«Астана» баскетбол клубының барлық жанкүйерлерін көптен күткен жеңісімізбен құттықтаймыз! Бүгін біздің жігіттер жан-тәндерін салып ойнап, өз алаңымызда «Зелена Гурамен» өткен өте тартысты матчта жеңіске жетті. Бұл ойында да біздің команданың бас бапкері Эмиль Райкович және жаттықтырушылары Марко Величкович пен Евгений Исаков болған жоқ. Олар әлі карантинде, бірақ сауығып келеді. Өткен жолғыдай, бүгін де бас бапкердің міндетін Сашо Тадоровски атқарып, оған тағы да біздің академияның жаттықтырушысы Деян Парежанин көмектесті. Сондай-ақ ойын хаттамасына ойыншыларымыздан Майкл Томпсон пен Адонис Томас ілікпеді, ал осының алдындағы матчта жарақат алып қалған Эрик Бакнер, бүгінгі доданы трибунадан тамашалады.
Ойын басында, ортада лақтырылған допты Асқар Майдекин іліп әкетіп, біздің команда бірінші шабуылында-ақ есеп ашты. Джеремайя Хилл айып соққыларын орындау мүмкіндігіне ие болып, оларды мүлтіксіз орындап шықты. Алайда қонақтар да қарап қалмады, көп сөзбай таразы басын теңестірді. Хилл тағы да айып сызығынан мергендік танытып, “Астананы” қайтадан алға шығарды. Бұдан кейін “Зелена Гура” бірінші болып, алыстан шығыршықты дәл көздеп, алға шықты. Аскар Майдекин мен Николай Бажин еншілеген ұпайлардан соң есеп қайта теңесті. Бірінші кезеңнің ортасында поляктар көсіле шауып, «+6» айырмасымен алға озды. Аскар Майдекин екі шабуылды нәтижелі аяқтап, есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты. Кезеңнің соңына дейін “Астана” қонақтарын қуып жетуге тырысты: Оярс Силиньш біздің командадан бірінші болып, үш ұпайлық соққысын дәл түсірді, сондай-ақ Руслан Айтқали осы ойындағы алғашқы ұпайларына ие болды. Бірақ бұл кезеңде біздің жігіттер қонақтарын бәрібір қуып жете алмады – 20:23. Екінші онминуттықтың басында Хилл мен Айтқали әдемі аллей-уп орындады, ал Силиньш доға сытынан допты дәл түсірді. Бірақ “Астана” әлі ұтылып жатты. Содан соң Бажин есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартып, Майдекин таразы басын теңестіріп, ал Хилл осы матчта алыс қашықтықтан алғашқы ұпайларын олжалап, біздің команданы қайтадан алға шығарды. Дегенмен, қонақтар таразы басын тағы да өздеріне қарай аударып алды. Бірақ Оярс Силиньш есепті қайта теңестірді. Матчтың бірінші жартысының соңғы үш минутында командалар үш шабуылды сәтті аяқтады, оның екеуін біздің жігіттер жүзеге асырды. Доп салғандар Рустам Мырзағалиев пен Руслан Айтқали болды. Осының арқасында “Астана” үлкен үзіліске сәл ғана басымдықпен шықты – 39:37.
Шығыршық ауыстырған соң Джеремайя тағы бір үш ұпайлық соққысын дәл түсірді, іле-шала аллей-уп орындаған Максим Марчукке пас берді. Қонақтар біздің команданы қуып жетуге тырысты, бірақ Николай Бажин мен Максим Марчук салғкан доптардың арқасында олар “Астананы” қуып жете алмады. Үшінші кезеңнің ортасында Қазақстан командасының басымдығын ұлғайтуға Хилл мен Силиньш өз үлестерін қосты. Десек те, “Зелена Гура” сары-көкшіл жейделілердің қара үзіп кетулеріне мүмкіндік бермеді. Тіпті қайсыбір сәтте олар ойын тізгінін өз қолдарына алып, есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шығып кетті. Біздің жігіттер бұған дер кезінде әрекет етіп, қарсы шаралар қолданды – Максим Марчук есепті теңестіріп, іле-шала Хилл “Астананы” алға шығарды. Алайда үшінші кезеңдегі соңғы нәтижелі шабуылды қонақтар жүзеге асырып, есепті теңестіріп кетті – 61:61. Соңғы кезеңді біздің капитанымыз, яғни Рустам Мырзағалиев екпінді бастап, үш ұпайлық добын шығыршыққа дөп түсірді. Ал Дмитрий Гаврилов өзінің алғашқы ұпайларын айып сызығынан еншіледі. Сөйтіп, біздің команда бес ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ қонақтар да тізгін тартпады, оларды үш ұпайлық екі шабуылдары бұл сөздерімізге дәлел бола алады. “Зелена Гура” тіпті алға да шықты. Кезеңнің бел ортасында дода көрігі қыза түсіп, командалар екі реттен алға шықты. Ал есеп бірнеше рет тең болды. Бұл додада біздің команда сапынан Джеремайя Хилл, Николай Бажин және Оярс Силиньш үшеуі қоржынымызға ұпайлар қосты. Осыдан кейін ойынның шешуші сәті жүзеге асты. Әуелі Хилл үш ұпайлық соққысын сәтті аяқтады, одан кейін “Зелена Гура” командасы көшбасшыларының бірі және “Астананың” бұрынғы ойыншысы Джеффри Гроселл бесінші рет ескерту алып, матчтың соңғы үш жарым минутын қосалқы құрам орындығынан тамашалады. Осы ойын сәтінен кейін Майдекин мен Марчук доп салып, есеп айырмасын алты ұпайға дейін ұлғайтты. Матчтың аяқталуына үш минут қалған. Қонақтардың жаттықтырушылары тайм-аут алып, бұл оларға өте тиімді болып шықты. Польшадан келген меймандар бір минуттың ішінде есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты, әрі дода көрігін мейілінше қыздыра түсті. Максим Марчук өте маңызды ұмтылыс жасап, оны нәтижелі аяқтады. Әрі қарай командалар бірнеше рет қателесті. Ал матчтың аяқталуына бір минуттан да аз уақыт қалғанда, есеп айырмасы екі ұпайды ғана құрады. Гроселлсіз қонақтардың шабуылдағы ойын өрнектері үйлеспей қойды. Сондықтан оларға тактикалық тұрғыда ойын ережесін бұзуға тура келді. Бұл тұрғыда олардың “таңдауы” Джеремайя Хиллға түсті. Себебі ол бұған дейін 10 айып соқысының 6-ын сәтті орындаған болатын. Бірақ Хилл оларға енді ешқандай сый жасаған жоқ. Матч соңында 4 айып соққысын да мүлтіксіз орындап, ойынның қорытынды есебін түйіндеді – 88:82.
Салдары: Бұл ойында “Зелена Гура” үшін жеңіс өте маңызды еді. Ал бүгінгі матчта “Астананың” тілеуін тек біздің жанкүйерлер ғана емес, Мәскеу түбіндегі “Химки” жанкүйерлері де тілеп отырды. Себебі, біздің команданың жеңісінің арқасында “Химки” турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін “химкиліктерге” енді, жексенбі күні, өз алаңында “Автодорды” ұту керек. Сонда олар Польша ұжымын алтыншы орыннан ысыстырады. Ал поляктарға енді осы ойынның нәтижесін сарыла күтуге тура келеді, өйткені олар өз ойындарының бәрін өткізіп болған. “Астана” бүгін “Химкиге” көмектесіп қана қоймай, өзі де бір саты жоғары өрлеу мүмкіндігін сақтап қалды. Өйткені біздің жігіттер ұпай саны бойынша “Енисеймен” теңесті, тек өзара кездесулер нәтижелері бойынша ғана жол беріп тұр. Ал енді, 11-орынға көтерілу үшін біздің командаға “Цмоки-Минск” жігіттерін ұту керек. Әрі “Енисей” өз алаңында “Калевтен” ұтылуы керек.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы Сашо Тодоровски:
– Көптен күткен жеңісімізге де қол жеткіздік – біз бүгін жеңіске лайықты ойын үлгісін көрсетік. Команданы құттықтаймын. Ойыншылардың бәрі де аянбай тер төгіп, барлық күш-жігерлерін алаңда сарқ етті. Әрі жас ойыншыларымыздың алаңда көп уақыт ойнағандарын да атап өткім келеді. Келесі ойында біздің жаттықтырушылар құрамы толық құрамда боады деп үміттенемін.
«Зелена Гураның» бас бапкері Жан Табак:
– «Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Олар ойынның басынан бастап, жан-тәндерін салып ойнады, әрі бәрінен біздің алдымызды орап кетіп отырды. Шынымды айтсам, ВТБ лигасының соңғы ойындарын неге осылай ойнап жүргенімізді түсіндіре алмаймын. Бүгін біз алаңға қажетті күш-жігермен шықпадық.
Келесі матч: Астана командасы ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасындағы соңғы ойынын жексенбі күні, 25 сәуірде, өз алаңында Беларусь елінің «Цмоки Минск» командасымен өткізеді. Бұл ойын «Астана» үшін осы Лиганың биылғы маусымындағы соңғы матч болады.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |