«Астана» түзде Саратовтың «Автодорымен» додаға түседі

06.11.2021, 18:00    Оқылғаны: 189
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Үш аптаға созылған үзілістен кейін «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы ойындарын жалғастырады. Алдағы жексенбіде біздің жігіттер түзде «Автодормен» маңызды ойын өткізіп, өткен маусымдардағы бас бапкері Эмиль Райковичке қарсы ойнайды. Ол биылғы маусымның басында Саратов ұжымымен құйындай орап соғып жүр. Матч жексенбі күні, яғни 7 қарашада Саратов қаласында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, FIBA Еуропа кубогы додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
  • Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
  • А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
  • Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
  • Суперлига чемпионы – 2013/2014
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013
 



Команда құрамы:

ВТБ Бірыңғай лигасының былтырғы додасында, маусым соңына дейін, Саратов командасының құрамында небәрі 9 ойыншы ғана қалды. Биыл сол тоғыздың төртеуі ғана “Автодормен” келісімшарттарын ұзартты. Саратовтан маусым аралығында кетіп қалғандар – америкалықтар Нейт Мейсон мен Маркел Старкс, сондай-ақ біздің команданың сербиялық бұрынғы ойыншысы, орталық шептегі Душан Ристич. Сонымен қатар, ресейлік ойыншылар Егор Бестужев пен Никита Михайловский де команда сапына тіркелмеді. Ал Саратовта қалғандар: жалғыз легионер – хорват Желько Шакич және ресейліктер – Евгений Минченко, Александр Петенев, Антон Квитковских.

Саратов командасын биылғы маусымда үш америкалық толықтырды. Орталық шептегі Джерретт Грэнт карьерасын АҚШ-та бастап, NBA Жетілу лигасындағы “Тулса Сикстисиксерс”, “Оклахома Сити Блю”, “Айдахо Стемпейд” және “Кантон Чардж” командаларында ойнаған. Әрі NBA-ның өзінде ойнап, “Оклахома Сити Тандер” және “Юта Джазз” клубтарының намысын қорғаған. Одан кейін Азияда өнер көрсетіп, қытайдың “Бейджинг Дакс” және жапонның “СиХорсес Микава” командаларында болды. Бұдан соң Босния және Герцеговинаға барып, “Игокеа” құрамында осы елдің Кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ немістің “Ратиофарм Ульм” командасында бір маусым ойнады. Былтырғы маусымды Джерретт Түркияның “Дарюшафака Текфен” командасы сапында өткізді. Шабуылшы Джэрон Джонсон да өзінің кәсіби карьерасын NBA Жетілу лигасындағ бірақ “Рио Гранде Валлей Вайперс” құрамында бастаған. Содан соң Австралияның “Пертф Уайлдкэтс”, Израильдің “Ирони Нес Зиона” командаларында ойнап, соңғы маусымдарды ол Францияда, “Леваллуа Метрополитанс”, “Элан Шалон” және “ЖДА Дижон” командалары сапында өткізген. Ал шабуылшы Ди Джей Фандерберк “Автодорға” дейін тек NBA Жазғы лигасындағы “Юта Джазз” сапында тәжірибе жинаған. Сондай-ақ, Саратов ұжымын екі Канада ойыншысы толықтырды. Қорғаушы Филип Скрабб ВТБ Бірыңғай лигасына алғаш рет келіп отырған жоқ. Грекияның “АЕК” және бірнеше маусым немістің “Скайлайнерс Франкфурт” сапында ойнап, соңғысымен Еуропа кубогын жеңіп алып, Санкт-Петербургтің “Зенитінде” шыңдалған. Содан кейін Испанияның “Эстудиантес”, Францияны “Лимож” және Канаданың “Ниагара Риверс Лионс” командалары сапында ойнаған. Ал канадалық қорғаушы Кенни Чери ВТБ Бірыңғай лигасынына биыл бірінші рет қосылды. Бұған дейін ол Венгрияның “Альба Фехервар”, Испанияның “СиБи Севилья” және “Гипузкоа Баскет”, Францияның “Балазак Баскет Дордоне” және “Нантерре 92” командаларында ойнап шығып, былтырғы маусымды Италияның “Брешиасында” өткізген. Ресейлік ойыншылардан, УНИКС сапындағы төрт маусымнан кейін Саратовқа тәжірибелі қорғаушы Евгений Колесников оралды. Сондай-ақ команда құрамын тағы бір тәжірибелі қорғаушы нығайтты, ол бірнеше маусым бойы УНИКС (Қазан), “Зенит” және “Спартак” командаларында өнер көрсеткен – Павел Сергеев.

Бас бапкер: “Автодор” — бас бапкерін жиі ауыстыратын команда ретінде танымал ұжым. Биыл да сол үрдіс сақталды. Былтырғы маусымды “Автодордың” бас бапкері қызметінде тәмамадаған Ресей маманы Владислав Колесниковті Солтүстік Македония маманы Эмиль Райкович алмастырды. Саратов командасының жаңа бас бапкері туралы жазудың да қажеті жоқ. «Астананың» барлық жанкүйерлері оны жақсы біледі. Себебі соңғы үш маусымда ол біздің команданың тізгінін өз қолында ұстаған. Сонымен қатар, “Астананың” тағы бір бұрынғы жаттықтырушысы, яғни серб Марко Величкович те саратовтықтардың бапкерлері құрамына ілінді. Ал оларға бұрынғысынша тек Владислав Коновалов көмектесетін болады.

Команда көшбасшылары: ВТБ Бірыңғай лигасындағы төрт ойыннан кейін Саратов командасында тиімділігі жағынан да, нәтижелілігі жағынан да канадалық Кенни Чери үздік ойыншы болып саналады. Солтүстікамерикалық қалған легионердің төртеуі де, атап айтқанда, Ди Джей Фандерберк, Филип Скрабб, Грэнт Джеретт және Джэрон Джонсон одан қалысып жатқан жоқ. Төрт ойыннан кейін олардың төртеуі де тиімділігі жағынан да, нәтижелілігі жағынан да екі таңбалы санға тең көрсеткішпен сенімді ақтап жүр. Ресейлік ойыншылардан Павел Сергеев пен Евгений Минченко ерекше көзге түсіп келеді.

Турнир кестесіндегі жағдай: “Астана” қазір екі жеңісімен және бір жеңілісімен бесінші орында тұр. “Автодор” да бір рет қана ұтылған, бірақ үш рет жеңіске жетті. Әрі соңғы ойында олар Лиганың алпауыт ұжымының бірі, Қазанның УНИКС командасын сан соқтырып кетті. Сонымен қатар, Саратов ұжымының Еуропа кубогында да табысты ойын өрнегін көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн. “Автодор” өз тобында 4 ойын өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетті, әрі әлден келесі кезеңде өнер көрсету құқығына ие болды.

Кездесулер тарихы: “Астана” мен “Автодор” өз тарихтарында 16 рет кездесті. ВТБ Бірыңғай лигасы аясында командалар 13 ойын өткізіп, Саратов ұжымының қазақстандықтардан бір жеңісі артық болып тұр – 7:6. 

Қызықты деректер:

  • “Автодор” – ВТБ Бірыңғай лигасында бас бапкерін жиі ауыстыратын ең тұрақсыз команда. Өткен 7 маусымда бірде-бір бас бапкер өз міндетін маусым соңына дейін атқарып шыға алмады. Ал үш маусымда бас бапкер үш мәрте өзгерді. Енді Эмиль Райкович бұл үрдісті бұзады деп сенеміз.
  • Соңғы екі маусымда “Автодор” “Астанадан” ұтылған емес.
  • Букмекерлер Қазақстан ұжымының Саратовта жеңіске жететіндігіне сенбейді.


Матч жексенбі күні, яғни 7 қарашада Саратовтағы «Кристалл» спорт сарайы алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»