып, 6 рет доп қағып алды.
  • «Енисей» – Қонақтар сапынан Александр Гудумак пен Район Браун құйындай орап соқты, әрі матчтың негізгі уақытының соңындағы маңызды ұпайларды еншілеп, ойынды овертаймға ойыстырды. Сондай-ақ, Каспер Уэйр мен Владислав Трушкин тамаша ойын өрнегін көрсетті.


«Астананың» бас бапкері — Дарко Руссо:
– Өкінішке қарай, ұтылып қалдық. Мен білмеймін, жеңіске жету үшін ойынның аяқталуына бір минут уақыт қалғанда, қанша ұпай айырмасымен алда тұру керек. Матчтың аяқталуына 50 секунд қалғанда біз 6 ұпай айырмасымен ұтып жаттық. Бірақ «Енисей» есепті теңестіріп кетті. Біз жылдам ойнап, жылдам шешім қабылдағанда, аса қиналмай доп салып, тез алға шықтық. Ал біз қарқынымызды бәсеңсітіп, тиімді ойын өрнегін көрсетуге немесе жанкүйерлерге ұнауға тырысқанда, «Енисейдің» еңсе тіктеуіне мүмкіндік беріп қойдық. Мен қатты күйзеліп тұрмын, өйткені міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек еді.

«Енисейдің» бас бапкері — Дражен Анзулович:
— Өз командамды құттықтаймын, себебі бұл біз үшін керемет жеңіс болды. «Астанаға» қарсы, оның алаңында ойнау – әрқашан да қиын, әсіресе биылғы маусымда. Біз бұл ойынға құрметпен қарап, жеңіске жетуді көздедік. Рас, ойынды ойдағыдай бастай алмадық, әсіресе қорғаныста қателестік. Екінші кезеңде бәрі де көңілдегідей болды, ойын тізгінін өз қолымызға алдық. Ал үшінші кезеңде, тағы да жаңылыса бастадық. Әйтсе де, жанкештілік және жеңіске деген жігерлік танытып, өзімізге өте маңызды жеңіске қол жеткіздік.

Салдары: “Астана” турнир кестесінде “Енисейді” алдына шығарып алып, оныншы орынға сырғыды.

Келесі матч: Тұп-тура бір күннен кейін астанаға, біздің командаға қонаққа, Қостанайдың «Тобылы» келіп, 12 және 13 желтоқсан күндері Ұлттық лига аясындағы қос кездесуін өткізеді. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы «Астананың» келесі қарсыласы «Парма-Париматч» болады. Бұл матч 19 желтоқсан күні Пермде өтеді.
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»