«Астана» Каспий жағасында ірі жеңіске жетті

31.10.2021, 20:00    Оқылғаны: 394
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лига аясында, түзде Ақтаудың «Каспий» командасымен өткен бірінші матчта жеңіске жетті. Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір бұл екі команда турнир кестесінің екі полюсінде тұр: “Астана” бірінші орында, ал “Каспий” – сәйкесінше, соңғысында. Бұл ойында Энтонио Кэмпбелл Қазақстан чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізді. Сонымен қатар, Дарко Руссо алаңға Джейлен Бэрфордты шығарды.

Дмитрий Гаврилов ортада лақтырылған допты іліп алып, өз командасын шабуылға шығарды. Бірақ біздің ойыншылар бірінші минутта есеп аша алмады. Алаң иелері де доп сала алмай, жаза басты. Ақыры, бұл ойындағы бірінші ұпайларды “Астана” еншіледі – Джейлен Бэрфорд үш айып соққысын мүлтіксіз орындап, іле-шала Вадим Щербак орта қашықтықтан мергендік танытты. “Каспий” алғашқы ұпайларын екі минут өткеннен кейін ғана еншіледі. Ал Энтонио Қазақстан чемпионатындағы алғашқы ұпайларын еншілеп, әуелі қайтқан допты қайыра салып, содан соң доға сыртынан дөп түсірді. Николай Бажин салған доптан кейін, “Астана” басымдығы екі таңбалы санға жетті. Бұдан кейінгі екі минутта Дмитрий Гаврилов екі доп салды. Бірақ алаң иелері есеп айырмасын 4 ұпайға дейін қысқартты. Соңғы үш минутта “Астана” көсіле сілтеп, үстемдік құрды. Доп салғандар – Бэрфорд, Тихоненко, Кэмпбелл, Мырзағалиев. Әсіресе Олег Балашов ерекше көзге түсіп, үш минутқа да жетпейтін уақыт ішінде 11 ұпай еншіледі. Кезең соңында “Астана” алаң иелерін тұп-тура екі есе басымдықпен ұтып жатты – 20:40. Бірінші кезең, әсіресе оның соңы, біздің жігіттер үшін өте нәтижелі болды. Екінші кезең әлдеқайда тең дәрежеде өтті. Әйтсе де, “Астана” жиырма ұпай шамасындағы басымдығын уысыан шығарған жоқ. Қайсыбір сәтте есеп айырмасы 14 ұпайға дейін қысқарғанымен, астана командасы үлкен үзіліске дейін айқын басымдықпен алға ұзады – 38:60. Екінші кезеңде доп салған ойыншыларымыз Джейлен Бэрфорд, Марк Тихоненко, Дмитрий Гаврилов және Олег Балашов болды.

Джейлен Бэрфорд

Он бес минуттық үзілістен кейін “Астана” бірден дода көрігін қыздыра алмай, алаң иелерінің нәтижелі екі шабуылынан көз жазып қалды. Біздің команда үшін ойынның екінші жартысындағы есепті Бэрфорд ашты. Ал бұл кезде үш минуттан артық уақыт өтіп кеткен болатын. Бұдан кейін ойын өрнегі теңесті, ал есеп айырмасы 20 ұпай шамасында сақталып тұрды. Бэрфорд, Бажин, Тихоненко және Балашов салған доптар бұл басымдықты бекіте түсті. Десек те, үшінші кезеңде біздің команда ұтылды. Әрі, небәрі екі ұпай айырмасымен ғана есе жіберді. Бірақ жалпы есепте айқын басымдықпен алда тұрды – 53:73. Жиырма ұпай айырмасын он минутта қысқартуға болады. Бірақ бұл мүлде оңай емес. Әрі осындай – ойында. Осылай, әрбір минут өткен сайын біздің қарсыласымыздың мүмкіндігі бұлыңғыр тарта берді. Кезең басында Вадим Щербак, Олег Балашов және Энтонио Кэмпбелл доп салды. “Каспий” ойыншылары да тізгін тартпауға тырысты. Матч тағдыры белгілі болса да, табан тірескен дода бәсеңсіген жоқ. Әр сәттте допқа аянбай таласудың соңы келеңсіз жағдайға ұласты. Олег Балашов алаңның атыраулықтар жақ бөлігінде, “Каспий” ойыншысы  Александр Каленовтан допты тартып алмақ болып жабысты. Бірақ бұл талас “партерде” жанкештілік танытуға ұласты. Ақыр соңында, Каленов пен оларға жанұшыра ұмтылған Вадим Щербак допқа қарай атылып, бір-бірімен соғылысып қалды. Әрі екеуі де орындарынан тұра алмай, алаңнан өз аяқтарымен кете алмады. Ойын тоқталып, екі баскетболшыға медициналық көмек көрсетілді. Бейне қайталауларда Вадимнің мойын тұсымен, ал Александрдың қабырғасымен соғылғаны байқалды. Бұл соқтығыс доп үшін жанталас пен жанкештіліктің салдарынан болды. Өкінішке қарай, екі ойыншы да жарақат алып қалды, әрі олар матч соңына дейін алаңға шыққан жоқ. Вадим мен Александрдың жарақаттары ауыр болмай, тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз. Осы жағдайға қарамастан, ойын одан әрі жалғасып, біздің ойыншылар алға қарай лап қойды. Ал “Каспийдің” ойын өрнегі үйлеспей қойды. Осы уақыт аралығында біден Энтонио Кэмпбелл, Николай Бажин және Марк Тихоненко доп салды. Соңғысының үш ұпайлық добынан кейін “Астана” 35 ұпай айырмасымен алға озды. Матч соңында “Каспий” ойыншылары күш-жігерлерін жинақтап, ұпай еншілей бастады. Алайда біздің жігіттер ойынды өздеріне сенімді түрде түйіндеді – екі рет Руслан Айтқали доп салып, Марк Тихоненко ойынның нүктесін қойды – 59:97.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Каспий» – ақтаулықтар сапында Александр Каленов ерекше көзге түсіп, 9 ұпай жинады, әрі 10 рет доп қағып алып, 5 пас берді. Ал ең көп ұпай жинаған Александр Оразбеков болды – 14 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып алды.
  • «Астана» – Энтонио Кэмпбеллдің Қазақстан чемпионатындағы алғашқы ойыны адам қызығарлықтай болды, оған мына сандар да дәлел бола алады – 18 ұпай, 13 рет доп қағып алды, 6 пас, 5 рет допты тартып алды, 1 блокшот. Джейлен Бэрфорд өз еншісіне 17 ұпай жазып, 6 рет доп қағып алды, 2 пас берді. Олег Балашов бүгін көзге түсіп, әсіресе бірінші кезеңнің соңында көсіле сілтеп, 17 ұпай олжалады, 6 рет доп қағып алып, 4 пас берді, 4 рет допты тартып алды. Марк Тихоненко 14 ұпай еншіледі, 5 рет доп қағып алып, 4 пас берді. Ал Дмитрий Гаврилов 11 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде көш бастап, өкшесін басқан бәсекелестерінің бәрінен қара үзіп кетті. Ал “Каспий” керісінше, көш соңында, өзінің алдындағы командаға да ілесе алмай, бәрінен қалып барады.

Келесі матч: “Каспиймен” өтетін өзара екінші матч ертең, яғни 1 қараша күні, ол да Ақтаудағы “Батыр” спорт кешені алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 20:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»