«Астана» жартылай финалдағы екінші матчта да «Каспийді» қиналмай ұтты

28.04.2021, 21:10    Оқылғаны: 303
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Ұлттық лиганың финалына дейін бір жеңіс қана қалды! «Астана» баскетбол клубы бүгін, яғни екінші жартылай финалдық матчта да Ақтаудан келген қонақтарына ешқандай мүмкіндік бермеді.

Кешегі ойындағыдай, бүгінде есепті біздің жігіттер ашты. Өз командасының қоржынына алғашқы ұпайларды салған Максим Марчук болды. Алайда “Каспий” бүгінгі ойынның басында нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, бірден жауап қатты. Әрі алыстан лақтырған соққысымен алға да шығып кетті. Біздің жігіттер бірден әрекет етіп, таразы басын өздеріне аударды. Бірақ “Каспий” өкшені басып, қалмай қойды. Осы уақыт аралығында біздің команда сапынан Джеремайя Хилл мен Роберт Пан доп салды. ал Руслан Айтқали екі рет үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Кезеңнің ортасында «Астана» бес ұпай айырмасымен алда тұрды. Кезең соңына дейін біздің команда нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп, қорғаныста да сауатты ойын өрнегін паш етіп, “Каспий” ілесе алмай, қала бастады. Есеп айырмасы лезде екі таңбалы санға жетті. Сөйтіп, “Астана” ойынның алғашқы 10 минутында 14 ұпай басымдықпен құйрық үзді – 31:17. Екінші кезеңдегі бірінші шабуылды “Каспий” ұйымдастырды. Әрі олар бірінші минутта есеп айырмасын 4 ұпайға қысқартты. Осыдан кейін алыстан атқылау басталып, онда біздің команда сапынан Пономарев мен Щербак көзге түсті. Бірақ 10 ұпай есеп айырмасы сақталып қалды. Бұдан әрі біздің жігіттер есеп айырмасын қайтадан 14 ұпайға жеткізді. Ал кезең соңында Дмитрий Гаврилов осы ойындағы өзінің алғашқы добын салды. Сөйтіп, командалар арасы 18 ұпайға дейін ұлғайды. Әрі Эмиль Райковичтің шәкірттері үлкен үзіліске тура осы басымдықпен шықты – 51:33.

Роберт Пан

Үшінші кезеңде де бірінші болып қонақтар доп салды – Роман Марчук үш ұпайлық добын шығыршыққа дөп түсірді. Бірақ ізін суытпай біздің команда да жауап қатты. Нақтырақ айтқанда, Романның інісі Максим Марчук қатарынан 6 ұпай еншіледі. “Астананың” бұл серпілісін Джеремайя Хилл мен Аскар Майдекин жалғастырды. Соңғысы үш минутқа де жетпейтін уақыт ішінде 8 ұпай еншіледі. Кезеңнің аяқталуына 4 минут қалғанда біздің ұжымның басымдығы 30 ұпайдан асып кетті. Бірақ қонақтар бес минуттық голсыз іркілістерін үзді. Үшінші кезеңнің аяғына дейін Ақтау ұжымы кезеңнің басындағыдай емес, батылырақ қимылдап, есеп айырмасын аздап қысқартты. Әйтсе де, үш кезеңнен кейін “Каспий” 27 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 72:45. Есеп айырмасы тым алшақ еді. Бәлкім, осыдан болар, біздің команда сәл босаңсып, бес минут ойын уақытында Гаврилов 4 ұпай олжалап, Рустам Мырзағалиев 2 ұпай еншіледі. Алайда, “Каспий” де осы уақыт аралығында 6 ұпай ғана еншіледі. Осылай, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда есеп айырмасы тура төртінші кезеңнің басындағыдай болып тұрды – 27 ұпай. Ал соңғы бес минутта біздің жігіттер бұл ойынды тағы бір ірі жеңіске айналдырды. Доп салғандар Вадим Щербак, Антон Пономарев, Николай Бажин және Джеремая Хилл болды. Әрі олар есеп айырмасын тағы 3 ұпайға ұлғайтты. Сөйтіп, “Астана” матч қорытындысында «Каспийден» 30 ұпай айырмасымен басым түсті – 88:58.

Салдары: «Астананың» финалға шығуына бір қадам ғана қалды.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» –  бұл ойындағы ең тиімді ойыншы Джеремайя Хилл болды, ол 10 ұпай жинап, 7 рет доп қағып алды, 9 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті және 1 блокшот. Антон Пономарев 13 ұпай еншілеп, 8 рет доп қағып алды. Максим Марчук 14 ұпай олжалап, 4 рет доп қағып алды. Ал Руслан Айтқали 11 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды.
  • «Каспий» – Денис Дегтярев “Каспий” сапындағы екі таңбалы санға тең ұпай еншілеген жалғыз ойыншы – 14, әрі 6 рет доп қағып алды. Ал Денис Орленко 6 ұпай жинап, 8 рет доп қағып алды және 3 пас берді.

Келесі матч: Бір күн дем алып, жұмв күні 30 сәуірде біздің жігіттер ел кубогының жартылай финалында «Каспиймен» үшінші, мүмкін соңғы кездесуін өткізеді. Бұл матч та астана уақытымен 19:30-да басталады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»