«Астана» баскетбол клубының ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, түзде Мәскеудің ЦСКА командасымен өткен ойыны алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.
Ортада жоғары лақтырылған допты алаң иелері іліп әкетіп, бірден жылдам шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Осылай, шу дегеннен алға шықты. “Астананың” алғашқы ұпайларын Руслан Айтқали еншілеп, үш ұпайлық соққысын шығыршықа дөп түсірді. Бұдан кейін тек ЦСКА алға ентелеумен болды. Әскерилер ұжымы екі жарым минуттан сәл ғана асатын уақыт ішінде 10 ұпай олжалады. Сөйтіп 7 ұпай айырмасымен алға озды. Айтқали тағы да доға сыртынан мергендік танытты, бірақ алаң иелері тізгін тартпай, көсіле сілтеді. Дегенмен, біздің команда да бірте-бірте қарқынын үдетіп, алаң иелерімен терезесі тең ойын өрнегін көрсете бастады. Әрі әскерилер басымдығы ұлғаймай, 5-8 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Осы уақыт аралығында біздің команда сапынан ұпай еншілегендер Джеремайя Хилл, Антон Пономарев және Эрик Бакнер болды. Майкл Томпсон осы ойындағы алғашқы добын доға сыртынан салып, есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты. Ал Хиллдің бұл ойында бірінші рет айып сызығынан есепті теңестіретін тамаша мүмкіндігі болған. Бірақ ол екі соққысының бірінде мүлт кетті. Сөйтіп командалар арасын бір ұпай ғана бөліп тұрды. ЦСКА өз шабуылын нәтижелі аяқтап, енді “Астананың” жауапты әрекетін жүзеге асыруға жетерліктей уақыты қалған. Бірақ біздің жігіттер үш ұпайлық соққыны нысанаға дөп түсіре алмады. Әйтсе де, Хилл жанкештілік танытып, допы алаң иелерінен тартып алып, шығыршық түбіндегі Асқар Майдекинге пас бере қойды. Соңғысы бірінші кезеңнің нақты есебін түйіндеді – 23:22. Екінші кезеңнің басында алаң иелері айылдарын жимай, алға ентелеп, “Астана” оларды қуып жете алмай қойды. “Астана” сапынан екі рет Николай Бажин команда қоржынына ұпайлар қосты. Өкінішке қарай, біздің команданың кезең басындағы ұпайлары осымен шектелді. Ал ЦСКА болса, есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді. Оярс Силиньш пен Эрик Бакнер оны алты ұпайға дейін қысқартқан, бірақ бұдан кейін біздің команда алаң иелерінің жауапсыз 12 ұпай еншілеулеріне жол беріп қойды. Содан екінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда, есеп айырмасы 18 ұпайға жеткенде ғана Майкл Томпсон голсыз өткен іркілісті үзді. Бірақ үлкен үзіліске дейін алаң иелері есеп айырмасын 20 ұпайға дейін жеткізді. Бұдан кейін Роберт Пан үш ұпайлық соққысын дәл түсіріп, командалар үзіліске шыққанда “Астана” 19 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 58:39.
Екінші кезең біздің жігіттер үшін өте сәтсіз өтті. Ал алда әлі 20 минут бар. Матчтың екінші жартысының басында бірінші болып Джеремайя Хилл доп салды, іле-шала оны Эрик Бакнер қолдады. Алайда ЦСКА біздің команданың бұл ұмтылысын аяқсыз қалдырмады, жауаптары дайын болды. Әрі олардың басымдығы жиырма ұпайдан асып, лезде 25 ұпайға да жетті. Майкл Томпсон тағы да “Астананың” голсыз өткен іркілісін бұзды. Николай Бажин екі рет шығыршық түбінен мүлт кеткен жоқ. Ал Томпсонның үш ұпайлық добынан соң есеп айырмасы қайтадан жиырма ұпайдан аз болды. Бұл кезеңнің нүктесін нәтижелі шабуылымен Джеремайя Хилл қойды. Негізі, үшінші кезең тең аяқталды, бірақ мәскеуліктердің 19 ұпай басымдығы таблода сақталып тұрды. Оярс Силиньш төртінші кезеңнің басында белсенділік танытып, бастапқы бес минутта 7 ұпай еншіледі. Сондай-ақ Майкл Томпсон да үш ұпайлық соққысын сәтті аяқтап, көзге түсті. Бірақ бұлар да есеп айырмасына көп өзгеріс енгізе алмады. Тіпті матчтың аяқталуына бес минут қалғанда алаң иелері есеп айырмасын 20 ұпайдан асырды. Руслан Айтқали үш ұпайлық соққысын мүлтіксіз орындап, Джеремайя Хилл мен Эрик Бакнер матч хайлайтсшылары үшін аллей-уп ұйымдастырды. Бірақ мұның бәрі алаң иелерін қуып жету үшін мүлде жеткіліксіз еді. Оның үстіне, ЦСКА тағы да құйындай орап соғып, таблодағы есеп айырмасын 30 ұпайға жетеқабыл шамаға жеткізді. Соңғы бір жарым минутта “Астана” ширақтық танытып, Майкл Томпсон, Джеремайя Хилл және Николай Бажин алаң иелері шығыршығына доп салды. Соның арқасында есеп айырмасы сәлде болса қысқарды. ЦСКА біраз уақыт жүздікке бір табан жетпей тұрды. Әйтсе де, матчтың ең соңындаөз ұпайларын үш таңбалы санға жеткізді. Ал қорытынды есеп – 100:77.
Салдары: ЦСКА турнир кестесінде үшінші орынды бір өзі меншіктеп, ал “Астана” 12-орында қалды.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Келесі матч: Бір аптаға да жетпейтін уақыттан кейін, яғни сенбі күні, 17 сәуірде біздің жігіттер өз алаңымызда ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізіп, Қазанның УНИКС командасын қабылдайды.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |