«Астанаға» қарымта ойын өткізуге ресейлік «Парма» келеді

28.03.2021, 20:00    Оқылғаны: 397
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының командасы өз алаңында, «Пармамен» өтетін матчта, ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф жолдамасы үшін барын салады. Эмиль Райковичтің шәкірттері оралдықтармен додаға түскенде жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін жұмсауға тырысады. Матч дүйсенбі күні, 29 наурызда болады. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!
 — Коронавирус нәубеті салдарынан, Астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты, матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.

«ПАРМА» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Пермь қаласынан, 2012 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, FIBA Europe Cup додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2015/2016, 2018/2019
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2016/2017
  • Ресей суперлигасының қола жүлдегері – 2015/2016


Парма баскетбол клубы 2020/2021

Биылғы маусымда “Парма” мен “Астана” арасындағы бірінші екеуара кездесу желтоқсан айында, Пермде өткен. Онда Қазақстан командасы жеңісті пермдіктердің қолдарынан жұлып алып, 83:84 есебімен басым түскен. Сол ойыннан кейін Пермь командасы 10 ойын өткізді. Пермдіктер күнтізбедегі жылды екі жеңіліспен тәмамдап, өз алаңдарында Польшаның “Зелена Гура” командасына есе жіберіп алып, түзде “Химкиден” ойсырай ұтылды. Жаңа жылды өз алаңында УНИКСпен бастап, тартысты додада бағы жанбады. Бірақ бұдан соң түзде “Енисейді” тас-талқан қылды. Содан соң өз алаңында “Химкиді” ұтып кете жаздады. Бұдан кейін екі рет “Калевті” тізерлетті – екі ойын да Пермде өтті. Ізінше түзде екі рет қолда тұрған жеңістен айырылып, “Зелена Гура” мен “Зенитке” есе жіберіп қойды. Сондай-ақ “Локомотив-Кубань” клубынан да түзде ұтылып қалды.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Парма” 7 рет жеңіске жетіп және 11 рет жеңілістің кермек дәмін татып, плей-офф аймағына бір қадам жетпей, тоғызыншы орынға орналасқан. “Астана” да 18 ойын өткізді, бірақ алдағы қарсыласынан екі жеңісі кем болғандықтан, турнир кестесінде екі саты төмен тұр. Екі команда үшін де бұл ойында жеңіске жету – шектен тыс маңызды. Плей-оффқа шығудан күдерін әлі үзе қоймаған біздің команда үшін шегінерге мүлдем жол жоқ. Пермдіктерді ұтса, “Астана” 10-орынға көтеріледі, әрі алдағы қарсыласына мейілінше жақындай түседі. Ал егер ұтылып қалса, 11-орында қалады. “Парма” да ұтылып қалса, өз орнында қалады. Ал егер жеңіске жетсе, онда 8-орынға көтеріліп, плей-офф аймағына енеді.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Америкалық қорғаушы Роберт Джонсон “Парма” құрамынан ақпан айында кетіп қалған. Есесіне, команда құрамын екі жаңа ойыншы толықтырды. Ресейлік жас шабуылшы Кирилл Будин “Калевпен” өткен екі матчтың бірінде алаңға шығып, екі минуттан да аз уақыт ойнаса, поляк Марцель Понитка нағыз команда құрамын күшейткен ойыншы болды. Бұл қорғаушы “Зелена Гура” сапында ойнап, танымал болған, биылғы маусымды да сонда бастаған. Айтпақшы, дәл осы ойыншы желтоқсан айында Польшада өткен матчта біздің командаға көп қауіп төндірген.

Команда көшбасшылары:

Қазір команданың негізгі көшбасшысы литвалық Адас Юшкявичус болып саналады. Сондай-ақ, Балтық жағалауы елдерінің екі ойыншысы да сенім артар үздіктері – Эйгирдас Жукаускас және Марекс Мейерис тиімділігі жағынан өз командасында көш бастап тұр. Сонымен қатар, команданың негізгі құрамына Борис Савович, Владимир Ивлев, Лоренцо Уилльямс және Николай Жмако кіреді. Марцель Понитка пермдіктер сапына тастай батып, судай сіңіп, тәп-тәуір статистикалық көрсеткіштерімен көзге түсіп жүр. Әрі алаңға жиі шығып отыратын Константин Булановты, Максим Григорьевті және Глеб Шейконы да ұмытпау керек.
 


Матч дүйсенбі күні, 29 наурызда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»