«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы ойынын түзде «Нижний Новгородпен» өткізеді

09.10.2021, 18:15    Оқылғаны: 207
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Петербордың «Зенитін» тізе бүктірген ерен жеңісінен кейін «Астана»  баскетбол клубы түздегі ойындарын одан әрі сабақтап, алдағы демалыс күні «Нижний Новгородта» қонақта болады. Матч жексенбі күні, яғни 10 қазанда Нижний Новгородта өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:30-да.

«Нижний Новгород» — Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан, 2000 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Ресей Суперлигасындағы «Б» дивизионының чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011, 2018, 2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/14
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/14
  • Чемпиондар лигасының «Сегіздік финалына» іліккен – 2021
  • Euroleague Top-16 додасында бақ сынаған – 2015


Баскетбольный клуб Нижний Новгород 2021/2022

Команда құрамы:

Былтырғы маусымдағы 7 ойыншысы биыл “Нижний Новгородтағы” карьераларын одан әрі жалғастырмады. Маусым аралығында ұжымнан шетелдік ойыншылардың бәрі кетіп қалды. Олар – америкалықтар Кейси Шеперд пен Люк Петрасек, сондай-ақ француз Александре Гаврилович. Ресей ойыншыларынан “НН” биылғы маусымға жас қорғаушы Михаил Беленицкийді тіркемеді. Тимофей Герасимов “Енисейге” ауысып, ал Артем Комолов пен Андрей Воронцевич Қазанның УНИКС командасына ойысты.

Былтырғы маусымнан Нижний Новгородта өздерінің баскетболдағы өмірлерін одан әрі тек ресейлік ойыншылар ғана жалғастырып отыр: Александр Ганькевия, Антон Астапкович, Илья Платонов, Александр Чадов, Иван Стребков, Сергей Торопов және Евгений Бабурин. Легионерлерден “Нижний” үш ойыншы ғана тіркеді. Олардың біреуі Лига көрігін көптен бері қыздырып жүрген – латыш Роландс Фрейманис. Ол былтырғы маусымды Польшаның “Зелена Гура” командасы сапында өткізген. Ал оған дейін ВЭФ, “Калев” және УНИКС сапында ойнаған. Тәжірибелі америкалық қорғаушы Лазерик Джонс өз елінде NBA жазғы лигаларында бағын сынап көріп, “Чикаго Буллс” және “Нью-Орлеан Пеликанс” клубтары құрамына ілігуге тырысқан. Бірақ NBA-ның негізгі додасына іліге алмай кеткен. Сонымен қатар, жарты маусым бойы NBA Жетілу лигасындағы “Айова Энерджи” сапында өнер көрсеткен. Кәсіби карьерасының негізгі бөлігін біздің құрлықта өткізген. Лазерик Израильдің “Маккаби Ришон ЛиЗон”, Грекияның “КАОД”, Венгрияның “Сольноки Олай” клубтары сапында ойнап шыққан. Соңғысымен Венгрия чемпионы болып, осы елдің кубогын да жеңіп алған. Сондай-ақ, ол “Монако” және немістің “Меди Байройт”, сонымен қатар түріктің “Пинар Каршияка”, “Сакаря” және “Галатасарай” командаларында да тәжірибесін толықтырған. «Нижний Новгород» сапында Лигаға бірінші рет қосылып отырған ойыншы – серб Никола Йованович. Орталық шептегі серб саңлағы өзінің кәсіби карьерасын NBA Жетілу лигасында бастап, “Грэнд Рапидс Драйв” және “Вестчестер Никс” құрамдарында ойнаған. Еуропада ол “Црвена Звезда” құрамында Сербия чемпионы болып, Италияның “Аквилла Баскет Тренто” командасы сапында ойнап үлгерген. Ал “Игокея” сапында Босния және Герцеговина кубогының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар, “Нижний Новгород” биылғы маусымда өз құрамын тәжірибелі екі ресейлік ойыншымен толықтырды. Олар – қорғаушы Михаил Кулагин (“Енисейден” ауысып келді) және шабуылшы Павел Антипов (УНИКСтен). Әрі маусымға тіркеген ойыншыларының арасында ресейлік екі жас қорғаушы бар – Максим Личутин және Антон Карданахишвили.

Бас бапкер: “Нижний Новгородтың” бас жаттықтырушысы 2017/2018 маусымынан бері өзгерген емес. Бұл қызметті тәжірибелі серб маманы Зоран Лукич атқарады. Оған сол бұрынғысынша ресейлік жаттықтырушылар Алексей Жуков пен Сергей Козин көмектеседі. Тек биылғы маусымның басында оларға ресейлік Сергей Сиднев қосылды.

Турнир кестесіндегі жағдай: “Нижний Новгород”та, “Астана” секілді, ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымында бір ойын ғана өткізді. Бірақ олар ЦСКА баскетболшыларынан 20 ұпай айырмасымен ұтылып қалып, қазір турнир кестесінің оныншы сатысында тұр. Ал біздің команда болса, көпшілікті таң қалдырып, түзде «Зенитті» тізе бүктіріп, үшінші орынға орналасқан. Новгородтықтар Еуропа чемпиондары лигасында сәтті бастай алмады. 6 қазан күні, өз алаңында, Испанияның “Уникаха” клубынан 17 ұпай айырмасымен ұтылып қалды. Сонымен қатар, “НН” командасының маусым алдындағы жолдастық кездесулеріне үңілер болсақ, қыркүйек айының басындағы “Зенитпен” өткізген ойынына мән бермеу мүмкін емес. Онда новгородтықтар Санкт-Петербургте 30 ұпайға жуық есеппен ұтылған.

Команда көшбасшылары: ЦСКА қырандарымен өткен ойында көшбасшы рөлін ресейлік Михаил Кулагин мен Александр Ганькевич өз қолдарына алған болатын. Роландс Фрейманис те көзге түскен. Испанияның “Уникаха” клубымен өткен матчта тағы бір ресейлік ойыншы, яғни Антон Астапкович көсіле сілтеді. Александр Ганькевич пен Иван Стребков, сондай-ақ Лазерик Джонс та сенім үдесінен шығуға тырысты.

Кездесулер тарихы: Екеуара кездесулердің нәтижелері бойынша “Нижней Новгородтың” біздің командадан мерейі әлдеқайда үстем болып келеді – “НН” 17 рет жеңіске жетіп, “Астана” тек екі рет жеңіске жетті.

Қызықты деректер:

  • “Нижний Новгород” дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасындағы легионері ең аз команда болып отыр – небәрі үш ойыншы. Бірақ атап өтуіміз керек, “НН” Ресей құрамасының негізін қалайтын клуб болып саналып жүр. Сондықтан оның құрамындағы ресейлік ойыншылар – өте қарымды. Осы ретте, былтырғы маусымда да новгородтықтар сапында үш легионер ғана ойнағандығын, ал біздің командамен өткен бір ойында тіпті бір легионерімен додаға түскендігін, әрі осы екі ойында да “Астананың” жеңіліске ұшырағандығын ұмытпауымыз керек.
  • Биылғы маусымды “Астана” өте сәтті бастаса да, ал “НН” керісінше, ВТБ Бірыңғай лигасында да, Еуропа чемпиондары лигасында да жеңіске жете алмаса да, букмекерлер Нижний Новгородта Қазақстан командасының жеңіске жететіндігіне мүлдем сенбейді.


Матч жексенбі күні, яғни 10 қазанда Нижний Новгородтағы «Нагорный» мәдени ойын-сауық клубы алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»