«УНИКС» ұжымынан үйде ұтылдық

05.10.2016, 22:15    Оқылғаны: 696
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» үйдегі екінші ойынында Қазанның «УНИКС» клубынан ұтылып қалды – 68:84 (16:26, 19:19, 14:22, 19:17).

Маусымды жеңіспен бастаған «Астана» Қазанның «УНИКС» клубымен өткен матчқа да сенімді ақтауға бекініп шықты, бірақ өте сақ ойнады. Қонақтар да алғашқы ойындарын сәтті өткізіп, Нижний Новгород қаласы баскетболшыларынан 104:81 есебімен басым түскен болатын.

Ойынға қосылған допты алаң иелері іліп әкетіп, Родерик Одом команда қоржынына екі ұпай салды. Қонақтар шабуылмен жауап берді. Командалардың ойынды аса сақтықпен бастап, бір-бірінің аңдысын аңдуға көшкендері байқалып тұрды. Бірінші онминуттықта Қазан клубы қыспаққа алып, қонақтар алға да шықты. Есеп – 16:26. Екінші кезеңде де «УНИКС» ойыншылары ширақ қимылдап, 10 ұпай айырмасымен алға озды. Шежіресі мол команда осы басымдықты дейін уысынан шығармай, командалар үлкен үзіліске шыққанда, есеп 35:45 болды. Үшінші кезеңде де былтыр ВТБ Бірыңғай лигасыныңфиналына шыққан азулы ұжым көсіле сілтеді. «Астана» қанша тырысса да, қарсыласын қуып жете алмай қойды. Соңғы онминуттықта да алаң иелері ойынға көп өзгеріс енгізе алмады. Матч 68:84 есебімен «УНИКС» БК жеңісімен аяқталды.

Айрықша атап өтерлігі, бүгінгі ойынға Параолимпиада ойындарының алғашқы чемпионы, Риода бағы жанған Зульфия Габидуллина келді. «Астана» баскетбол клубы чемпионды қолдау көрсетіп, бүгінгі ойынға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіреді. 

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Род Одом (21 ұпай + 5 доп қақшыды), Роберт Лоури (12 ұпай)

«УНИКС»: Кит Лэнгфорд (20 ұпай), Хоаким Колом (15 ұпай + 6 пас), Артем Параховский (13 ұпай + 6 доп қақшыды), Коти Кларк (13 ұпай +13 доп қақшыды)
 
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Біз бүгін қиын болатындығын білдік. Лигадағы мақсаттары екі түрлі командалар кездесті. Әйтсе де, біз намысты қолдан бермеуге бекініп, дайындалып шықтық. Әрине, біздің шабуылда әлі де ағаттықтарымыз бар. Енді ЦСКА клубымен өтетін маңызды ойынға дейін тынығып үлгеруіміз керек.
 
«УНИКС» БК бас бапкері Евгений Пашутин:
- Өз командамды бүгінгі жеңісімен құттықтаймын. Биыл «Астана» ширақ, төзімділігімен және қайсарлығымен көзге түсті. Қорғаныста әр түрлі айла-тәсілдер қолданады, қарсыласын тұсаулап ұстауға тырысады. Бастапқы екі кезеңде бой үйретіп алуға тырыстық, ал үшінші кезеңде жеңіс кілтін таптық. Қорғаныста да жақсы ойнап, допты назарымыздан тыс қалдырған жоқпыз. Әйтсе де, біз әлі спорттық бабымызға келе қойған жоқпыз, әлі шүмектетіп тер төгу керек.

«Астана» келесі ойынын да өз алаңында өткізеді. Алдағы сенбі күні, яғни 8 қазанда елорда клубы Мәскеудің айбынды ЦСКА командасын қабылдайды.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»