«Астана» өз алаңында УНИКС ұландарынан ұтылып қалды

17.04.2021, 21:20    Оқылғаны: 459
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Елорда «Астанасының» өз алаңында Қазанның УНИКС командасымен өткізген матчтына команданың белді мүшелерінің біразы қатыса алмады. Олардың арасында жаттықтырушылары да, ойыншылары да бар. Бәрі де денсаулықтарына байланысты бүгінгі ойыннан тыс қалды. Осындай қиын-қыстау жағдайға қарамастан, біздің команда ВТБ Бірыңғай лигасындағы көшбасшының бірімен тайталасып, намысты қолдан бермеуге тырысты.

Ойын басында, ортада лақтырылған допты Қазаннан келген қонақтар іліп әкетіп, олар бірінші шабуылдарында-ақ үш ұпайлық соққымен есеп ашты. «Астана» да қарап қалмады, бұл ағаттығымызды Эрик Бакнер түзеп, әуелі шығыршықты орта қашықтықтан дәл көздеп, іле-шала біздің команданы алға да шығарды. Бұдан кейін екі команда алма-кезек алға шығып, доп додасы қыза түсті. Біздің команда сапынан нәтижелі әрекеттерімен Джеремайя Хилл, Эрик Бакнер, Руслан Айтқали және Антон Пономарев көзге түсті. Бірінші кезеңнің аяқталуына 4 минут қалғанда Хилл екі ұпайлық соққысын дөп түсіріп, біздің команданы алға шығарды. Осыдан кейін екі команда сапында да іркіліс болып, ұпай алу мүмкін болмады. Кезеңнің аяқталуына отыз секундтан артық уақыт қалғанда Джеремайя ғана бұл іркілісті үзіп, осы онминуттықтағы соңғы ұпайларды еншіледі – 19:15. Екінші кезеңнің басында Николай Бажин қонақтардан допты тартып алып, Оярс Силиньш доға сыртынан осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. УНИКС таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ астана командасы оларға ерік бере қоймады. Ойын тізгінінен айырылып қалмауға Максим Марчук нәтижелі әрекетерімен көп үлес қосты. Алайда бұл да жеткіліксіз болып шықты, екінші кезеңнің бел ортасына қарай қонақтар суырылып алға шықты. Енді біздің команда қарсыласын қуып жетуге тырысты. Өкінішке қарай, Бакнер, Хилл және Пономарев салған доптар да таразы басын өзімізге қарай аударуға жетпеді. Матчтың бірінші жартысын қонақтар нәтижелі екі шабуылмен тәмамдап, командалар үзіліске шыққандағы есеп көңілге қонымды болмады – 36:43.

Руслан Айткали

Матчтың екінші жартысында алғашқы ұпайларды қазандықтар еншіледі. Бірақ оларға жауап ретінде Антон Пономарев үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дәл түсірді. Ол бүгін алаңға команда капитаны ретінде шыққан болатын. Бұдан кейін қонақтар көсіле сілтеді, тіпті Оярс Силиньштің үш ұпайлық дәл соққысы да оларды тежей алмады. Ал есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Николай Бажин жағдайды түзеуге өз үлесін қосып, шығыршық түбінен екі рет доп салып, есеп айырмасын алты ұпайға дейін қысқартты. Алайда қонақтар тез арада екі таңбалы есеп айырмасына қайта қол жеткізді. Келесі минуттарда Джеремайя Хилл мен Максим Марчук ерекше көзге түсті. Әуелі екеуі әдемі аллей-уп орындап, Максим Марчук өзіне берген Хиллдің пасын сәтті аяқтады. Бұл осы ойынның ең әдемі һәм әсерлі сәті болып шықты. Тіпті Лиганың осы аптадағы үздік ойын сәттері топтамасына іліксе де, таң қалмаймыз. Іле-шала Максим орта қашықтықтан да доп салды, ал Джеремайя үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді.  Сөйтіп, «–12» есеп айырмасы «–5» ұпайға дейін қысқарды. Ал қазандық жаттықтырушылар дереу тайм-аут алды. Кезең соңына дейін Хилл мен Марчук тағы бір аллей-уп ұйымдастырды. Бұл сондай тамаша болып шықпағанымен, ең бастысы, өте тиімді болды. Осылай, “Астана” соңғы кезең алдында еңсе тіктей түскендей болды – 55:63. Төртінші кезеңнің басы «Астана» үшін аса сәтті болмады. Ал Қазан командасының басымдығы қайтадан 10 ұпайдан асып түсті. Әйтсе де, біздің жігіттер тайталасып бақты.  Команда қоржынына Хилл мен Майдекин ұпай қосты, ал есеп айырмасы қайтадан 8 ұпайға дейін қысқарды. Бірақ шешуші сәтте біздің команда қонақтардың серпілісіне төтеп бере алмай, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда 15 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Соңғы кезеңнің бел ортасынан кейін Оярс Силиньш пен Джеремайя Хилл қпай қорымызды белсенді түрде молайтып отырды. Алайда бұл есеп айырмасына көп өзгеріс енгізе алмады. Сөйтіп, бұл матч «Астана» үшін көңіл көншірліктей есеппен аяқталмады – 74:87.

Салдары: УНИКС Лиганың негізгі додасындағы турнир кестесінде екінші орынға мейілінше жайғасты, ал “Астана” 12-орында қалды.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Джеремайя Хиллдің бүгін аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізерліктей уақыты болды, өйткені ол ешкіммен ауыспай, 40 минутты бастан-аяқ ойнап шықты, әрі осы матчтағы ең нәтижелі ойыншы болды да – 21 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 6 пас және 2 рет допты тартып әкетті. Максим Марчук екі рет Хиллдің пастарынан кейін аллей-уп орындап, 11 ұпай жинады және 2 рет допты тартып әкетті. Антон Пономарев бүгін команда капитаны мәртебесінде өнер көрсетіп, 10 ұпай еншіледі және 4 рет доп қағып алды. Ал Эрик Бакнер бүгін алаңда он минуттан да аз ойнады, әйтсе де 8 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Оярс Силиньш те 8 ұпай жинады, әрі 7 рет доп қағып алып, 2 пас берді және 2 рет допты тартып әкетті. Ал Руслан Айтқали 9 ұпай олжалады.
  • УНИКС – қонақтар сапында үздік шыққандар: Окару Уайт (12 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 2 пас) және Павел Сергеев (14 ұпай, 3 пас, 2 рет допты тартып әкетті).
 


«Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы — Сашо Тодоровски:
– Өте азулы және қарымды командамен өткен ойында мүмкіндігіміз болды. Ал мен келесі ойынға дейін жаттықтырушылар құрамы толықтай қатарға қосылады деп үміттенемін. УНИКС командасын бүгінгі жеңісімен және Еурокубоктағы табысты өнерімен құттықтаймын.

УНИКСтің бас бапкері — Димитрис Прифтис:
– Бұл өте маңызды ойын болды, әсіресе Еурокубоктағы табысты ойын өрнегімізден кейін. Себебі, бізге өз эмоцияларымызды басып,сабамызға түсіп, бүгінгі ойынға құрметпен қарау керек еді. Оның үстіне «Астана» қиындыққа тап болып, бүгін жаттықтырушылар құрамы мен бірнеше ойыншысы болған жоқ. Жалпы, біз бүгін жаман ойнаған жоқпыз, бірінші кезеңді есепке алмағанда. Бірақ бірте-бірте ойын өрнегімізді түзеп, әсіресе шабуылда ширақ қимылдап, жеңіске жеттік. Бізге енді ВТБ лигасында үш ойын өткізу керек, әрі олардың бәрінде жеңіске жетуге тырысамыз.
 


Келесі матч: Енді астана командасына бұған дейін екі рет кейінге шегерілген, Польшаның «Зелена Гура» командасымен өз алаңындағы ойынын өткізу керек болады. Бүл матч енді 22 сәуірге жоспарланып отыр.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»